• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Өнер 20 Маусым, 2021

Қазақ сахнасының Шолпаны

1679 рет
көрсетілді

Кең-байтақ қазақ даласының қай қиыры болсын өнерден ешқашан кенде болған емес. Соның ішінде Алтайдан Атырауға созылып жатқан ұшы-қиыры жоқ сайын сахараның кіндігі – Арқа атырабы, атап айтқанда, қасиетті Қарқаралы топырағы дарындарға ерекше бай. Қаздауысты Қазыбек биден бас­тап сөзге ұста, әнге шебер, сахнада саңлақ дүлдүлдер мен бұлбұлдарды тудырған бұл өлкенің әр тасы – ақын, әр бұтасы – бұлбұл.

Бүгін біз сол киелі топырақ­тан түлеп ұшқан, қасиетті өнерге Арқа төрінен қанат қаққан айтулы тұлға, ұлттық сахна өнерінің мақтанышы, КСРО және ҚазКСР халық әртісі, Мемлекеттік сый­лықтың лауреаты Шолпан Иса­бекқызы Жандарбекова жайлы толғанғымыз келеді.

Жалпы, қазақ театр өнері қазір біз көріп жүрген шырқау биікке бір күнде шыға салған жоқ. Оның берік іргетасын қадау-қадау өнер тұлғалары, аттары бүгінде аңызға айналған аяулы өнер жұлдыздары ұшан-теңіз еңбекпен тер төгіп жүріп қалады. Солардың ішінде Шолпан Жандарбекова да бар. Негізі шын таланттың халыққа ортақ тұлға екендігі кейде оның туған жерін көп айтып мақтана бермейтіндігінен, шыққан тегін көрінген жерде шежірелеп рухани биіктерге рулық деңгей­мен тырбанбайтындығынан-ақ көрі­ніп жатады. Топырағы киелі, тек театр өнерінің өзіне Қ.Қуа­ныш­баев, Ж.Елебеков, Р.Қойшыбаева, Х.Еле­бе­кова, К.Сыздықова, Р.Сәл­ме­нов, Ш.Жандарбекова сынды  таланттарды берген Қар­қаралымен бір мақтанса біздің осы кейіпкеріміз мақта­нуы керек еді-ау... Алайда ол кі­сімен жа­қын араласқан жандар болмаса Жандарбекованың Қарқаралы ауданына қарасты №5 ауыл­да дүниеге келгенін көбісі біле бермепті. Белгілі ак­тер Кеңес Жұмабеков бір есте­лігінде жазғандай ол кісінің за­мандастарының естеліктерінен де, басқа кітаптарда да туған топырағы туралы көп дерек кез­деспейді. «Шолпан апайдың ту­ған жеріне ең соңғы рет келгені әлі есімде. Гастрольмен «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» спектаклін қойып, өзінің шәкірттерін бас­қарып Қарқаралыға соқты. Сол кездегі облыстық мәдениет бас­қармасының басшысы Р.Омар­бекова Шолпан апамызды Қар­қаралыға жеткізіп салуды маған тапсырды. Жол бойы апай көп әңгімеге араласпай, көлік тере­зесінен алысқа көз жіберіп, мазасыз үлкен ой құшағында болды. Мүмкін туған әке-шешесін, бал дәурен балалық шағын еске алып, Алматыға оқуға аттанғанынша осы өңірде өткен ауыртпашылыққа толы қиын кезеңнің басынан өткен жағдайларын еске түсірді ме екен?.. Өйткені ол жылдар қазақ елінің аумалы-төкпелі зобалаң жылдарының қиын кезеңі еді ғой. 1922-1935 жылдардағы өмірі сол Қарқаралы ауданы Нұркен ауылында өткен. Апай өзі ешуақытта шәкірттеріне өмір жолын айтпайтын көрінеді. Көптеген кітапты да ақтардым, замандастарының естеліктерін де оқыдым, бірақ Қарқаралы өңіріндегі ең тәтті ба­лалық шағы туралы ештеңе кез­дестірмедім. Шәкірттеріне тек: «Мен Қарағанды облысы, Қар­қаралыданмын, руым – қараке­сек» дегеннен әрі ештеңе де айтпайтын көрінеді және туыстары, әке-шешесі кім болды, ешқандай мәлімет жоқ. Тек әкесінің аты Иса­бек екені ғана белгілі», дейді К.Жұмабеков.

Бірақ Шолпан Жандарбекова туралы жазған С.Есенқұловтың «Қазақ әдебиеті» газетінде жа­рық көрген мақаласында оның анасының есімі Нұржамал екені анық жазылған.

Қазақ театр өнерінің жарық жұлдызы жетінші сыныпты бі­тірген жылы Алматыдағы театр-көркемсурет училищесіне қа­былданып, оны 1942 жылы ойда­ғыдай бітіреді. Кейін атақты актриса М.Әуезов атындағы қазақ драма театрына жұмысқа орналасады. Жандарбекова жұлдызының алғаш жарқырап жанған шағы М.Әуезовтің «Сын сағатындағы» Рәш қыздың рөлін сомдаған кезі екен. Жалпы, театрға ең алғашқы қадамы ауылға көшпелі цирк ке­ліп, аяқастынан ауырып қал­ған актрисаның орнына, кішкене көлбақа рөлін ауыл балаларының арасынан еті тірі, ұшқыр Шолпан ойнап шығуынан басталыпты. Ке­йін оның халқымыздың ар­дақ тұтар аяулы аруларының тұ­тас галереясын жасап шыққан тағы­лымды да тарихи өмір һәм өнер жолы басталады.

Ол сахналаған нәзік иірімдер Ақтоқты, Баян, Еңлік, қыз Құртқа, Назым Хикметтің «Фархат-Шы­рынындағы» лирикалық әрі ро­мантикалық бояуы бөлек Шы­рын – өзіндік шығармашылық ше­бер­лікпен сомдалған ерекше бейнелер. Тек бұлар ғана емес Ш.Жандарбекова сахнаға іш­кі психологиялық болмысы те­рең, жан дүниесін оңай аштыра қой­майтын күрделі кейіпкерлерді де сомдап, ұлт өнерінің тарихына орнықтырады. Олардың ішінде әлемдік классикадағы бел­гілі бейнелер Ж.Мольердің «Са­ра­ңындағы» Марианна, У.Шек­спирдің «Отеллосындағы» Дездемона тағы басқалары бар.

Жалпы, Шолпан Жандарбеко­ва – Алаштың Ақтоқтысы еді... ­Оны тағы да өз естелігінде К.Жұма­бе­ков былай деп жақсы жаза­ды. «Әсі­ресе Қ.Қуанышбаев Шол­пан апай Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» драмасындағы Ақтоқ­­ты рөлін алғаш сомдағанда спек­такль біткен соң ерекше тебіреніс­пен құттықтап тұрып: «Шолпан десе, Шолпан ғой!» деп мақтаныш­пен бәріне жар салғаны – ұлттық ­сахна өнеріне тамаша драматургия­мен бірге Жандарбекова атты жаңа жұлдыздың жарқыраға­­нын біл­дірмей ме?! Жандарбекова­ның Ақтоқтысы – бүгінгі жас әр­­тістер үшін биік меже. 1958 жы­лы Мәскеуде өткен декада ке­зінде Ақтоқтыны көрген орыс­тар, әсіресе сыншылар Шолпан апай­дың Ақтоқтысын сұлулық сим­волына теңеп, жоғары баға берген. Мен өзім 1966 жылдары Ақтоқтыны көргенде Шолпан апайдың сахнадағы жүріс-тұрысы, сөйлеген сөзі айдында жүзген ақ­қудай әсерге бөледі. Ақтоқты Шолпан апайдың визиткасы болып, 25 жылдан артық сахна тө­рінен түспей, көрермендердің құр­метіне бөленіп, рухани ләззат сыйлады», дейді ол.

Ш.Жандарбекова сондай-ақ театр сахнасынан бөлек қазақ ки­носында да дара із қалдырған дарын иесі. Оны тағы талант­ты шәкірті, белгілі актер Тілектес Мейрамов өз естелігінде төмен­дегідей еске алады: «Бала күні­мізде аудан орталығынан алыс­тау жатқан колхозға жылына екі-үш рет көшпелі автоклуб ке­ліп кино көрсетеді. Ең алғаш көр­ген фильмім қазір есімде жоқ, бірақ ерекше есте қалғаны «Қозы Көрпеш – Баян сұлу». Әл­гі фильмнің ұнағаны сондай, бір топ бала жаяу-жалпы, кейбірі атқа, велосипедке мінгесіп келесі ауылдан тағы барып көретінбіз. Қанша дегенмен баламыз ғой, бір-екі көргеннен кейін жаттап алып, біріміз Қозы, біріміз Қодар, біріміз Баян болып өзімізше ойнайтын болдық. Шолпан апайды тануымыз осылай, өткен ғасырдың елуінші жылдарының ортасында басталған... Кейін «шәкірті бо­ламын-ау, сахнада бірге ойнай­мыз-ау» деген ой ол кезде түсімізге де кірген жоқ», дейді Т.Мейрамов.

Сахнадағы, кинодағы мол тә­жірибесінен кейін ол Алматының Құрманғазы атындағы Өнер консерваториясында ұстаздық ете­ді. Шәкірттерінің көбі бұл күнде өздері бір-бір тауға айналған ірі-ірі өнер қайраткерлері. Атап айт­қанда, шәкірттері Қазақстанның халық әртісі Т.Мейрамов, Мем­лекеттік сыйлықтың лауреаты С.Қажымұратов, Қазақстан­ның еңбек сіңірген қайраткерлері М.Оспанов, Б.Ыбыраев, Ә.Ораз­беков, К.Нұрланов, Б.Құр­ман­қожаев бүгінде өздері де ұла­ғатты ұстаз, халықтың сүйікті ұл­­дарына айналған ардақты есім­дер. Ұстазынан мол білім мен өнеге үйренген шәкіртінің бірі, Қазақстанның еңбек сіңірген әр­тісі, профессор Жұмагүл Өмір­заққызы апайы туралы «Бір таң­ғаларлығы болашақ актер таң­дауда апамыз бірде-бір рет қате­лескен емес, әсіресе қыздарды таң­­дауға келгенде ерекше еді. Бү­­кіл институт болып «Шіркін, Шол­­пан апайдың қыздары-ай!» деп там­санып жүретін... Шынымен де ол кісіден оқып, кейін бітіріп шық­қан қыздар дарынды ғана емес, шетінен әдемі, нағыз сахнаға ла­йық жұлдыздар болды. Жүздеген жас­тың арасынан қалай таңдай­ды, сырт пішіні көзге көрінгені­мен, іште жатқан қабілетін қа­лай біледі, біз үшін ол әлі де жұмбақ. Жігіттердің де кілең бойшаң, түр-сымбаты келіскендерін іріктеп алатын. Тек өз шәкірттеріне ғана емес, жас актрисалардың бәріне ақыл-кеңесін айтып, қамқор бо­лып жүруші еді...» деп еске ала­ды. С.Сейфуллин атындағы об­лыстық қазақ драма театрының актрисасы Бижамал Кемалова да Ш.Жандарбекова класын бітір­ген шәкірт. Б.Кемалова да ұстазын сағынышпен еске алып: «Өте қа­рапайым болатын. 3-4 күндік мерекелерде ауылы жақындар елдеріне кетіп қалғанда, алыс облыстың қыздарын үйіне алып кетіп қонақ қылатын», дейді. Шәкірттерін сон­шалық жақсы көретін ұстаз ре­тінде Шолпан апай олар туралы үлкен мақтанышпен айтып келіп: «Мен кейде шәкірттеріме өзім үйретем, кейде олардан өзім үйренем. Өнер заңының өзі солай емес пе?», дейді.

Жалпы, өнертанушылардың бар­лығы Жандарбекова жұл­ды­зының жарқырауына сол шақта­ғы актерлер құрамының мықты­лы­ғы, театр репертуарларының ерекшелігі сеп болғандығын жа­­зады. Қ.Қуанышбаев, С.Қо­жам­құлов, Е.Өмірзақов, Ш.Айма­нов, Қ.Жандарбеков, Ы.Ноғайбаев, Н.Жантөрин, Х.Бөкеева, Б.Римова сынды алыптармен бірге бір сахнада өнер көрсеткен Шолпан Жан­дарбекова есімі шын мәнінде сах­на төрінің шырайы, аты да айтып тұрғандай сахнаның жарық Шолпаны деуге әбден тұрарлық. Өзі де естелігінде: «Менің театрым, менің сахнам – бұл екеуі мен үшін егіз ұғым. Театр – менің екінші үйім болса, сахна – өнерімнің өркен жайып көпшілікпен тілде­сер жерім. Осы театрда алғаш рет үлкен өмірдің есігін аштым. Қазақтың аяулы да ардақты дарынды тұлғаларымен бір сахнада, бір шаңырақтың астында жүріп сан жыл жұмыс істеппін. Ол кісілердің өмірдегі, өнердегі үлгісі мені үнемі жақсылыққа талай рет жетектеді. Әрдайым рөлдерім бір-біріне ұқсамаса екен, өз-өзімді қайталамасам екен дедім. Оның үстіне жеңіл-желпі ойнай салуға бұған дейінгі жасаған образдарым да, өскелең бүгінгі көрермен талабы да жібермеді», дейді шын талант Шолпан Исабекқызы.

Жалпы айтпағымыз, ерекше талант иесі болған, қазақ театр өнерін өрге сүйреуде үркердей топтың ішіндегі осы Шолпан Жандарбекованың үлесі үлкен. Келер жылы аяулы актрисаның туғанына 100 жыл толады. Келер жылы дегенде тура 1 қаңтар күні 1922 жылы дүниеге келген атақты дарын иесінің мерейтойы. Бұл орайда ардақты тұлғаның есімін ұлықтауда ұлт болып ұйым­дас­қанымыз дұрыс. Дөңгелек датаға байланысты дайындық шараларын осы бастан қаузаған жөн. Айталық жаңа жоғарыда біз атап кеткен, Шолпан Жандарбекова­мен сахнада қатар өнер көрсеткен театр жұлдыздарының есімдері бүгінде бір-бір өнер ошақтарына берілген. 100 жылдық мерейтойы қарсаңында Ш.Жандарбекованы есімін де мәңгі есте қалдыру мақ­сатында бірқатар шара атқа­рылса артық емес.

Алдымен өзі өмір бойы ең­бек еткен Алматы қаласынан кө­ше атауы берілсе, сондай-ақ 2022 жы­лы Ш.Жандарбекова атын­дағы республикалық театр­лар фестивалі өткізілсе қандай жарасымды болар еді. Одан бө­лек жыл сайын өтетін театр фес­тивальдарының біріне Ш.Жан­дар­бекова атындағы жүлде таға­йындалса, сол сияқты аяулы өнер иесі туралы кітап жарыққа шы­ғарылып жатса нұр үстіне нұр емес пе? Ең бастысы, театр өне­рінің жарық жұлдызы туралы де­ректі фильм түсіріліп, өзінің туған өңірі Қарағанды облысының ор­­талығындағы орта мектептің бі­ріне Ш.Жандарбекованың есімі бе­рілуі керек. Бұл ұсыныстардың бар­лығына Мәдениет және спорт министрлігі, өңір басшылары, атап айтқанда, Алматы қаласы, Қарағанды об­лысының әкімдері мүдделі дер едік. Олардан бөлек ұстаз тәр­биелеген қаншама шә­кірт те бұл ұсыныстарды жан-жақ­ты қол­дап, игі іске бір кісідей жұ­мы­­ла­ты­нына сенімдіміз.

Қазақ руханиятына қарлы­ғаш қанатымен су сепкендей қай­­раткерлік қылған осындай тұл­ғалар әрқашан насихатталуы тиіс. Бүгінгі ұрпақ қазақ елі­нің рухани, мәдени дамуына, көр­кеюіне айтулы үлес қосқан ар­дақты тұлғаларын ешқашан ұмыт­пауы керек. Оның ішінде қазақ сахнасының Шолпаны, Алаштың Ақтоқтысы атанған Жан­­дарбекованың есімі жас ұр­паққа үнемі үлгі болуы керек.