Облыста ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Менің Отаным – менің Қазақстаным» тақырыбындағы сәндік-қолданбалы өнер шеберлері мен қолөнерші қауымның байқауы өткізілуде.
Таяуда Целиноград ауданында тәмам жұртты тәнті еткен көрме ұйымдастырылды. Сан ғасыр бойы жалғасын тауып, күні бүгінге дейін үзілмей келе жатқан тылсым өнердің тынысы соңғы жылдары қайта ашылғандай. Әншейін тағылымды дүниені тамашалаушылар ғана емес, өз қолымен, бар зейінін салып, шеберлігін сарқа жұмсап, ата мұрасын ардақтайтындар қатары көбейіп келеді. Көзтартарлық, әдемі етіп жасалған қай бұйымға қарасаң да, арыдағы жұрттың қолынан көп нәрсенің келгендігіне разы болар едіңіз. Әрқилы мүсін, көшпелі жұрт қолданған бағалы бұйымдар көздің жауын алады.
Іс-шара ұлттық өнерді дамытумен қатар, жас ұрпақты патриотизмге тәрбиелеу үшін де қажетті. Көрмеге қойылған тері, киіз, ағаштан жасалған тұрмыстық заттар халқымыздың аса бай мәдениетін айғақтайтын жәдігерлер іспетті.
Қазылар алқасы барлық жұмысты сараптай келе, Қосшы ауылының тұрғыны, белгілі шебер Асхат Бозымбайды жүзден жүйрік деп таныды. Көз майын тауысып, халық қазынасына үлес қосқан қатысушылардың барлығы бағалы сыйлықтармен марапатталды.