Қарағай иісі бұрқыраған бұйра таулар етегімен сырғып, асығып келе жатқан бала Қасымның аңғары – Семей жұрты, Шығыс жақ, Абай елі.
Ұлттық ақын
Іздегені – білім, қала оқуындағы жасы үлкен ағам көмектесіп қалар деген оймен, жасық үмітін паналап, көзге таныс жолға түсті. Қасқыр құйрық қарағайлар – орта шенінде, белдеуде, өрге қарай – кәдімгідей нығыз, жатаған аршалы, жасылға толы, төбесі ашық, сүйекті, тақыс бұтақты, қызыл күрең түсті тобылғысы қалың, бұлтық-бұлтық жабайы бұталары жуан-жуан, жықпыл-жықпылы көп, бірақ етекте қатары сиреп, сыңсыған орман күрт селдіреп, жақпар-жақпар тастары, сандықтас шоқылары жалаңаштанып, жаңбыр күндер тіпті жалтырап шыға келеді. Шайыры, жұпары аңқып, жан-жағын жайлаған жалғызілікті ағаштар ескі сүрлеуді жағалап, көне соқпақтың көмескі сілемін баламен бірге жарыса қуалап, жолға байланып, қапталдаса еріп отырады. Қарқаралы таулары Нүркен ауылына жете бере үзіліп қалды, бірақ көкжиектен қарауытып, Қайнар бағытындағы елді мекендер, өңірлерге шейін шығарып салды, сосын алыстан қарауыл қарап, қимай қоштасып, көзбен ұзатып тұрғандай күйге бөледі, қырдың желке жағынан қалқиып, жолаушыларды күткен ауыл итіндей шоқиып көрінді.
Бала Қасым тас-түйін, кері бұрылды, енді артына қарайлайтындай не бар дейсің, ақындық тағдырдың енетін есігі болса да, шығатын қақпасы жоқ. Енді ол – өнер жолында, қош, балалық шақ, жас өмір, алдынан қуаныш, шаттық күндер күтіп тұрғандай, қызық-думан кештерден кенет қалып қоятындай, жылдамдата ілгері басты.
Іштей бекіп, түйіліп алған. Шешімі – бір жақты, ниетінен ешкім айныта алмайды, шоқтай жинақы. Қараңғылық кедейшілігінен жарықтың молшылығына қашты. Түнді тастап, Күнге бет түзеді. Қызыл іңір кешті асып, елең-алаң таңға жетті. Шам да, шырақ та – оқу.
1911 жылы (10 қазанда) дүниеге есігін ашқан Қасымның туып-өскен жері – қазіргі Қарағанды облысына қарасты Қарқаралы өңірі – Қызыларай қыстауы. Әуелі, ауыл мектебінде қара танып, сауат ашады. 1924-1927 жылдар аралығында Семей қаласындағы мектеп-интернатта оқиды, сосын үш жыл Семей мал дәрігерлік техникумында дәріс алады (тыңдайды).
Қасым қасіретті белден кешті. Бірақ сергек сана, көкірегі ояу алғыр бала құлаған жоқ, тағдырымен алысты. Елінен жаяу кетіп, Ғафу Қайырбеков айтқандай, ұлттық ақын деген атақпен халқына қайтып оралады. Оның халқы енді күллі қазақ-ты. Әкесіз үйге еңбектеп емес, қосқан үлес, қомақты табыс, зор еңбекпен кірді.
Нар тәуекел! Құлаш ұрдым қиынға,
Қайрат шіркін алып шықса, қиын ба!..
Жығылам деп жүре алмаймын
жай басып,
Жүгіремін киіп-жарып, айқасып.
Мүлги берсін, ілби берсін қорқақтар,
Іш пыстырып, жалт-жұлт қарап,
жай басып
Жығылсам да, жүгірумен өтемін,
Аяңшылдың ақылын мен не етемін.
Жығылармын, алқынармын,
шаршармын,
Барар жерге бұрынырақ жетермін.
Ол жолда келе жатып ұлы тағдыр арқалап келе жатқанын білген жоқ. Жыр жолдары қаламынан қағазға жаңбырдай төгілді. Найзағай ақын алаш поэзиясын найзадай көтерді.
Қазақтың әні мен өлеңін
Найзадай көтеріп келемін.
Шығыстың аласа аспанын
Түндіктей түріп бір тастадым.
Әр өлеңі образға толы. Қолма-қол, аяқастынан, нақ. Қасым ұйқасқа бай. Тұншығып шығар дыбыс жоқ. Бір-біріне жалғасқан алапат ұйқастар кең тынысты, ашық, оңай. Құрама емес, бүтін, тұтас, оқшау. Кенет, екпіндеп, жылдам оқылғанда шашылып қалатын бөлек-салақ майда сөзге үйірлігі жоқ, еркін метафораға дос-жаран, бүтін эпитетке туыс, жалпы, біртұтастыққа ие.
Көргені, сезгені, білгені – құйылып түседі. Тез жатталады, оқырман жақсы қабылдайды, жылдам ұғынады, себебі аса қазақы, ұлттық сипаты ерен, образдары әрі танық, әрі таныс, бейнелеуі ғажап, адам емес, Құдайдың өзі дәнекер періштелер арқылы қаламын қағаз бетімен сырғытып жүргізгендей көрінеді.
Қиыннан қиыстырылған, тосыннан тоқайласқан асқақ жырлар. Қасым ұйқасқа қиналмайды, қашанда дайын тұрады, ішкі жан дүниесінде пар сөздер, жұп ойлар тартысып, таласып, буырқанып қайнап жатқандай елестейді. Өзегін жарып шыққан өлеңдерін жанартаудай атқылағысы келеді.
Иә, ол – көк аспан төрінде – найзағай, асқар тау шың-құздарында – от, шырқау биіктерде – қанатын қомдаған қыран, тағдырмен алысқанда – көкжал, топ жиында – топжарған, ер.
Дауылпаз. Соғыстан соңғы бірінші кітабы – «Дауыл». Мінбеге әділет атынан шығады. Шындығын жеткізеді. Ол қиянатқа қарсы, жақсыға жақ. Қасым көтерілгенде қопарыла тау көтерілгендей, шың-құздар шайқалғандай, өзен-су толқығандай. Жалғанды жаны сүймейді, қара қылды қақ жарғанды жақсы көреді.
Бірақ қайда, қандай күйде жүрсе де – ақын. Жазғанда ұйқас іздемейді. Өзі келеді. Ой ұйқасады. Образ ұйқасады. Көңіл тылсыммен тілдеседі, жүрек қылын шертеді, ойды әлдилейді. Қасым – поэзия атауына пар.
Қасымда жай сөз жоқ, жай сөздің өзі жасындай, жалындап, өртеніп жатады, қаулап сөйлейді, айтқаны – анық, ірі, кесек, сосын жалынбай, иілмей, жалындап оқиды. Қазақтың үлгісі. Қайраты қайтпаған, жігері таусылмаған жаужүрек Шығыс шайыры.
Таланты айқын. Көз жасын да, қас жырын да төгіп-төгіп жазады. Шынайылық – даналықтың белгісі: ұлы ақын, ұлттық ақын, ұлық ақын.
Өмірге ендім еңбектеп,
Шалқалап әкем шықты үйден.
Жетімдік тағдыр жетті ептеп,
Қабағы қату түксиген.
Өмірден үміт жоқ өзге,
Даланың тердім тезегін.
Әкем боп таптың сол кезде
Советтік менің өз елім!
Ғажап туынды. «Өмір сыры» атты тұңғыш жинағы 1938 жылы жарық көрді. Әр жолы інжу-маржанға толы, алтынға бергісіз асыл ойға мол. Серік Қирабаевтың қисынынша, соңғы жолдағы «советтік» деген сөз қызыл редакторлар тарапынан қосылса керек. Өнерпазды қинаған, өнерге жасалған қиянат. Қасым жыры не сүйеніп, не қажетсініп тұрған жоқ.
Қасым – қас талант. Жасандылық жоқ, табиғи. Ұйқаспен сөйлеу, образбен тіл қату, ой айту – ақынның шын тілі. Нағыз тілі. Метафора – ақын сөзінің өмір сүру формасы.
Ол ұлт перзенті еді. Халықтың әдепкі сөзін асқан метафораларға айналдырды.
Қайран, дауылпаз ақын 1947 жылы дертке шалдықты. Бірақ сырқатына қарамай, «Біздің дастан» поэмасына кірісті. «Балбөбек», «Нұрлы дүние» топтамаларын жариялады. Таңдамалы шығармалары 1952 жылы жарық көрді. Өзі де орысша жариялана бастады.
Ақын қазақ поэзиясына он буынды өлең түрін енгізді.
Халықтық сазгер
«Өзім туралы» атты ақын шығармасы – Қасымның әнмен өрілген ғұмырбаяны, автор әлеміне ашылған алтын қақпа сынды: Қасым поэзиясына құмартқан жырсүйер қауымның әуелгі соғатын жыр бекеті, рухани сусындайтын тұма бастауы сықылды.
Осынау Қасым толғауы ақын өзі дүниеден өткен соң, араға ұзақ жылдар салып барып, ел ішіне кеңінен тарады.
Тірісінде Қасымның қадірін білмеген қазақ қоғамы әнді ой көзімен тыңдап, тереңіне жеткенде ғана ақын жанайқайын ұққандай болды, шерлі жүрек түкпірінде жатқан дауыл күйдің бұлқынысын, тебіренісін түсінгендей жай кешті. 1970-80 жылдары Қасымның бұл әні халықтық әнге айналды.
Қазақтың басы қосылған үлкенді-кішілі жиындардың төрінен «Өзім туралыны» халқымыздың талантты әншілері талай-талай өрлете айтты, жайната айтты, күркіреп айтты.
Әннің табылуының өзі – бір қызық әфсана. Бірде атақты композитор, әнші Тұрсынғазы Рахимов аталған әнді ел ішінен – дәлірек Болат Сыбановтан үйреніп келіп, оны Алматыдағы ұстазы, қазақтың ұлы әншісі Жүсіпбек Елебековке көрсетеді. Жүсекең ізденімпаз шәкіртіне риза болып, талапкер әншіден жаңа әнді үйреніп те алады. Жүсекеңнің аяулы жары – Хабиба апамыз бізге ашқан бір сыры, естелігінде өнерпаздың дүниеден өтер жылы осы әнді өзгеше бір мұңмен қоңырлатып жиі-жиі айта берген еді деп еске алғаны бар. Өкініштісі, аталған музыкалық шығарманың Жүсіпбек Елебековтің орындауында таспаға жазылып алынбай қалуы. Бұл әнді кемеліне келтіре, келістіре шырқаған әншілердің санатында халқымыздың аяулы әншілері Болат Сыбанов пен Дәнеш Рақышевтың да тұрғандығын атап өткеніміз абзал.
«Қасымның «Өзім туралы» әні жайында» атты бір деректі әңгімесінде Ерлан Төлеутай бұл жайтты таратып жазады.
«Қасымның көзін көрген замандастары, аға буын қаламгер қауым ақынның әнді тәуір айтқанын, домбырадан бастап, мандолин, скрипкаға дейін тартқанын әрі бірнеше тамаша ән шығарған композитор болғанын айтады. Мұндай пікірлерді қағаз бетіне алғаш түсірушілер: Ахмет Жұбанов, Есмағанбет Ысмайлов, кейінірек естелік қылып жазушылар Тәкен Әлімқұлов, Жайық Бектұров, т.б. замандастары. Осы әндердің ішінде халыққа ең кең тарағаны, шын мәнінде, халықтық әнге айналғаны – ақынның «Өзім туралы» туындысы.
Бұл әнді алғаш Қасымның өз аузынан үйреніп айтушы ақынның шәкірті Ғафу Қайырбеков болған көрінеді. Алайда Ғафу ағамыз кәсіби әнші емес, ақын болғандықтан бұл әнді радиоға басып, халыққа жая алмаған. «Өзім туралыны» «Қазақ радиосы» арқылы жалпы жұртқа алғаш жеткізген – семейлік әнші Болат Сыбанов болғаны белгілі. Бұл жайында «Қазақ радиосының»музыкалық редакциясының ұзақ жылдар (1967 – 1984) бас редакторы болған композитор әрі музыка зерттеуші Илья Жақанов былай дейді: «Бұл 1970 жылдардың ортасы, жаздың соңы күзге салым уақыт еді. Бір күні редакцияға семейлік әнші Болат Сыбанов келді. Амандық-саулық сұрасқан соң әңгімеміз менің кабинетімде өрбіді. Болат маған «Қазақ радиосына» арнайы келгенін, ән жаздырғысы келетін ниеті барлығын білдірді. «Қандай әндер жазғызбақ ойыңыз бар?», деп едім, бірнеше әннің атын атады. Ішінде Қасымның «Өзім туралысы» бар екен, айтып беруін өтіндім. Ол айта жөнелді. Әншінің орындауындағы бұл ән мені өзіне тәнті етті. Мен: «Жүр, мұны әуелі Хамекеңе тыңдатайық», деп әншіні Мемлекеттік телерадиокомитеттің сол кездегі төрағасының орынбасары Хамит Хасеновке алып бардым.Ол кісі Қасымның елі – Қарқаралының азаматы еді. Амандасып әрі Болатты таныстырып, Қасымның әнін тыңдатпаққа келгенімізді айттым. Болатқа «Қәне, айт, тыңдап көрейік», – деді. Болат әнді бастай берді. Мұқият тыңдаған Хамит ағамыз ән аяқталған соң, жас балаша қуанып: «Ау, мынау Қасымның әні ғой, көптен бері айтылмай кетіп еді», деп бастап Болат Сыбановтың атына көп мақтау сөздер айтты. Болат «Әнімнің қадірін білетін ағалар бар екенсіздер ғой», деп жылап жіберді. Осындай көңіл толқытарлық сәттерден кейін Хамит ағамыз бұл әнді кімнен үйренгенін сұрады. Бұған Болат Сыбанов «Өзім туралыны» жас кезінен айтатынын, 1957 жылы Қарағанды жаққа жиын-тойға барған бір сапарында бір орта жастағы кісіден үйренгенін айтты. Ол адамның атын айтып еді, қазір ұмыттым. Осы әңгімеден соң Хамитов: «Ілия шырағым, Болат Қасым ағамыздың әнін жақсы айтады екен, жазып алып қал, эфирден жиі беріп тұрыңдар», деді. Сол жолы Болат Сыбановтың орындауында бірнеше әндер жазып алып қалдым. Ұзамай радиодан бере бастадым. Ішінде Қасымның «Өзім туралысы» да бар еді. Сол-ақ екен, редакцияға хаттар жауды да кетті. Бәрінің сұрайтыны Қасымның «Өзім туралысы». Біз де жұртшылықтың меселін қайтармай жиі-жиі беріп тұрдық. Сөйтіп «Өзім туралы» халық арасына кең тарап кетті», деп әңгімесін бір қайырған Илья аға – Мағауия Көшкінбаев деген әнші болатын, – деп келесі бір әңгіменің шетін шығарды. Мен ол кісімен бірнеше рет дидарласып, әңгімесін тыңдадым. Әнді жұмсақ, майда ғып салатын. «Өзім туралыны» да домбыраны баппен шертіп айтушы еді. Бірде Мағауия әнші маған «Өзім туралының» нағыз әншісі Қасым Шанин ғой, ол әнді арқаланып айтады. Оның үстіне ол өзі әртіс адам – «Өзім туралыны» айтқанда да жасындай жайнап, жарқылдап кетеді, олай айтуға менің қуатым жетпейді. Қасым құсап айту қайда!» деді. (Мағауия әншінің Қасым деп отырғаны қазақтың тұңғыш режиссері Жұмат Шаниннің баласы Қасымхан Шанин. Театр және кино актері әрі тамаша әнші Қасымхан Шанин жастай қайтыс болған).
2012-13 жылдары «Жүсіпбек Елебеков» атты кітабымды жазып жүрдім. Әңгіме Жүсіпбектің дүниеден өтер сәтіне келгенде әнші өмірінің ақырғы жылдарының әрбір сәттерін атақты әншінің аяулы жары Хабиба Елебековадан тәптіштеп сұрап отырып жаздым. Хабиба апамыздың айтуынша, өмірінің соңғы айларында ауру меңдегенде Жүсекең осы әнді жиі айтумен болыпты. Хабиба ападан Жүсекеңнің бұл әнді кімнен үйренгенін сұрадым. Ол кісі «Тұрсынғазы Рақымовтан үйренді-ау деймін», деп жобалады. Мұнан соң мен анық-қанығын Тұрсынғазы ағаның өзінен сұрадым. «Рас, оқып жүргенде, Жүсекеңе мен үйреткем», – деді. «Өзіңіз кімнен үйрендіңіз?», деп едім: – «Семейде, Болат Сыбановтан үйрендім, кейін Алматыға келгеннен соң Жүсекеңе көрсеттім», – деді. Қасымның «Өзім туралы» әнінің халыққа таралуының қысқаша тарихы осылай».
Қасымның ақындық жүрегін жарып шыққан тағы бір үлкен музыкалық туындысы – «Дариға, сол қыз» әні. Бұл – майдангер ақынның сұрапыл соғыста, етігімен қан кешіп жүрген шақта шығарған шығармасы. Жалпы, қазақ музыка тарихында майдан туралы жазылған үлкен әндер сирек.
Осындайда, Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында дүниеге келген болмысты әндердің бірі һәм бірегейі ретінде жауынгер-композитор Рамазан Елебаевтың «Жас қазағы» бірден ойға оралады. Егерде бұл әнді, майдан шебіне, концерттік сапармен барған Жүсіпбек Елебеков, жау оғының астында, тар окоптың ішінде отырып, ән авторының аузынан үйреніп қайтпағанда, Кеңес Одағының батыры Төлеген Тоқтаровтың ерлік өлімін жырлайтын батырлық дастаны өзі де қан майданда ерлікпен ажал құшқан Рамазан Елебаевпен бірге кетуі мүмкін еді. Қазақ сарбаздарының майдан туралы, өмір мен өлім күресін жырлаған, елдегі аяулы анасына, артында қалған сүйген жарына арнаған қаншама әндері жау оғынан жазым болған сол жауынгерлердің ішінде кетті десеңізші!
Иә, қазақ поэзиясының бағына Қасым ақынды Құдай сақтап, аруақ алқап, майданнан аман-есен оралуды жазды. «Абдолла» дастаны сияқты, «Дариға, сол қыз» әні де Қасым ақынның майданнан алып қайтқан сүбелі шығармасы, өнерпаздың композиторлық құдіретін танытып тұрған толағай туындысының бірі. Кезінде қазақ поэзиясына жаңа леп беріп, терең тыныс сыйлаған аталған шығарма өзінің музыкалық қуатының күштілігімен, нәзік сұлу саздылығымен қазақ әуенін байытып, ұлттық музыкамыздың алтын қорына кіріп отыр.
Рас, Қасымның ұлы дүниелерінің бірі – «Дариға, сол қыз» шығармасын – өлең-ғұмырнама, дастан-тарих, ықшам-поэма деп атауға да болады. Немесе – Екінші дүниежүзілік соғыс шежіресі.
Туынды аса көркем жазылған. Сосын, мәтіні нығыз. Модерн-жыр. Нағыз роман-поэма. Ықшамдалған. Қандай мадақ айтылса да жараса береді. Сюжеттік желіге ұласқан фабуласы бар.
Жақсы жырдың нышаны – жақсы әнге айналуы. Қасым шығармаларының ең үздік үлгілерінің бірі. Шыққан биігі деп санаймын. Басқа да биік туындылары жоқ емес, бірақ «Дариға, сол қыз» – алтын тәжі, алтын тағы, алтын тұғыры.
Қасым әндерінің басты ерекшеліктерінің бірі – халықшылдық сипатында. Әрине Қасым ақынды Біржан сал, Ақан сері негізін салған қазақтың классикалық ән дәстүріне адал, сол дәстүрдің аясында өзінің әндерін дүниеге келтірді десек, ақиқаттың ауылынан алыс кеткен болар едік. Таза дәстүр аясында ән шығаруға қазақтың қара өлеңінің заман талабына сай түрленуі, мейлінше жаңа формаларға ие болуы мүмкіндік бермес те еді.
Қасымның өзі де он бір буындық өлең үлгісіне реформа жасағанын ескерсек, пікірімізді тиянақтай түсетініміз анық. Дегенмен Қасымның қазақ поэзиясына тыңнан түрен салып, қазақ жырын соны үлгілермен өрнектей отырып, оған өз жанынан асқан талғампаздықпен ән шығара білген әрі халық ықыласына бөлете алған шебер суреткер екендігіне ақынның жоғарыда аты аталған әндері дәлел болып тұр. Бір айта кетерлігі, ақын бұл әндерді композитор болайын деп, яки басқа бір ойлармен мақсатты түрде шығармағаны анық. Қасым әндері ақынның шерлі жүрегінен, оның кең кеудесінде жанартаудай жарылып, қуатты екпінмен, отты жалынмен лапылдай, тасқындай атылған жан дерті, қайғы-қасіреті, арыз-арманы дер едік. Қасымның осынау әндерін тыңдап отырып, қорғасындай ауыр ойлар меңдеп, терең тебіреніс кешкен ақынның дауылпаз болмысын жеткізуге құдіретті поэзияның өзі дәрменсіз болып қалғандай әсер аласың. Сол себепті ақын жан түкпірінің тереңіндегі «дауыл сырды» жұртқа жеткізу үшін өнердің тағы бір төресі – музыкаға жүгінгендей көрінеді кейде.
Дарынды өнерпаз Ерлан Төлеутайдың деректеріне қарағанда, Қасым Аманжолов халық және халық композиторларының әндерін шебер орындаған. Жазушы Жайық Бектұровтың жазып қалдырған естеліктеріне сүйенсек, ақын Мәдидің, Иманжүсіптің, Абайдың, Естайдың, Біржанның, Ақанның, Жаяу Мұсаның, Әсеттің, Балуан Шолақтың, Үкілі Ыбырайдың әндерін айтуды жақсы көрген. Жастайынан халық композиторларының әндері мен күйлеріне сусындап өскен Қасым ақынның музыкаға деген құштарлығы оның шығармашылығынан да көрініп тұрады. Бұл өз кезегінде Қасымға халық әуендері дәстүрінде ән жазуға әсер етті деп айтуға болады.
Жазба поэзия өкілдерінің ішінде қазақ музыкасына тұңғыш жаңаша форма әкелген кім десек, әрине, алдымен Абайды айтып, содан кейін қазақ музыкасына романтизм дәуірін сыйлаған Мағжан, Сәкен, Ілиястарды қатар атаған жөн. Бұдан кейін бұл игі дәстүрді өзінің дарын қуатымен жаңа биікке көтерген, сөз жоқ, ол – Қасым Аманжолов. Ақынның бізге жеткен «Өзім туралы», «Дариға сол қыз», «Туған жер» атты сүбелі үш әні Қасымды композитор ретінде биікке көтеріп, қазақ руханиятына сұлу жырлар мен сырлы әндерді қатар әкелген Мағжан, Сәкен, Ілияс ағаларының тобынан орын алғызды.
Кезінде бала Қасым Қарқаралыдан әлемге аттанды. Дүние кезіп, қиын да қызықты өмір сүрді. Бала кезі Семейде, жастық шағы Оралда, шығармашылық жылдары Алматыда өтті.
Жоғарыда, жазба әдебиеті бастауында қалқайып ұлт ұстазы Абай тұр, дедік, Абайдан соң Мағжан, Мағжанға Сәкен, Ілияс қатарласады, үшеуі артынан Қасымдар ереді. Бір топ ақын, лек, шоғыр, жалпы, жиын саны белгілі буын. Отыздың аяғы елудің ортасына дейін Қасым заманы туады.
Әлі күнге шейін қарағайлы орман ішінде асыл арман соңынан жалғыз өзі жапырақ кешіп жүріп келе жатқандай көрінеді. Тау жұпары аңқып тұр. Талайды көрген Қарқаралы тағы бір баласын ұзақ сапарға шығарып салады. Оның аласапыран заман жайлы адамзатқа айтар аса маңызды сөздері бар:
Ей, тәкаппар дүние,
Маған да бір қарашы,
Танисың ба сен мені,
Мен – қазақтың баласы!
Дауылпаз ақын, көкірегі даңғыл данышпан Қасым төсек тартып жатып, ұзақ мерзімге созылған ауыр науқастан 1955 жылы 44 жасында Алматыда қайтыс болады.
Дидар АМАНТАЙ