Екі жыл ішінде «Ауыл – ел бесігі» жобасымен республика бойынша 238 ауыл қамтылып, 1,5 мың нысан салынып, жөнделді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде халық алдында есеп беру кездесуінің қорытындысы бойынша өткен брифингте Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Тиісті жұмыстар биыл да жалғасын табады. Әрбір ауылға арналған әр жоба нақты бақылауда болады. Аталған жоба аясында инфрақұрылымды жөндеу, тарту, әлеуметтік нысандар салу мақсатында 2025 жылға дейін 800 млрд теңге бағытталады. Осы жобалар арқылы әрбір ауылды сапалы ауыз сумен қамту мәселесі шешіледі. Сондай-ақ, кең жолақты интернет желісімен толықтай қамтылады. Жергілікті жолдардың 95% салынып, жөнделеді», деді министр.