Қызылжар өңірінде тұратын түрлі этнос өкілдері арасында өзіндік орны бар күрд бауырлар – ұшса құстың қанаты талатын, жүгірсе аңның тұяғы күйетін кең-байтақ қазақ жеріне күштеп қуылып, тұрғылықты халықтың мол мейірімі мен шапағатына бөленгендер. Ол жөнінде облыстық «Барбанг» мәдени ұйымының төрағасы Рашид НАДИРОВТІҢ айтары аз емес.
Менің кіндік қаным тамған жер – Түркістан облысы, Бәйдібек ауданы, Боралдай ауылы. Әке-шешеміз алты ұл-қызын оқытып, азамат қатарына қосты. Бәріміз де жоғары білім алдық. Ағамыз Кәзім ғылым жолын қуып, химия ғылымдарының докторы атанды. Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Екі қызы қазақ жігітіне тұрмысқа шығып, мыңжылдық құда-құдандалы сыйластығымыз тіпті беки түсті, – деп бастады әңгімесін Рашид Садықұлы.
– Әке-шешеңіз де оңтүстіктің тумасы ма?
– Жоқ, әкем Садықтың, анам Санамның атамекені – Қап тауы жағы, Әзербайжан. 1947 жылы зорлап көшіру саясатына ілігіп, азапты күндерді бастан кешірген. Қазақ деген меймандос халықты жолықтырып, ес жиған, етек жапқан.
– Мағжан еліне қалай тап болдыңыз?
– Алматы медицина институтын бітіргеннен кейін жолдамамен қасиетті Қызылжар еліне жіберді. Облыстағылар қалада қалдырсақ, салт басты сыпаң бойдақ неме жерсінбей кері кетіп қалады деп ойлады ма екен, арқамнан қағып, алдап-сулап, Сергеевка (қазіргі Шал ақын) ауданына шығарып салды. 7 жыл аудандық дәріхананың меңгерушісі қызметін атқарғаннан кейін облыс орталығына дәрі-дәрмек басқармасына басшылыққа ауыстым. Содан бері арада 33 жыл атқан оқтай, шапқан аттай өте шығыпты. Қазақстан – әулетіміздің туған Отаны, атамекені. Кейде мен басқа жаққа ауа көшетіндей, балаларымның әбден бауыр басып қалған өңірде тұра берейікші деп қиыла өтінетіндері бар. Ондай ой өңім түгіл, түсіме де енбейді. Мүлдем танымайтын, тіпті кейбірі күрд деген ұлттың дүниеде барын білмейтін адамдардың қара нанды үзіп, жарты құртты бөліп берген қамқорлығын ұмыту еш мүмкін емес. Депортацияға ұшыраған жандардың ұрпағын осындай бақытты шаққа жеткізіп, уайымсыз атқан әр таңымыз үшін ризашылық сезіммен еске алуға міндеттіміз.
– Үйде қай тілде сөйлесесіздер?
– Әрине, мемлекеттік тілде. Отбасымыз түгелдей қазақ тіліне, салт-дәстүрлеріне, әдет-ғұрыптарына жетік. Қызым да, екі ұлым да қазақ мектебіне барды. Үйдің кенжесі Нәзім домбыраның құлағында ойнайды. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде оқып жүргенде әнұранға бергісіз «Атамекен» әнін әуелете шырқап, залдағыларды орындарынан тік тұрғызғаны бар. Хакім Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп...» деген өлең жолын әр мекеменің маңдайшасына жазып, іліп қойса артықтық етпейді. Қазақ халқының толеранттық мінезін бірауыз сөзге сыйғыза білген ақынның ұлылығы бұл!
Мені территориялық аумағы жағынан әлемде тоғызыншы орынды иеленетін қазақ ұлтының тілінің, дәстүрінің, мәдениетінің біртектілігі қайран қалдырады. Арада қаншама ұрпақ, буын алмасса да осы қасиетін жоймай келеді. Бұл – мен үшін түсініксіз феномен. Күрд тілінде диалект көп. Бір-бірін түсінісе алмай жатады. Мұндай жайт басқа халықтарда да кездеседі. Мен үшін барлық этнос өкілдерін бір шаңырақ астына біріктіріп, біртұтас ұлт идеясына топтастырып отырған Қазақстанның орны бөлек.
Күрдтер – ірі этностық топтардың бірі. ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап КСРО-да оларға қатысты саясат өзгере бастады. Бірқатар ұлттық құқықтары шектеліп, оның соңы Әзербайжан мен Армениядағы атақоныстарынан Орталық Азия мен Қазақстанға ығыстырылды. Амалсыз қоныс аударушылардың саны еселеп өсіп, жүз мыңға дейін жетті. Олардың оннан бірі Қазақстанға орналастырылды. Қарапайым еңбек адамы болса да өмірден түйгені мол әкем жарықтықтың «еріксіз келіп, еркін өстік» деген сөзі жадымда жатталып қалыпты. Менің асыл армандарымның орындалуына көп адамдар игі ықпал етті. Олардан көрген шапағатымды, алған тәлімімді балаларыма үнемі айтып, үлгі етіп отырамын. Әкемнің көп достарының бірі – Байжігіт ақсақалдың «Қарағым, теріскейге алыс сапарға аттанып бара жатыр екенсің. «Атың барда жер таны желіп жүріп» деген. Қазақстанның қай жері де – өз елің» деген ақ батасы жолымды ашты.
Бірде Сергеев аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Мәркен Ахметбеков мені өзіне шақыртты. Амандық-саулықтан соң алғашқы сұрағы «Неге үйленбей жүрсің?» болды. Сосын бетіме ұзағырақ қарап отырды да «Келінді өз ұлтыңнан ал. Тезірек шаңырақ көтер. Жас отбасыға баспана жағынан көмектесуге дайынмын», деді. Парасатты азаматтың бірауыз сөзі түрткі болып, ауылдағы көрші үйдің Гүлнара есімді сұлу бойжеткенімен екеу болып оралдық. Мәркен аға уәдесінде тұрды. Айта берсе, мұндай мысалдар көп.
Бірлігіміз нығая түссін десек, барымызды бағалай білейік дегім келеді. Мұның өзі – жердің иесі де, киесі де қазақ халқына деген терең тағзымның, үлкен құрметтің белгісі.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Өмір ЕСҚАЛИ,
журналист