Бәрімізге аян, 6 маусым орыстың алып ақынының туған күні. Иә, иә, Александр Пушкинді айтып отырмыз. Ұлы шайырдың Отаны соған байланыстырып халықаралық орыс тілі күнін атап өтуді дәстүрге айналдырған. Ол енді таңсық дүние емес. Ең қызығы мынада: әлемдік Storytel аудиокітап қызметі Пушкиннің танымалдылығын тексеріп көргісі келіпті. Нәтижесінде, түріктер таңдай қақтырған.
Несі таң екен, жаңа ғасыр ұрпағы жаңаша пікірде. Бұрынғыдай қолына портфелін көтеріп, қойынына том-том кітап қыстырып жүрмейді. Жеңілі сол, сүйікті авторының шығармасын құлаққап арқылы кез келген уақытта, кез келген жерде тыңдап, көңілге түю. Бұл процесс соңғы 10 жылда белсенді түрде жүйеге енді. Әлемдік үрдіс деп әуселесін көтеруге болады. Жә, айтпағымыз ол емес, әңгіме ұлы ақын мен оның ұлтында болып отыр ғой. Орыстардан гөрі, Пушкинді қаттырақ жақсы көретін мемлекеттер жетерлік екен. Біздің қолымызға тиген мәліметтер былай сөйлейді.
«Пушкин бәрінен бұрын Түркияда, Мексикада, Швецияда, Норвегияда және Үндістанда көп тыңдалады. Алайда оның басқа елдердегі танымалдылығы өз ұлтының ұлы ақынға деген сүйіспеншілігімен салыстыруға келмейді. Ол бұрыннан орыс ақыны болған және солай болып қалады», дейді Storytel аудиокітап қызметі өз мәлімдемесінде.
Әрине, Пушкин орыс ақыны болып қалатыны белгілі. Бұл – бұзылмайтын ереже. Бірақ оның мұрасы дүниеге ортақ байлық, рухани қазына. Біз тек «Өз елі өз ерлерін ескермесе, ел тегі қайдан алар кемеңгерді» деген сөзді қосқымыз келеді. Достық рәуіште айтылған лебіз есебінде бізге де үлгі болар пайым деп ойлаймыз.
Енді қараңызшы, осымен бірнеше жыл қатарынан Ресейде Пушкиннің ең танымал шығармасы «Евгений Онегин» романы екені айтылып келеді. Алайда даңқты туынды әлемдік шығармалар арасында жалпы поэтикалық рейтингте екінші орында. Қайталап айтамыз, екінші орында. Себебі орыс оқырмандары Данте Алигьеридің «Құдіретті комедиясын» сүйіп оқиды екен. Әрі оқылымды һәм тыңдарманы өте көп шығарма есебінде бірінші орыннан төмен сырғыған емес. Бүгінге дейін. Әрі қарай өзіңіз әңгімеміздің астарын топшылай беріңіз.
Бүгінде Пушкиннің аудио форматтағы әлемдегі ең танымал туындысы «кішкентай трагедиялар» деп аталады. Олар: «Ашкөз рыцарь», «Тас қонақ», «Моцарт және Сальери». Бұлардың бәрі түрік оқырмандарына етене таныс туындылар. Ал «Капитан қызы» мен «Спад патшайымы» болса мексикалық және испандық аудиторияға өтімді екен. Ағылшын тілінде ең танымал шығарма «Евгений Онегин» болып табылады, оны Швеция, Норвегия, Финляндия, Болгария және Польша сүйіп тыңдайды.
Осы орайда айта кетейік, арыстан шал Лев Толстойдың «Анна Каренина» мен «Соғыс және бейбітшілік», Федор Достоевскийдің «Қылмыс пен жаза» және Михаил Булгаковтың «Мастер мен Маргарита» шығармалары шетелдіктерге ерекше әсер етеді. Жыл сайын басылып шығатын кітаптар тізімінен түскен емес.
Ал біздің данышпан Абайды ше? Кім көп оқиды екен. Өзіміз бе? Өзгелер ме? Іштегі сауалға уақыт жауап бермейді, біз жауап береміз. Ойланайық, ойлы оқырман!