• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 13 Маусым, 2021

Қуаңшылық әлемді алаңдатуда

1585 рет
көрсетілді

Әлемнің түкпір-түкпірінде құрғақшылық белең алып, көптеген су қойма тартылып, ауыл шаруа­шылығына орасан зиян келіп отыр. Мұның басты себебі – климаттың өзгеруі. Ғалымдардың пайымдауынша, жаһандық жылыну осы қарқынмен жалғаса берсе, ғасыр соңында тамақ тапшылығы туындауы мүмкін.

Климат өзгеруінің салдары мұхиттың арғы бетінде де қатты білінеді. Мәселен, АҚШ-тағы ең үлкен су қоймасы Мидтің арнасы тартылып барады. Қазіргі таңда ондағы судың көлемі 36 пайызға дейін азайған. Бұған дейін Мидте мұндай мәселе болған емес.

Мид Колорадо өзенінің бойында, Аризона мен Невада штаттарының түйіскен жерінде орналасқан. Су қоймасын жасау үшін Хувер дамбасының құрылысы өткен ғасырдың 30-жылдары жүргізілген-ді. Содан бері онда су түгесілген емес. Бірақ ғалымдар тағы бір ыстық жаз кезіксе, Мидтің суы толарсақтан ғана келуі мүмкін екенін айтып отыр. Қазіргі таңда су қоймасының маңызы зор. Ол Аризона, Калифорния және Невада штаттарын сумен ғана қамтамасыз етіп, сонымен қатар аталған штаттарға қажетті электр энергиясын өндіреді.

Әдетте дамба толы болғанда өндірілген тоқ 8 мил­лион тұрғынды қамтуға жететін. Бірақ судың азаюы электр энергиясы өндірісінің баяулауына әкеп соғып отыр. Соның салдарынан Мидтің өндіріс көлемі 25 пайызға азайған.

«Көл деңгейі 1 футқа (30 сантиметр) төмендесе, дамбаның электр тоғын өндіру көлемі 6 мегаваттқа азая­ды», дейді Мелиорация бюросының өкілі Патрисия Аарон. Оның айтуынша, биылғы күзде су деңгейі тағы да түспек.

Су деңгейінің жылдам кемуіне қатысты АҚШ жедел шараға кірісті. АҚШ Мелиорация бюросының ақпаратына сәйкес федералды үкімет алғаш рет судың жетіспеушілігі туралы декларация қабылдады. Осы жылдың тамыз айын­да күшіне енетін құжатта бүкіл штат пен Мексикаға су жеткізу мәселелері қаралған.

АҚШ-тың құрғақшылықты бақылау орталығының келтірген деректеріне сәйкес елдің батыс жағалауының 75 пайызы қатты құрғақшылыққа тап келіп отыр. Әйтсе де аймақта ондаған жыл бойы құрғақшылық бәсеңдеген емес. Климат дағдарысы құрғақшылықтың әсерін күшейтті. Өйткені температураның көтерілуі онсыз да сирек жауатын қарды тоқтатып, ылғалды жойып жіберген. АҚШ Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, құрғақшылық салдарынан Колорадо өзені жүйесінің қуаты екі есе азайған. Бұл үлкен қауіп. Өйткені әр 10 америкалықтың біреуі Колорадо өзенінің суына тәуелді.

Жалпы, шартараптың түкпір-түкпірі су тапшылығын әлдеқашан сезіне бастады. Мәселен, 2018 жылы Оңтүстік Африка Республикасындағы қуаңшылық кезінде Кейптаунда су мүлдем таусылуға шақ қалды. Бұрын-соңды мұндайды көрмеген шаһар билігі оны пайдалануға жаппай шектеу қойды. Құдай сақтап, дер кезінде жаңбыр жауып, африкалықтарды бір апаттан аман алып қалған-ды. Әйтсе де сол жылғы қуаңшылық салдарынан өңірге 400 миллион доллар шығын келді.

McKinsey-дің деректеріне сүйенсек, 2030 жылы әлемдегі өзен бассейндерінің көлемі 10 пайызға, 2050 жылы 25 пайызға тартылуы ықтимал. БҰҰ есептеуі бойынша әлем халқының төрттен бірі 2050 жылға қарай су тапшылығын сезінуі мүмкін. Ал Әлемдік банк «тіршілік нәрінің» тапшылығы 2050 жылға қарай әлем экономикасының ішкі жалпы өнім өсімін 6 пайызға азайтады деп болжайды.

Су мәселесі Орталық Азияны да айналып өтпейді. Өйткені аймақтағы ірі өзендердің барлығы трансше­каралық болып есептеледі. Ондаған жылдан бері сол трансшекаралық су ресурстарын бірлесіп пайдалану жайы Орталық Азия елдері үшін күрделі проблеманың біріне айналды. Әсіресе Сырдария мен Әмудария өзен­дерін бірлесе пайдалану өте өзекті. Сырдария өз бас­тауын Қырғызстаннан, Әмудария Тәжікстаннан алады. Сон­дықтан Орталық Азиядағы өзге мемлекеттер қырғыз бен тәжік ағайындардың «жомарттығына» тәуелді. Дәлірек айтқанда, су ағынын реттеу тетігі солардың қолында.

Қазақстан мен Қытай арасында шекараны кесіп өтетін үлкенді-кішілі 25 өзен бар. 2001 жылы қос тараптың үкіметтері трансшекаралық өзендерді пайдалану туралы келісім жасасқан. Бірақ Ертіс пен Іленің тағдыры толық шешілген жоқ. Екі өзеннің тағдыры Қазақстан үшін аса маңызды. Себебі Ертіс пен Іленің суының 70 пайызы Қытай аумағынан бастау алады. Оған қоса, Бейжің билігі өз аумағында өзен суын қолдану көлемін арттырып келеді.

Қорыта айтқанда, климат өзгеруі салдарынан әлемдегі су көздері құнды байлыққа айналатын түрі бар. Өзендердің тартылуы мұхиттың арғы бетін де, бергі бетін де әбігерге түсіретіні анық.