• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Аймақтар 17 Маусым, 2021

«Қарасора-2021» операциясы басталды

630 рет
көрсетілді

Жамбыл облысының Шу қаласында «Қарасора-2021» кең ауқымды операциясының ресми ашылуы өтті. ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Тілеген Маткенов Жамбыл облысы полиция департаменті басшылығының қатысуымен облыстық полиция департаменттерінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі аумақтық бөлімшелерінің бастықтарымен, Ұлттық ұлан, жергілікті атқарушы органдар өкілдерімен нұсқаулық кеңес өткізді.

Т.Маткеновтің айтуынша, «Қарасора» жедел алдын алу іс-шарасын өткізудегі негіз­гі мақсат – елдің оңтүстік өңір­лерінен каннабис тобының есірт­кілерін дайындаумен және әкетумен айналысатын адам­дарды анықтау, героин тра­фигі арналарының жолын кесу, сондай-ақ синте­тика­лық есірткіні таратуға маман­дан­ды­рылған ұйымдасқан қыл­мыстық топтардың қызметін, заңсыз есірткі зертханаларын жою.

Бұл операцияның ашылу орны ретінде Шу қаласының белгіленуі кездейсоқ емес. Тә­жі­рибе көрсеткендей, өткен жылы Шудан шыққан каннабис тобының есірткілері елдің барлық аймақтарынан дерлік алынған.

Жамбыл және Қызылорда облыстарының полиция де­партаменттерінде каннабисті тасымалдау барысында пайдалануы мүмкін жерлерді, ауылдық жолдарды ескере отырып, патрульдеу бағыттары әзір­ленді. Құрамында есірткі бар өсімдіктерді өсіру орындарын анықтау мақсатында ІІМ мен Ұлттық ұланның арнайы мақсаттағы бөлімшелерін, күштер мен құралдарды тарта отырып, Қызылорда облысы мен оған шекаралас аумақ­тар­да әуе барлауы жүзеге асы­рылады. Соңғы бірнеше жыл ішінде елдің оңтүстік аймақ­тарында ұйымдасқан қыл­мыс­тық топтардың тетраги­дро­каннабинолдың көп мөлшері бар марихуана жасалған «Үнді қа­расорасын» өсіруді жол­­ға қою әрекеттері тұрақты түрде анықталып, оның жолы кесілуде.

Кеңесте полиция депар­та­мент­терінің есірткі қылмы­сына қарсы іс-қимыл жөніндегі бөлімшелерінің осы жылдың 5 айындағы жедел-қызметтік жұмысының қорытындысы шығарылды әрі алдағы кезеңге бірқатар тапсырма берілді.

Бұдан кейін, нұсқаулық кеңеске қатысушылар Жам­был облысының Шу ауданын­да орналасқан «Дельта-До­лина» арнайы бөлімшесінің материалдық-техникалық жаб­дықтарымен  танысты. Осы бағытта тәжірибе алмасты.

Естеріңізге сала кетейік, «Қарасора» кең ауқымды операциясы жыл сайын маусым мен қазан аралығында қарасора өсетін кезде өткізіледі. 2020 жылы операция нәтижесінде 830 қыл­мыс анықталған. Түркістан, Қызылорда және Қарағанды облыстарында жалпы көлемі 260 гектардан астам 62 плантация, салмағы 20 тоннадан асатын 53 мың түп қарасора алынып, жойылған. Негізгі бөлігі Қызылорда облысына тиесілі 48 плантация жойылып, 14 тоннадан астам құрамында есірткі бар өсімдіктер тәркіленген. Қа­ра­ғанды және Қызылорда облыс­тарының шекарасында тікұшақпен ұшу кезінде Қы­зылорда өңірінің тұрғындары ұсталған, олар өз көліктеріне жасырынып, атыс қаруын қолдана отырып қарсылық көрсеткен.