• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 11 Маусым, 2021

Карантиндік шектеулерге көнбейтіндер әлі де көп

130 рет
көрсетілді

Алматының мониторинг топтары қолданыстағы шектеу шараларының сақталуын бақылау үшін күн сайын кәсіпкерлік нысандарға бақылау жүргізеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

10 маусымнан 11 маусымға қараған түні қалада 8 заң бұзушылық анықталды. Мониторингтік топтардың айтуынша, келушілердің көптігіне байланысты нысандардың заңсыз қызметі әлі де тіркелуде. Ashyq жобасына кірмейтін мекемелер де бар.

Мысалы, Бостандық ауданындағы 1Gog рестобарында карантин талаптары бұзылған. Мониторинг тобындағылардың айтуынша, бұл мекеме заңға қайшы әрекеттерімен тексерушілердің назарына бірншеше рет түскен болатын. Ashyq жобасына кірмейтіндіктен рестобардың жұмыс жасауына рұқсат берілмеген.

Дегенмен, тексерушілер 1Gog нысанының түнгі сағат 1-де жұмыс істегенін анықтады. Іште 60-қа жуық адам болған. Көңіл көтеретін орынның есігі ашық. Нысан басшылығын әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін материалдар жинақталды.

Рестобардағы карантиндік шараларды бұзумен қатар, кальян шегу фактісі анықталды. Еске салсақ, қоғамдық орындарда кальянға толық тыйым салынған. Тәртіп бұзушыларға қатысты ҚР Әкімшілік кодекснің 441-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды. Кальян шеккен үшін айыппұл 15 АЕК (43 755 теңге) құрайды.

Алматының санитарлық дәрігерлері кальянның зиянды қасиеттері туралы бірнеше рет айтқан, сол арқылы жұқпалы аурулар, соның ішінде коронавирус оңай таралады.

Медеу ауданының мониторингтік тобы өткен түні Жібек Жолы даңғылындағы Bacha түнгі клубында заң бұзушылықты анықтады. Мекемеде 80-ге жуық адам болған. Келушілер әлеуметтік қашықтықты сақтамады.

Жауапкершілікке тарту туралы шешімді аудандық Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы қабылдайды.

Тағы бір заң бұзушылық Бостандық ауданындағы "Вивальди" караокесінде орын алды. Көңіл көтеретін орын түнгі сағат 2.00-ден кейін жұмыс істеп, белгіленген жұмыс режимін бұзған.

Еске салсақ, жыл басынан тәртіп бұзушыларға қатысты 74 материал сотқа берілді. Осы жылы Алматыда 20 наурыз бен 11 маусым аралығында белгіленген шектеулерді бұзған 1112 жағдай анықталды.

Алматы әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарын карантин режимін қатаң сақтауға, түнгі клубтарға, рестобарларға, салтанатты іс-шараларға, тойларға, адам көп жиналатын жерден аулақ болуға шақырады.

Айнаш ЕСАЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»

АЛМАТЫ