• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Парламент 16 Маусым, 2021

Сенаторлар Қытай парламентшілерімен ынтымақтастық тақырыбын талқылады

198 рет
көрсетілді

ҚР Парламенті Сенатының Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетіне мүше депутаттар Бүкілқытайлық Халық Өкілдері Жиналысының Ауыл шаруашылығы жөніндегі комиссия мүшелерімен онлайн кездесті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Сенаттағы салалық комитеттің төрағасы Әли Бектаев Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасында саяси, экономикалық және мәдени тығыз ынтымақтастық жүзеге асып келе жатқанын атап өтті.

«Екі елдің заң шығарушы органдары арасындағы тұрақты байланыстар достық қатынастарды нығайтуда ерекше рөл атқарады, бұл парламентаралық ынтымақтастықты дамытуға, заң шығару қызметінде тәжірибе алмасуды тереңдетуге өзара мүдделіліктің жоғары екендігін көрсетеді», деді Әли Бектаев.

Депутат Ақылбек Күрішбаев өз кезегінде әріптестеріне Өңірлерді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқан ауылдық аумақтарды дамыту жөніндегі Қазақстанның есебі туралы айтып берді. Ол сондай-ақ ауыл тұрғындары үшін арнайы «Еңбек» бағдарламасы бар екені, онда кәсіпкерлік негіздеріне тегін оқуға болатыны, сондай-ақ өз бизнесі үшін гранттар мен микрокредиттер ала алатыны туралы хабардар етті.

Сенатор Дүйсенғазы Мусин ауыл шаруашылығының дамуы туралы айтып берді. Ол ауылдық жерлерде халықтың шамамен 42%-ы тұратынын атап өтті.

«Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2021 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасының негізгі мақсаты АӨК-дегі еңбек өнімділігі мен өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын 5 жыл ішінде кемінде 2,5 есеге арттыру болып табылады», деп атап өтті сенатор Дүйсенғазы Мусин.

Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысының депутаттары өз кезегінде көрші елдегі ауылды дамыту және кедейлікті жою жөнінде жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып берді. Әли Бектаев кездесуді қорытындылай келіп, COVID-19 пандемиясының экономикалық зардаптарына, сондай-ақ әлемдік экономикадағы құлдырауға қарамастан, біздің мемлекеттеріміз жұмыспен қамтудағы тұрақтылықпен халықтың әл-ауқатын қамтамасыз ету жөнінде қабылдап жатқан шаралар және басқа да қолдау көрсету істері ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.