• RUB:
    5.41
  • USD:
    472.49
  • EUR:
    515.44
Басты сайтқа өту
Спорт 17 Маусым, 2021

Майрбек Юсупов: Токиоға тек мықтылар барады

413 рет
көрсетілді

Шілде айының екінші жартысында Токиода алауы тұтанатын XXXII жазғы Олимпия ойындарының еркін күрес шеберлері сайысында Қазақстанның бес балуаны өнер көрсететіні белгілі. Олар – Нұрислам Санаев, Дәулет Ниязбеков, Данияр Қайсанов, Әлішер Ерғали және Юсуп Батырмұрзаев. Күні кеше ғана жерлестеріміз өздерінің кезекті оқу-жаттығу жиынын өткізу үшін Дағыстанның Хасавюрт қаласына аттанып кетті. Осы сапар алдында еліміздің ұлттық құрама командасының кеңесші-бапкері Майрбек Юсуповпен сұхбаттасудың сәті түсті.

– Майрбек Нагабекұлы,  2019 жылы Нұр-Сұлтанда ұйымдастырылған әлем чемпионатында Қазақстанның еркін күрес шеберлері төрт жолдамаға иелік етсе, биыл көктемде Алматыда өткен турнирде тағы бір балуанымыздың бағы жанды. Осылайша, біздің команда лицензиялар санын беске жеткізді. Біздің білуімізше, 74 кг салмақ дәрежесі бойынша «Төрт жылдықтың басты додасына кімді апарсақ?» деп біраз бас қатырған секілдісіздер?

– Иә, оныңыз рас. 74 кг салмақта қос балуанымыздың өзгелерден көші ілгері. Олар – Нұрқожа Қайпанов пен Данияр Қайсанов. Екеуі де байрақты бәсекелерде елеулі табыстарға қол жет­кізіп жүр. Таяу күндері 23 жасқа тол­ғалы отырған Нұрқожа 2019 жылғы әлем чемпионатының 70 кг салмақ дәре­жесінде күш сынасып, күміс медальды иеленді. 2019 және 2021 жылдары Азия чемпионатында ол алдына жан салмады. 28 жастағы Даниярдың әлем чемпионатының қола (2019) және Азия ойындарының күміс (2018) жүлдегері, Азия чемпионатының екі дүркін жеңімпазы (2019, 2020) деген атағы бар. Осы орайда, бапкерлерге де таңдау жасау оңай болған жоқ. Содан күні кеше ғана Польшаның астанасында шымылдығы түрілген Вацлав Циолковскидің мемориалына екеуін де апардық. Айтулы жа­рыста кім жақсы нәтиже көрсетсе, соны ғаламдық додаға апарамыз деген ше­шімге келдік. Өкінішке қарай, Қайпанов тұсаукесер кездесуінде мысырлық Әмір Реда Рамазан Хуссенге есе жіберді. Ал Варшавада өзін өте жақсы қырынан көрсеткен Қайсанов қола медальды иеленіп, Олимпия ойындарында Қазақ елінің намысын қорғауға лайық екенін дәлелдеді.

– 125 кг салмақта күш сынасатын Юсуп Батырмұрзаев пен Олег Болтин де қазір жақсы бабында. Сәуір айында Алматыда жалауы желбіреген жарыс­та екеуінің де атой салуы – жоғарыда айтылған сөзіміздің айқын дәлелі: Батырмұрзаев лицензиялық турнирде топ жарса, Олег Азия чемпионы атанды. Десек те таңдау Юсупқа түскен екен. Не себепті?

– Олег Болтиннің мықты балуан екені еш дау туғызбайды. Әсіресе өз елі­мізде өтетін жарыстарда ол жақсы өнер көрсетуде. Болтин бұған дейін де әлем чемпионаты, Азия ойындары және құрлық біріншілігі секілді дүбірлі додаларға қатысты. Бірақ сол бәсекелердің көбінде жерлесіміз жеңілістің кермек дәмін татты. Юсуп Батырмұрзаев сыртта жақсы күреседі. Оны қандай дүрмекке қоссақ та, жерге қаратқан кезі жоқ. Ал елішілік жарыстарда екеуі бір-бірімен аянбай айқасып, алма-кезек жеңіске жетуде. Осы жайттың барлығын ескере отырып, Олимпия ойындары қарсаңында қос алыпты тағы бір сынақтан өткізуді құп көрдік. Вацлав Циолковскидің турнирінде Юсуптың асығы алшысынан түсті. Небір сақа спортшыларға сан соқтырған ол қола медальды олжаласа, Олег алғашқы айналымнан аса алмады. 

– Нұрислам Санаевтың 57 кг сал­мақ­тың көшбасшысы екені еш дау туғыз­баса керек. Елішілік жарыстарда оза шапқаны былай тұрсын, ол Азия чем­пионатында алтын алып, әлемдік додада екі рет жүлдегерлер қатарынан көрінді. Десек те бұл салмақта тағы бір да­рынды балуан дараланып жүр. Сол са­йыпқыранға сенім артуға болмас па еді?

– Қазақстанда аса жеңіл салмақта кү­ре­­сіп жүргендер арасында мықты балуан­дар аз емес. Бірақ дәп қазіргі кезде Нұр­исламның алдын орайтын ешкім жоқ. Оны баршамыз мойындауға тиіспіз. Ақтөбелік саңлақтың өзі қатыс­қан жарыс­тардан олжасыз оралған кездері сирек. Сол себепті де Токио Олим­­пиадасында тәжірибесі әбден то­лыс­қан Саневқа сенім артып отырмыз. Ал сіздің айтып отырғаныңыз Адлан Асқаров қой. Адланның алымды әрі аса дарынды балуан екеніне қылаудай да шүбә келтірмейміз. Жасөспірімдер мен жастар арасындағы жарыстарда жасындай жарқылдаған ол ересектер дуына да еркін қосылды. Былтыр ел біріншілігінде 61 кг салмақта белдесіп, қарсылас шақ келтірмеген ол биыл Азия чемпионатының күміс медалін мойнына ілді. Жиырма жастан енді асқанына қарамастан, Асқаров әккі балуандардай өте сауатты әрі сапалы күреседі. Тех­ни­калық арсеналы мол, тактикалық даяр­лы­ғы жақсы. Жылдамдығы мен ептілігі де көңіл марқайтарлық. Алайда бұл жігітке қайта-қайта салмақ қудыруға біз түбегейлі қарсымыз. Өйткені бұл процестің пайдасынан зияны көп. Күрес саласының басы-қасында жүрген мамандар оны жақсы біледі. Адланның ағзасы әлі жас, бойы да ұзын. Уақыт оза жас жігіттің салмағы тағы да арта түсетіні анық. Сондықтан да, жеке бапкері және өзімен келісе отырып, осындай ұйғарымға келдік. Келесі олимпиадалық циклде біз Адлан Асқаровты 65 кг салмақ дәрежесінде күрестіруді көздеп отырмыз. 

– 65 кг салмақта белдесіп жүр­ген Дәулет Ниязбековтің өзге бәсе­ке­лес­те­рінен шоқтығы биік екенін түр­лі байрақты бәсекелер барысында бай­қап жүрміз. Сол себепті де Олим­пиа­да­да бақ сынайтындардың тізіміне оны бірден қосқан боларсыздар?

–  Ойыңыз дұрыс. Әлем чемпионатында екі рет жеңіс тұғырына көтеріліп, Азияның үш дүркін чемпионы және төрт дүркін қола жүлдегері атанған сақа спортшының бұл күндері алдына түсетін ешкімді көрмей тұрмыз. Иә, бір кездері жарақатына байланысты Ниязбековтің біраз жарыстан шет қалғаны рас. Сол уақытта бірде оны Саятбек Оқасов, енді бірде Әділ Оспанов алмастырды. Саятбек артылған сенімді ақтап, Азия ойындарында қола және құрлық біріншілігінде күміс медальды еншіледі. Әділ болса, сәтсіздікке ұшырады. Түрлі жарыстарда барлық үміткердің шама-шарқын байқап көрдік. Шыны керек, қазір Дәулеттің алдын орайтын ешкім жоқ. Сол секілді 97 кило салмақ дәрежесінде айқасып жүрген Әлішер Ерғалидің де шеберлік деңгейі барша қарсыластарынан бір бас жоғары. Оған ұлттық құрама бапкерлерінің көздері әлдеқашан жеткен. Сондықтан да Дәулет пен Әлішердің Токиоға баруына еш кедергі жоқ. 

 – Олимпиада қарсаңындағы оқу-жат­тығу жиынын Дағыстанның Хаса­вюрт қаласында өткізудің құпиясымен бөліссеңіздер?  

– Онда еш құпия жоқ. Біріншіден, Ха­сав­юртта еш алаңсыз даярлануымызға барлық мүмкіндік бар. Жаттығу залы, жатын орын, асхана – бәрі де бір жерде шоғырланған. Ары-бері жүріп, уақы­тыңды зая кетірмейсің. Екіншіден, Да­ғыс­танның балуандық өнерде жеңіспен өрілген бай дәстүрі бар. Яғни бұл жақ­та біздің жігіттермен спарринг жасайтын спортшылар табу еш қиындық туғыз­байды. Сөйтіп, бірер апта Дағыстанда тер төгуді жөн көрдік. Соңғы жаттығу жиы­нын 9-26 шілде аралығында Алматы облысы Талғар ауданының аумағында орналасқан АИБА-ның базасында өткі­зуді көздеп отырмыз. Ол жерде де біраз жоспарлы жұмыстарымыздың жүзеге асырмақ ниеттеміз. Ал 27 шілдеде ұшаққа мінеміз де, Жапонияның астанасын бетке аламыз. 

– Әңгімеңізге рахмет! Күллі қа­зақ­­­стандық жанкүйерлер сенім артып отырған еркін күрес шеберлері Токио Олимпиадасынан мол олжамен оралуы­­­на тілектеспіз!  

–  Айтқаныңыз келсін! Сіздерге де көп рахмет! Ел сенімін ақтау үшін балуандарымыз барын салатынына сенімдімін.

 

Әңгімелескен Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Egemen Qazaqstan»