• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Қоғам 22 Маусым, 2021

Қазақстанда мамандандырылған 21 әкімшілік сот жаңадан құрылды

749 рет
көрсетілді

ҚР Жоғары Сот кеңесі жаңа мамандырылған әкімшілік соттарға судьяларды конкурстық іріктеуді қорытындылады, деп хабарлайды Egemen.kz.

«1 шілдеден бастап елімізде әкімшілік процедуралық-процессуалдық кодекс күшіне енетіні белгілі. Осыған орай, облыстық соттарда әкімшілік істер жөніндегі мамандандырылған сот алқалары құрылды. Ал, облыс орталықтары мен Қаскелен, Семей, Жезқазған және Екібастұз қалаларында 21 мамандандырылған әкімшілік сот жаңадан құрылды. Қазіргі әкімшілік соттар әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған соттар болып өзгертіледі. Ал жаңадан құрылған әкімшілік соттарда мемлекеттік органдар мен азаматтар арасындағы даулар қарастырылады», деп хабарлады ҚР Жоғары Сот кеңесінің аппараты.

Жоғары Сот кеңесі жаңа соттарды кадрлармен қамтамасыз етуге бағытталған конкурсты аяқтап үлгерді. Атап айтқанда, облыстық соттағы алқалардың 17 төрағасы, аудандық соттардың 21 төрағасы және 78 судьясы қызметіне кандидаттар іріктелді. «Бұл лауазымдарға қызығушылық өте жоғары болды. Мысалы, облыстық соттағы алқа төрағасының 17 бос лауазымына барлығы 91 адам құжат тапсырған. Аудандық сот төрағасының 21 бос лауазымы конкурсына 89 үміткер қатысты. Аудандық сот судьясының 78 бос лауазымына – 279 адам. Оның ішінде, 129 адам Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында құрылған жаңа мамандандырылған әкімшілік соттарға орналасуға ниет білдірген. Ал Қызылорда облысындағы жаңа мамандандырылған ауданаралық сотқа бар жоғы 16 адам құжат тапсырды», дейді Жоғары Сот.

Кейбір лауазымдарға жарияланған конкурс, үміткерлер бола тұра, жүзеге асқан жоқ деп танылды. Себебі лайықты талапкер болмаған. Конкурстық іріктеу нәтижесінде Жоғары Сот кеңесі келесі лауазымдарға үміткерлерді іріктеді: Облыстық соттағы алқа төрағасы лауазымына - 16 үміткер; Аудандық сот төрағасы лауазымына - 18 үміткер; Аудандық сот судьясы лауазымына - 60 үміткер. Іріктеліп алынған 94 тұлғаның 48-зі ер адамдар, 46-сы әйелдер. Талапкерлердің 11-і тұңғыш рет судья лауазымына ұсынылып отыр.

Аталған конкурс шеңберінде 27 адам жоғары тұрған лауазымдарға ұсынылды. Бос судья лауазымдарына ұсынылған тұлғалардың толық тізімі, және конкурсқа қатысты басқа да ақпарат Жоғары Сот кеңесінің ресми сайтында жарияланатын болады.