Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Рамазан Тоқтаровтың кітаптарын енді электронды нұсқада оқуға болады. С.Торайғыров атындағы Павлодар облыстық әмбебап кітапханасы қаламгердің 11 кітабын цифрландырып, аймақтың E-KITAP.KZ онлайн кітапханасына орналастырды. Жазушының еңбектері оқырман қауымға бұрынғыдан да қолжетімді бола түсті.
Естеріңізде болса, осы жылдың сәуірінде «Egemen Qazaqstan» газетінде «Жоқтаушысы жоқ жазушы» және «Рамзайдың «жұмбағы» атты екі мақала жарық көрген еді. Онда біз қаламгердің ескерусіз қалғанына қынжылыс білдіріп, шығармашылығын насихаттауға қатысты бірқатар ұсыныс айтқанбыз. Бұл ұсыныстардың барлығы Павлодар облысының басшылығына арнайы жолданды. Жазушының кітаптарын электронды нұсқаға көшіру бастамасы сол мақалада қамтылған болатын.
Облыстық кітапхананың Өлкетану және цифрлы технологиялар бөлімінің басшысы Марал Тәженованың айтуынша, кітаптарды цифрландыру үшін жазушы ұрпақтарының ресми рұқсаты қажет екен. Тиісінше, тараптар арасында арнайы келісімшарт жасалуы тиіс.
– Осы жылдың мамыр айында Қазақстан Жазушылар одағы Павлодар облыстық филиалының директоры Жарқынбек Амантай Алматыға арнайы барып, Рамазан Тоқтаровтың ұрпақтарымен кездесті. Сол жолы жазушының кітаптарын цифрландыру туралы келісімшарт жасалды. Біз соның негізінде қаламгердің қазақ тіліндегі 9 кітабын және орыс тілінде жарық көрген екі туындысын электронды форматқа көшірдік. Атап айтқанда, қазір жерлесіміздің «Жердің үлгісі», «Абайдың жұмбағы», «Бақытты құлдықтың ақыры», «Ғасыр наны», екі кітаптан тұратын «Ертіс мұхитқа құяды», «Таңбалы жарғақтың құпиясы», «Тұлпардың сыны», «Ертіс перзенті», «Степные корни», «Иртыш впадает в океан» секілді еңбектері оқырман қауымға электронды нұсқада қолжетімді. Алдағы уақытта жазушының басқа да кітаптарын цифрландыруға әзірміз, – дейді Марал Тәженова.
Жоғарыда аталған кітаптарды E-KITAP.KZ онлайн кітапханасынан оқуға мүмкіндік бар. Сондай-ақ өңірдің «QR кітапханасы» арқылы жүктеп алу жағы да қарастырылған.
Бұл ретте Р.Тоқтаровтың оқырман қауым жоғары бағалаған «Сусамыр», «Терістік шұғыласы», «Бітеу жара», орыс тілінде жарық көрген «Хлеб века», «Тайна меченой замши», «Мужская дружба» секілді кітаптары да электронды нұсқаға көшірілуі қажет деп білеміз.
Р.Тоқтаровқа қатысты жағымды жаңалық мұнымен шектелмейді. Павлодардың облыстық кітапханасы тағы бір жобаны ойдағыдай жүзеге асырды. Дәлірек айтсақ, кітапхананың ішінен «Рамазан Тоқтаровтың жеке кітапханасы» ашылды.
Мұнда қаламгердің Алматыдағы шаңырағынан арнайы әкелінген кітаптар қойылған. Оның басым бөлігін белгілі ақын-жазушылардың, көрнекті қоғам қайраткерлерінің әр жылдары Р.Тоқтаровқа қолтаңба қойып, сыйға тартқан кітаптары құрайды.
Мәселен, әйгілі Әзілхан Нұршайықов 1970 жылы шыққан «Махаббат, қызық мол жылдар» кітабына «Қымбатты бауырым Рамазанға, ағалық көңілмен. 23.11.1970 ж. Алматы» деп қолтаңба жазып, сыйға тартыпты. Сол секілді Софы Сматаев, Зейнолла Серікқалиев, Әкім Тарази, Бейбіт Сапаралы, Жайсаңбек Молдағалиев, Бекмұрат Уахатов сынды әдебиет өкілдерінің ақжарма тілегі жазылған кітаптар бар. Бұдан бөлек Рамазан Тоқтаровтың жеке кітапханасына ұзақ жылдар бойы сәуле шашып келген Мұхтар Әуезовтің, Ыбырай Алтынсариннің, Абай Құнанбайұлының, Шәкәрім Құдайбердиевтің, Сәкен Сейфуллиннің, Бердібек Соқпақбаевтың, Ғабиден Мұстафиннің, Сәбит Мұқанов пен Мұқан Иманжановтың кітаптары Алматыдан арнайы әкелініп, сөреге қойылған.
– Биыл Қазақстан Жазушылар одағының Павлодар облыстық филиалы мен С.Торайғыров атындағы облыстық әмбебап кітапхана бірлесіп, Рамазан Тоқтаровтың шығармашылық мұраларын іздестіру, жинастыру жұмыстарын қолға алды. Осы орайда облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен Алматы қаласындағы жазушының шаңырағына арнайы іссапармен барып келдік. Бізді қаламгердің қызы Бақыт Рамазанқызы қарсы алып, әкесінің жеке кітапханасымен таныстырды. Үлкен бір тарихи, әдеби музейге кіргендей әсерге бөлендік. Сыр бүгіп жатқан кітаптар, қаттаулы тұрған қолжазбалар, түрлі фотосуреттер ерекше сезімге бөлейді. Қайтарда ұрпақтары қаламгердің жеке кітапханасынан 50 шақты кітапты қолымызға ұстатты. Оның бәрін облыстық кітапханадан ашылған Р.Тоқтаровтың жеке кітапханасына орналастырдық, – дейді Қазақстан Жазушылар одағы Павлодар облыстық филиалының директоры Жарқынбек Амантайұлы.
Оның айтуынша, бұл Р.Тоқтаровтың шығармашылығын насихаттауға бағытталған жұмыстардың бастамасы ғана. Алдағы уақытта әдеби шаралар, форумдар мен конференциялар ұйымдастырылмақ. Қаламгердің еңбектерін зерттеу, насихаттау жұмысы да жаңа арнаға түседі деген сенім бар.
Айтпақшы, жазушының ұрпағы Бақыт Рамазанқызы әкесінің Керекудегі жеке кітапханасына шаңырағында сақталған тағы біршама кітапты сыйлауға әзір екенін жеткізді.