Тәңір туған өлкемізді табиғаттың таңғажайып сыйынан кенде қылмаған ғой. Шаншыған шыбық шынарға айналатын нулы еліміз қазіргі заманның табысы мен түсімі мол тіршілігінің де көзіне мейлінше бай. Әлемдегі ең үлкен ақша ағыны осы туризм саласына бағытталғанына біраз уақыт өтті.
Рас, коронавирус пандемиясы дүниежүзілік туризмді де бір тарының қауызына сыйғызып жіберді. Бірақ карантиннен кейін тез оңалып, аяғына жылдам тұрған экономиканың бір пұшпағы да – осы туризм мен демалыс бағытындағы қызмет көрсететін орындар. Әрине бұл әлемдегі жағдай. Себебі адам баласының қалауы мен құштарлығына тыйым салу мүмкін емес. Туризм де осыған кіреді. Сондықтан да бұл нарықтағы қаржы айналымы орасан. Бірер жыл бұрынғы деректерді сараласақ, туризмнен түсетін табыс мұнай мен көлік өндіруден кейінгі үшінші орында тұрғанын көреміз. Дүниежүзілік туризм ұйымы 2017 жылы таратқан мәліметі бойынша туризм индустриясы ғаламшардағы жалпыұлттық өнімнің оннан бір бөлігіне жетеғабыл болып келе жатқан екен. Жеке инвестиция мен алпауыт компаниялардың да ақшаны аямай құйған саласы – туризм. Яғни пандемияға дейін демалыс орындарына құйылған нақты ақша капиталы жалпы әлемдік инвестиция портфелінің 11 пайызынан асқан көрінеді. Бұл саланың дамуы жұмыссыздықпен күресте де «туннельдің түбіндегі жарық» сияқты болып көрінген-ді. Себебі ауыр өндіріс пен жеңіл өнеркәсіптің тұралауы жаһанда мыңдаған адамның мамандық ауыстыруына түрткі болған-ды. Ал олардың дені туризм индустриясынан нан табуға бейімделе бастаған-тұғын. БҰҰ жұмыссыздықпен күрес баяндамасында жыл сайын жаңадан ашылған әрбір 10 жұмыс орнының тоғызы туризм бойынша қызмет көрсету секторына қатысты екені айтылған болатын.
Бір сүйінерлігі, аяғынан қаз тұра бастаған отандық туризм индустриясы екінші жылға созылған жұқпалы індет шектеулерінен де оңалып келеді. Бұдан жеке кәсіп иелерінің шеккен зардабы елеулі болғанымен, даму бағытындағы саланың тез оңалатынына сенім бар. Екінші жағынан, былтырғы қатаң карантин шектеулері кезінде де маусымдық қызмет көрсету тоқтаған жоқ. Керісінше, саф ауа мен салқын самалды демалыс орындарына, әсіресе, емдік қасиеті мол су жағалауына деген сұраныс артқанын статистика көрсетіп отыр. Оған бір ғана Алматы облысындағы Алакөл мен Балқаш көлінің жағалауындағы демалыс орындарынан және Көлсай, Қайыңды сияқты табиғи су бассейндерінің аумағынан адам азаймағаны дәлел. Әрине, коронавирус таралуының алдын алу мен сақтық шарасының артуы демалыс маусымының да ерте тоқтауына ықпал етті. Соған қарамастан отандық бизнес маусымдық шығындарының 70 пайызға жуығын қайтарып үлгерген екен. Бұйырса, биыл бұл бағыттағы табыс жандана түседі. Ал туризм саласындағы қызмет көрсетуші компаниялар карантин шектеулеріне қатысты жаңаша жұмыс жүргізуге көшті. Мәселен, Алматы облысының аумағындағы демалыс орындары түгел дерліктей «Ашық» жобасына қосылды. Бұл келушілердің денсаулығына кепілдік беріп, айлақтардағы індет таралуының да алдын алмақ. Айтпақшы, демалыс маусымын ерте бастан жоспарлайтын ағайын коронавирусқа қарсы вакцинаны да елден бұрын ектіріп алған екен.
Қазақ туризмінің аяқ алысын бағамдау үшін бұған дейінгі кезеңдерді екшеген дұрыс. Мәселен, деректер бұл сектордың жылдық табысын 200 млрд теңгеге дейін жеткізу мүмкіндігі болғандығын айтады. Ал пандемияға дейін кіріс көлемі 118 млрд теңге шамасында болған екен. Және осы кезеңде сала бойынша 200 мың адам жұмыспен қамтылып, оның ішінде 72 мың адамға тұрақты еңбек нарығы қалыптасуы тиіс-тұғын. Нәтижесінде, бұл көрсеткіштен ел экономикасына түсетін таза табыс та жыл сайын өсуі тиіс болған. Мәліметке үңілсек, 2019 жылы туристік саладағы түрлі қызмет көрсетуден түскен пайданың бюджетке құйылған үлесі 5,6 пайызды құрапты. Бұл жалпы ішкі өнімге шаққандағы көрсеткіш. Болжам бойынша бұл үлес 2025 жылға дейін 8 пайызға жетуі тиіс болған. Алайда пандемия барлық мемлекеттегі сияқты Қазақстанның да жоспарын бұзып жібергені анық. Сондай-ақ еліміздің туристік секторына құйылған ішкі инвестицияның да дәуірлеген тұсы карантинге дейінгі кезеңде болды деп айта аламыз. 2019 жылғы дерек бойынша көрсеткіш рекордтық деңгейге жетіп, қаржы көлемі 153,7 млрд теңгеге дейін жеткен екен. Тек бұл жерде анықтап алатын бір жайт бар: аталған инвестицияның 46,2 пайызы жекеменшіктің еншісінде болса, қалған 40,2 пайызы – мемлекеттің үлесінде...
Жә, Жетісуға оралайық. Кейінгі 5 жыл көлемінде облыстағы туризм факторының жандануына бір ғана Алакөл жағалауы орасан үлес қосып отыр. Оның айырмасын өткен жылдардың дерегін салыстырғанда анық байқайсыз. Мысалы, 2018 жылғы демалыс маусымында Жетісу өңіріне орташа есеппен 2 млн турист келген. Оның ішінде 1 млн адамның Алакөл жағалауында демалғаны анық. Яғни сол жылы облысқа келуші туристер қатары 22,2 пайызға өскен. Бұл бағытты дамытуға мемлекет те аянып қалмаған екен. 2018 жылы Алматы облысының туризмді дамытуға жұмсаған шығыны 19 млрд теңгені құрапты. Оған 44 туристік нысан іске қосылған, оның дені Алакөл жағалауында орналасқан көрінеді. Ал сол жылы сала бойынша қызмет көрсетуден түскен табыс 12,9 млрд теңге шамасында болған дейді деректер.
Әрине, мемлекет демалыс аймақтарындағы инфрақұрылымды дамытуға барынша күш салып отыр. Бұдан Алматы облысы да қалыспайтыны анық. Пандемияға дейінгі дерек бойынша өңірде туристерге жалпы 729 нысан қызмет көрсетіп келген. Оның ішінде 189 қонақүй, 185 аңшыларға арналған үй, 250 демалыс базасы, 31 сауықтыру орны, 67 демалыс үйі мен басқа да 7 нысан жұмыс істепті. Бұл бағыттағы жұмыс биыл да жалғасын табатыны сөзсіз.
Жалпы, Алматы мен Шығыс Қазақстан облыстарының туристік әлеуетіне ғана емес, тұтас елдегі демалыс индустриясына серпін беріп отырған – Алакөлдің қос жағалауы екені ақиқат. Тақырыпқа орай айтатын болсақ, Алакөл жағалауы қазір алыс Түркиядағы атақты Анталия курорттық айлағынан кем түспейді. Ал бұл көлдің Алматы облысындағы аумағы нағыз табысты туристік нысанға айналып келе жатыр. Ескі деректерге үңілсек, 2019 жылы көл жағалауындағы Ақши және Көктұма демалыс аймақтарында орналасқан 214 демалыс орнына 1 млн 19 мың адам келіпті. Яғни турист саны алдыңғы жылмен салыстырғанда 143 пайызға артқан. Осы туристерге 5 млрд 861 млн теңгеге сервистік қызмет көрсетілген екен.
– Алматы облысының туристік әлеуетін арттырып отырған Алакөл жағалауына келушілер қатары жылдан-жылға артып келеді. Ал Алакөл ауданының осы саланы қалыптастыруға және дамытуға географиялық картасы да, орналасу аумағы да, табиғаты да сай келеді. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде туристік нысандар саны 2015 жылмен салыстырғанда 2,5 есеге өсті. Былтыр 15 туристік нысан қолданысқа беріліп, қызмет көрсету құны 2 млрд 646 млн теңгені құраған. Әлемдік індеттің салдарынан елдегі төтенше жағдайдың орын алуы, өңірде карантиндік режімнің қатаңдатылуы біраз жоспарға кедергі келтіргені белгілі. Бірақ бұл сынақ Алакөлге келетіндердің санын соншалық азайтпады. Ал Алакөлдің туристік әлеуетін көтеру үшін мемлекет тарапынан, облыстық әкімдік тарапынан кең қолдау көрсету жалғаса бермек. Жалпы, Ақши туристік аймағында 264 демалыс аймағы бар. Былтыр көл жағалауына 798 462 адам келген. Оларға 4 млрд 790 млн теңгенің қызметі көрсетілген. Ал биыл жазғы шомылу маусымында 878 325 демалушыға 5 млрд 269 млн теңгенің қызметі көрсетіледі деп жоспарлануда, – дейді Алакөл ауданының әкімі Алмас Әбдинов.
Жақында журналистердің сауалына жауап берген облыс әкімі Амандық Баталов «Біз туризмді дамытуға тұрақты қолдау жасап келеміз. Үшаралда әуежай, теміржол вокзалы салынды. Үшарал әуежайының ұшып-қону жолағын кеңейтіп, үлкен ұшақтар қона алатындай етіп, қайта жаңғыртуға біздің ұсынысымызбен республикалық бюджеттен 4,7 млрд теңге бөлінді. Бұл Алакөл көліне келетін туристер легін арттыруға зор ықпал ететін болады...» деген еді.
Әкім сөзіне арқау болған Үшаралдағы ұшып-қону алаңы қазір жөндеуге жабылған. Бірақ бірнеше бағыттағы әуе жолы ашық күйінде қала береді. Өйткені Алакөлге жетудің ең оңтайлы жолы осы ұшақ қатынасы болып отыр. Ал негізгі қатынас жолы болып саналатын Алматы – Өскемен автобанының құрылысы әлі аяқталған жоқ. Бұл күре жол іске қосылғаннан кейін Алматыдан Үшаралға дейінгі көлік қатынасы тіпті жақсарады.
– Менен жұрт та, журналистер де «Үшаралдағы әуежай жаңадан салынды емес пе, арада 3-4 жыл өтпей неге жөндеуге жабылды?» деп жиі сұрауда. Бұл жерде мынаны ескеру керек, 2015 жылы Елбасының пәрменімен Қорғаныс министрлігінің балансында болып келген әуежайды облыс қарамағына алдық. Оны алғаннан кейін жергілікті бюджет есебінен жаңа терминал салдық. Бірақ ұшып-қону алаңы сол күйінде қалды. Енді сол алаңды қайтадан жасаймыз. Яғни Үшаралға үлкен әуе кемелерінің келіп қонуына мүмкіндік туады. Әсіресе, әлем елдерінен чартерлік рейстер қабылдауға қол жеткіземіз. Оған дейін де ұшып-қону алаңындағы қызмет көрсету тоқтамайды. Ішкі рейстерді қабылданған ережеге сәйкес жер бетіне қондыруға келістік, – дейді облыс әкімі.
Қазір Үшарал әуежайына Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Талдықорғаннан ұшақтар қатынап тұр. Мұнан бөлек, теміржол бағыттары да іске қосылған. Мысалға, «Алматы – Жетіген – Достық» теміржолымен аптасына үш рет, «Нұр-Сұлтан – Нұрлы Жол – Достық» теміржолымен аптасына екі рет, «Нұр-Сұлтан –1 – Достық» аптасына төрт рет және «Алматы – 1 – Достық» теміржол бағытымен де аптасына төрт рет пойыз жүріп жатыр.