ҚР Үкіметі 8 трлн теңгеге 415 инвестициялық жобаны іске асыруды көздейді. Бұл туралы ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
«2021 жылдың қорытындысы бойынша Үкіметтің алдында экономика өсімін 3,5-4,0 пайыз деңгейінде қамтамасыз ету және 1,2 млн адамды жұмыспен қамту шараларын іске асыру міндеті тұр.
Бұл халықтың нақты табысын 5 пайыз арттыруға мүмкіндік береді. Үкімет сонымен қатар 8 трлн теңгеге 415 инвестициялық жобаны іске асыруды көздеп отыр», деді Асқар Мамин.
Үкімет басшысының айтуынша, биыл 17 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру, 200 мектеп салу және 30 медпункт ашу, 6 мың шақырым автожол жөндеу және салу, халықты ауыз сумен қалада – 98 пайыз және ауылда – 91,8 пайыз қамтамасыз ету жоспарланған.
«Агроөнеркәсіптік кешеннің әлеуетін пайдалану үшін 1 050 шақырым каналды жөндеу жоспарланып отыр. Бұл суарылатын жерлерді 78 мың гектарға ұлғайтуға мүмкіндік береді», деді Премьер-Министр.