Әлемдегі ең ірі CLAAS және HORSCH ауыл шаруашылығы техникасын өндірушілердің бірі Қазақстанда өз өнімдерін шығаратын болады. Инвестициялық жобаны іске асыру аясында шетелдік бизнесмендер Қазақстанның Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің өкілдері «KAZAKH INVEST «ҰК» АҚ қолдауымен арнайы инвестициялық келісімшартқа қол қойды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Уағдаластықтарға сәйкес, «CT Assembly» ЖШС бірлескен кәсіпорны Петропавлдағы өндірістік алаңда CLAAS және HORSCH ауыл шаруашылығы техникасын өнеркәсіптік құрастыруды бес жыл ішінде кезең-кезеңмен жолға қою бойынша міндеттемелерді өзіне алады. Атап айтқанда, TUCANO 580, 450 және 430 модельдік қатарындағы CLAAS астық жинау комбайндарын, CERIO дестелегіштері мен CLAAS XERION 4500 тракторларын, сондай-ақ HORSCH егіс кешендері.
Келісімшартты іске асырудың бірінші жылында өндірістік алаң жұмысының тетіктерін жөндеу жоспарлануда. Осы кезеңде 100 бірлікке дейін TUCANO комбайндарын шығару көзделуде. Бұдан басқа, ауыл шаруашылығы техникасының әрбір түрі бойынша әртүрлі технологиялық операцияларды кезең-кезеңімен енгізу жоспарлануда. Мәселен, тракторларды құрастыруды қамтамасыз ету үшін 2022 жылы ағымдағы жылдың қыркүйек-қазан айларында XERION тракторларын шығару бойынша іске қосу-жөндеу жұмыстары белгіленген, сондай-ақ гидравлика қозғалтқыштары мен жүйелеріне техникалық тексеру басталады.
Кейінгі жылдары Қазақстан аумағында өнеркәсіптік құрастыру бойынша орындалатын жұмыстардың көлемі де, шығарылатын ауыл шаруашылығы машиналарының, атап айтқанда, TUCANO астық жинау комбайндары мен XERION тракторларының саны да өсетін болады.
Барлық шығарылатын техника өнімнің Кеден одағының қолданыстағы техникалық регламенттерінің талаптарына сәйкестігін растау үшін сертификаттаудан өтеді және тауардың шығу тегі сертификатын алады, сондай-ақ әрбір өздігінен жүретін машинаға жеке паспорт беріледі.