• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Өнер 22 Маусым, 2021

Көне дәуір көріністері

892 рет
көрсетілді

Көне заманды көз алдымызға әкелетін екі құдірет бар. Бірі – сөз болса, екіншісі – сурет. Сөздің сиқыры құпияларды талқандауға құштар, ал бояудың сыры беймәлім дүниеге астар іздеуге мәжбүрлейді. Оны адам жанарымен көреді, жүрегімен сезінеді. Міне, кенеп бетіне түскен кез келген көріністің жұмбағы осында. Ал сол жұмбақты шешуге сіз бен біздің кейде шамамыз жетпей жатады. Сондықтан да қылқалам иесінің қиялына ғашық күйде қала береміз.

Тағы бір тамаша туынды. Өн бойына тарихтың дауысы сіңген. Көрген бетте кеудеңізге бабалар үні, аналар жыры келеді. Шығарманың иесі – Суретшілер одағының мүшесі Нелли Бубе. Автор картинаны «Архаик» деп атапты. Сіздің ойыңызға ештеңені салмай ма? Таныс сөз, тамырын бассаңыз, дәуірлерді аттап өтесіз.

Негізінде, еңбек пен салт-сана­мыз­дың шырақшысы болған көш­пенді әйел бейнесі – Н.Бубенің шығар­машылығының басты ұстыны. Ком­позицияны барынша толықтырып тұрған алтын жалатылған киімге, бас киімге, дәстүрлі тұрмыстық бұйым­дарға ықыласпен назар салсаңыз, қоп-қоңыр қазақ ауылы қол бұлғайды. Әдет-ғұрпынан жаңылмаған баяғы бабатанымның үзілмеген үміті мен сенімі бардай. Оқырманға әртүрлі атмосфера сыйлауымен қызық та қым-қуыт.

Композицияның ортасына қы­рынан, алдынан және арқасынан алған үш ракурстағы керемет әшекейленген сәукеле киген қыздың портреті ор­наластырылған. Сурет ақшыл алтын фонға жазылып, петроглифтер бейнеленген қоңыр түсті жақтауға жазылған.

Шебер Тамғалы петроглифтерін бейнелей отырып әрі әйел затының ежелгі бас киімін пайдалану арқылы байырғы қазақ мәдениетінің тамырын басады. Сол арқылы скиф және сақ тайпаларының дәуірін мадақтайды.

Жалпы, «Сәукеле» – әйелдердің ең қымбат бас киімі ғана емес, ол жаңа өмірдің символы ретінде де құн­ды дү­ние. Бұл қыз баласының еркелігі азайып, жаңа отбасылық өмі­рінің бас­талғанына белгі. Қымбат тастармен әшекейленген сәукеле қазақ хал­қы­ның қолданбалы өнерінің ең үздік үлгілерінің бірі саналады. Мұны автор әдемі үйлестірген.

Суретші туындысының бір өзге­шелігі – бояуында. Нақты айтқанда, ешқандай әсірелеу емес,  жаңа символ бере алатын «фирмалық», яғни алтын-қоңыр түсі. Бұл да шебердің орасан ең­бегінен туған құбылыс есебінде ерекше көз тартады.

О бастан-ақ дала халқы алтын-қоңыр түсті қадір тұтқан. Соның ішін­де қазақ ұлты қоңыр түсті киелі са­наған. Қазақ мәдениетінде «қоңыр» сөзі көп мағына береді. Қоңыр бояу рухты оятады һәм жанды еліктіріп әкететін сиқырлы қуат-күшке ие. Ата-бабамыз барлық жақсылықты сол сөзбен байланыстырып отырған екен.

Суретшінің шығармашылығында сары мен қоңыр түс бірлесіп, алтын заманды, дала даналығын сақтаған байырғы уақытты еске түсіреді. Кар­тина кескіндеме, графика, коллаж әдістері араласып жазылған.