• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Пікір 18 Маусым, 2021

Кітапсыз да дүние бос

974 рет
көрсетілді

Кітапсыз өмірімді елестете алмайтынды­ғым­нан болар, адам баласы не үшін кітап оқиды деген сұрақтың жауабын осы күнге дейін іздеп көрмеппін.

Алғаш рет мектеп бетін көріп, әріп танып әжелерімізден есті­ген ертегіні қағаздан оқудың ғанибетін түсін­генімізден басталған кітапқұмарлығымыз өмір бойы жалғасып, бір толастаған жоқ. Білім­нің азығын, өмірдің мәнін тасқа басылған парақтардан іздеп келеміз.

Білгенге, адам баласының бар жиғанын осы кітап бетінде қалдырып, Адамата мен Хауана жер бетіне түскелі ағып жатқан ғасырлардың тәжірибесі де осында басылғандай. Екі аяқты пенденің бір-бірімен қарым-қатынасының, мінез-құлқының сан алуан сипаты, өмір сүрудің баға жетпес тәжірибесінің шежіресі де осында. Мықты авторлардың мұрасын оқыған сайын өреміз өсіп, дүниетанымымыз аясынан асып ерекше ақыл-ойдың үлгісіне тәнті боламыз.

Мына тірлікте беймаза ойлардан арылғы­мыз келсе де кітапқа үңілеміз. Кітап-қазына тоқығанға ақыл-кеңесін беріп қоймай, оқыр­манының дүниетанымын қалыптастырып, құндылығын құнттап, дүниеге басқа көзбен қаратып, жаратылыстың құпиясын тануға әсер ете бастайды. Мазалаған сұрақтың жауабын кітаптан тапқанда, көңілің өседі. Өмірдің мәнін тереңірек түсінесің. Әсіресе әлем әдебиетінің жауһарларын тізбелеген сайын жаратылыстың ақиқаты ортақ екеніне көзім жетіп келеді. Тілі бөлек, сөзі бөлек, әдет-дәстүрі мен ұстанымы кереғар, бірақ ұмтылысы бір бәрінің де іздегені үйлесім, іңкәрлік, махаббат. Сонда өмір бо­йына іздеп өтетініміз осы үйлесім екен ғой деп таңғаламыз. Үйлесім де сан сипатты. Оның бағасын кітап оқыған сайын парықтай аласың.

Қай заманда болмасын, адамдардың жан азығын кітаптан іздеудің сыры осында. Бүгінде бүкіл әлемге ең көп тараған кітаптың тиражы 6 млpд болыпты. Тасқа басылған дүниенің та­ра­лымы жағынан алға шыққан Інжілді Жер шарының тұрғындарының барлық тіліне аударып, әлі күнге дейін үздіксіз басылуда. Келесі кең таралған басылым Mao Цзэдyнның айтқан сөздері, еуропаша айтқанда, «Қызыл кітап» екен. Ол дүниеге 900 млн данамен таралыпты. Көп таралған кітаптардың ондығында көбімізге таныс анықтамалықтар, сөздіктер тағы басқа жалпыға ортақ оқылымды басылымдар бар. Бір қызығы, олардың ішінде көркем әдебиеттер жоқтың қасы. Себебі түсінікті. Көркем әдебиет – тек сөздің парқын білетіндердің ғана тісі бататын – асыл қазына.

Қазір әр тараптан ақпараттың құйылып жатқан уақыты. Әркім қал-қадерінше ақпа­ратымен бөлісуге асығады. Сол нөпір шынайы оқырмандардың алтын уақытын аяусыз тар­тып алып жатыр. Тәулігіне өзімізге қажетті дүниені кітапқа үңілдіруге мұрша бермей, жарқырауық өткен-кеткен дүниелермен басымызды толтырып алатын болдық. Ақы­рын­да, бас-аяғы жоқ азын-аулақ арзымайтын нәрсе­лерге тоқмейілсіп, ізденбейтін күйге жет­тік. Дүниенің шұрқ тесігінен атқылаған ақ­парат легі емес, біздің ішкі әлемімізге, жан дү­ниемізге жарық түсіретін – ұлы дүниелер. Ол үшін күн санап, қолымыз қалт еткенде кі­тапты парақтап ыждағаттылық танытуымыз керек. Бара-бара инемен құдық қазғандай ал­ған біліміміз шалқар көлге айналады. Жаға­лауында желкілдеп өскен құрақтай жан дүние­ңіз құлпырып сала береді.

Бүгінде бар уақытын гаджеттер мен интер­нетке зая еткендерге жаным ашиды. Клас­сика­лық дүниелердің ұлы тұлғаларының мәң­гілік үл­гісін білмей өткен өмірзая осы ғой. Теле­ди­дардан басталып қол телефонмен аяқ­тал­ға­лы,  (мүмкін әлі де  «өмір жегіш» заттар пай­­да болар) адам баласының бір кемдігі артып, білім­­сіздігі, кең ойлай алмайтындығы, жа­сам­­паздығы жоғалып барады. Аузындағы айтар сөзі де аза­йып, ойындағысын жеткізуге шорқақ.

Кітап оқуға да машықтанған жөн.

Өз басым бірнеше кітапты қатар оқимын. Қайталап оқитын, мұқабасы мүжілген кітап­тарым да жоқ емес. Баспадан жаңа шыққан, әріп­тері үлкен көркем безендірілген кітапты алғаш қолыма алғанда көңілмен бірге көзім де қуанады. Сыртқы сәніне мазмұны сай келсе, ол да бір мереке. Кейде қызық емес деп кейінге қалдырған авторларым да тартымды болатын кезі болады. Сондай құпиялы, әрбір жолы сырға толы авторларым жеткілікті. Мысалы, Абайдан кейін Мағжанды оқысам ақылым толып, Жұмекенді жаттасам, кемелденгендей боламын. Мұқағалиды оқыған сайын жүрегімнің кірі кетіп жеңілдеп қаламын. Алып Мұхтардың мысы басады, тілі төгіліп тұрған Әбіштен кейін қаламым қамшы салдырмай, өзінен өзі желіп кетеді. Тынымбай ағаммен бірге, Бейімбетті еске алып мен де өмірге қарап жадырап бір күліп аламын. Айта берсең, әрқайсысының адамға әсері әртүрлі. Оны сезінудің өзі ға­жап. Оқыған кітаптан алғаныңыз болмаса, мына дүниені танып, адамдардың іс-әрекетін бағам­дау қиынға соғар. Махаббатсыз ғана емес, кітапсыз өткен өмірдің де мағынасыз тіршілік екенін ұмытпайықшы.

 

Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ