Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің әдістемелік қолдауымен KazakhInvest, «Қазақстан Ғарыш сапары» және KazakhExport ұлттық компанияларында Қоғамдық кеңестер құрылды.
«Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингінің, QazExpoCongress, «Қазгеология», «ҚазАвтоЖол», «Қазақстан Инжиниринг», «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы», KazakhTourism, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» ұлттық компанияларында да Қоғамдық кеңестер құру рәсімі жүріп жатыр.
Естеріңізге сала кетейік, биыл қабылданған «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңға енгізілген түзетулердің нәтижесінде квазимемлекеттік сектор субъектілерінде 13 Қоғамдық кеңес құрылуда. Олардың құрылуына мемлекеттік бюджеттің қаражаты жұмсалмайтынын атап өту қажет.
«Қазақстан Ғарыш сапары» Ұлттық компаниясының Қоғамдық кеңесінің құрамына 11 мүше сайланды, олардың жетеуі азаматтық қоғам өкілдері, олардың ішінде профессор, ҰҒА академигі, Халықаралық астронавтика және космонавтика академиясының академигі Мейірбек Молдабеков, Халықаралық байланыс академиясының академигі Симбай Дүйсенов, профессор, «ЖҚЗ саласындағы компаниялар қауымдастығы» ЗТБ құрылтайшысы Абзал Жамалов және тағы басқалар бар.
KazakhInvest ұлттық компаниясының Қоғамдық кеңесінің құрамына азаматтық қоғамның 9 өкілі кірді, олардың ішінде «Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығы» ЗТБ өкілі Әліби Өтеулов, Қазақстан қаптаушылар қауымдастығының басқарма төрағасы Батырбек Әубәкіров, Қазақстандық автобизнес қауымдастығының вице-президенті Анар Мақашева, «Ұлттық корпоративтік басқару академиясы» РҚБ атқарушы директоры Лаура Шашпан және басқа да белгілі азаматтар бар.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында квазимемлекеттік секторда Қоғамдық кеңестер құру мүмкіндігін қарастыруды тапсырды. Президенттің тапсырмасын орындау мақсатында 2021 жылдың басында «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңға Қоғамдық кеңес мүшелерінің құқықтары мен міндеттерін кеңейтетін, оларды квазимемлекеттік сектордың жұмысына тартуды көздейтін түзетулер қабылданды.