• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
24 Маусым, 2021

Республикалық семинарда терминология мәселесі талқыланды

384 рет
көрсетілді

ҚР Білім және ғылым министрлігінің Тіл саясаты комитетінің ұйымдастыруымен онлайн режімде «Терминологиялық база: тәжірибе және технология» атты республикалық әдістемелік семинар өтті, деп хабарлады Egemen.kz.

«Бүгінде өркениеттің қарқынды дамуы ақпараттық технологиялар негізінде терминдерді жүйелеуді барынша жылдамдатуға жетелеп отыр. Аталған мәселені тиімді шешуде «termincom.kz» сайты қажетті платформа болып отыр. Ал барынша икемділікке қол жеткізу үшін терминологиялық база кез келген тілдік бағыт үшін іздеуді қамтамасыз етуі тиіс және терминдердің ақпараттық, лингвистикалық, техникалық сипаттамасын ашып көрсете алуы керек», деді комитет төрағасы Әділбек Қаба. 

Семинар барысында заман талаптарына сай ұлттық терминдер базасының құрылымы мен қызметі, оны әзірлеу жолдары, халықаралық тәжірибе талқыланды.

Іс-шарада «Астана» халықаралық қаржы орталығы Әкімшілік департаменті директорының орынбасары, ф.ғ.д., ҚР ҰҒА академигі Шерубай Құрманбайұлы «Терминдердің электронды мәлімет қорын жасау – терминқорды басқару мен оны тиімді пайдаланудың маңызды тетігі» тақырыбына тоқталса, бұдан кейін сөз алған Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің профессоры, ф.ғ.д. Сәбира Сағынбекқызы Исақова терминологиялық база жасаудың халықаралық тәжірибелерін сараптады. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғылыми қызметкері Нұрлан Құныпияұлы Шүленбаев «Қазақ тілінің терминологиялық базасы: тәжірибесі, бағдары, әлеуеті»  баяндамасында терминографиялық еңбектердің база жасаудағы маңыздылығына назар аударды.

Сондай-ақ аудармашы, гуманитарлық ғылымдар магистрі Айнұр Толыбайқызы Баекеева «Digital Library басқару жүйесі негізінде терминологиялық база құрастыру тәжірибесі», ал Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Ақпараттық технология басқармасының басшысы, ф.ғ.м. Мөлдір Бақытқызы «Электрондық терминологиялық қордың мүмкіндіктері» тақырыбында баяндама жасады.

Семинар тақырыбы бойынша сөз алғандар терминологиялық база жасау  терминдерді біріздендірудің маңызды қадамы екендігін бірауыздан атап өтті.  

Іс-шара соңында семинар қатысушыларына қарар жобасы таныстырылып, спикерлерге алғысхат тапсырылды.