Күн өткен сайын футболдан Еуропа чемпионаты өзінің қызған шағына еніп келеді. Еуроның 11-ші жарыс күнінде B және С тобындағы командалар топтық кезеңдегі бәсекелерін аяқтады.
B тобының соңғы турында плей-офф кезеңіне мерзімінен бұрын жолдама алып қойған Бельгия мен жолдамадан үмітті Финляндия құрамалары кездессе, екінші матчта алғашқы екі турда соқыр ұпай да ала алмаған Дания мен екі ойынның біреуінде жеңіске жеткен Ресей футболшылары үш ұпай үшін таласты. Ал С тобында Украина Аустриямен келесі кезеңнің жолдамасын сарапқа салса, Нидерланд Солтүстік Македониядан емтихан қабылдады.
«Йохан Кройф Аренада» (Амстердам) өткен кездесуде Нидерланд құрамасы Еуропа чемпионатына тұңғыш рет қатысып жатқан Солтүстік Македония қақпасына жауапсыз үш гол соқты. Бірінші таймда Мемфис Депай құрамасын есепте алға шығарса, екінші таймда Джорджиньо Вейналдум екі гол соғып, дубль авторы атанды. Вейналдумның екі голына да Депай ассистенттік жасады. Қорытынды есеп – 3:0. Енді Нидерланд құрамасы плей-офф кезеңінде А тобында екінші орын алған Уэльс футболшыларымен кездеседі. Үш ойында бірде-бір ұпай ала алмаған Солтүстік Македония үшін Еуропа чемпионаты аяқталды.
Ал қатар өткен екінші матчта Аустрия футболшылары Украинадан басым түсті – 1:0. Ойындағы жалғыз әрі жеңісті голды бірінші таймның 21-минутында Кристоф Баумгартнер салды. Нәтижелі пастың авторы – Давид Алаба. Осылайша Аустрия құрамасы өз тарихында алғаш рет Еуропа чемпионатының 1/8 кезеңіне жолдама алды. Ал Андрей Шевченко шәкірттері таразы басын теңестіруге қанша ұмтылғанымен, Аустрия футболшылары қарсыластарына гол соғатын мүмкіндік берген жоқ. Өйткені тең нәтиже Украина құрамасын келесі кезеңге алып шығатын еді. Дегенмен Украинада әлі де үшінші орынмен 1/8 финалға шығуға мүмкіндік бар. Егер үшінші тур қорытындысы бойынша Александр Зинченко бастаған украиналықтар әр топта үшінші орын алған үздік төрт құраманың қатарына кіретін болса, жарысты әрі қарай жалғастыра алады. Әзірше олар қосымша көрсеткіш бойынша төрттіктің қатарында тұр. Ал Аустрия плей-офф бәсекесінде А тобының көшбасшысы Италия құрамасымен бақ сынасады.
Санкт-Петербург пен Копенгагенде өткен B тобының ойындарында Дания мен Бельгия құрамалары жеңіске жетті. «Дат динамиттері» соңғы турда Ресей футболшыларымен кездесіп, ірі есеппен басым түсті – 4:1. Келесі кезеңге шығу үшін бұл ойында Данияға тек қана жеңіс керек болатын, ал Ресейге тең есеп те жетіп жатыр еді. Дегенмен кездесуді ресейліктер өте белсенді бастады. Матчтың 18-минутында Александр Головиннің гол соғатын тамаша мүмкіндігі болған. Алайда Каспер Шмейхель қауіптің бетін қайтарып, қақпасын голдан аман сақтап қалды. Арада көп өтпей даниялықтар да қауіпті шабуылдың қарымтасын қайтарды. 28-минутта Пьер Хейбьергтің алыстан тепкен добы қақпа бағытынан сәл қиыс кетті. Десе де ойындағы есепті бірінші болып Дания құрамасы ашты. Гол авторы – Миккель Дамсгор.
Екінші таймның 59-минутында ресейлік Роман Зобнин пас беру сәтінде өрескел қате жіберіп, оны Юссуф Поульсен тиімді пайдаланып кетті. 70-минутта Александр Соболев өз командасына пенальти алып беріп, 11 метрлік нүктеден Артем Дзюба мүлт кеткен жоқ. Есеп – 2:1. Бірақ матч аяқталғанға дейін даниялық футболшылар Матвей Сафонов қорғаған қақпадан тағы екі мәрте саңылау тауып, ойынның нүктесін қойды. 79 және 82-минутта Андреас Кристенсен мен Йоаким Мехле мергендігімен көзге түсті.
Осылайша соңғы турда ғана жеңіске жеткен Дания екінші орынмен келесі кезеңге жолдама алса, ресейліктер Еуродағы жорығын аяқтады. Екінші матчта Бельгия Финляндия қақпасына жауапсыз екі гол соғып, 100 пайыздық көрсеткішпен топта бірінші орынмен 1/8 финалға өтті. Ал Финляндия үш ұпаймен үшінші орынға табан тіреді. Бір қызығы, Дания, Ресей және Финляндия құрамалары бірдей үш ұпай жинаған, бірақ жеке көрсеткіш бойынша Дания екінші, Финляндия үшінші орынға жайғасты.