• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 25 Маусым, 2021

Тұрғындардың банк картасынан ақша жымқырған 3 алаяқ ұсталды

255 рет
көрсетілді

Атырауда тұрғындардың банк картасынан ақша жымқырған үш алаяқ ұсталды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Атырауда полицейлер 23 маусым күні алаяқтық ниетпен тұрғындардың сенімдеріне кіріп, олардың  жеке банк карточкаларынан ақша жымқырған белгісіз адамдарды анықтады. Бір күн ішінде бұндай оқиғаның үш дерегі тіркелген.

Мысалы, белгісіз біреу 37 жастағы қала тұрғынына құрылыс құралдарын әкеліп беремін деп абоненттік нөміріне Kaspi Gold карточкасы арқылы 805 мың теңге аудартып, қайтармай қойған. Жәбірленуші полицейлерге дереу шағымданып, нәтижесінде алаяқ анықталып, ұсталды. Тексеру барысында күдікті 37 жастағы әйел болып шықты. Оған қатысты ҚР ҚК-нің 190-бабы 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.

Тағы бір жәйт қала тұрғыны 45 жастағы әйелдің басынан өткен. Белгісіз біреу әйелге гараж қақпасын қондырып беремін деп абоненттік нөміріне 105 мың теңге ақшасын аудартып, қайтармаған. Азаматша өзінің алданып қалғанын түсініп, полицияға арызданған. Күдікті бірден анықталып, ұсталды. 26 жастағы қала тұрғынына қатысты ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүріп жатыр.

Осыған ұқсас оқиға Құлсары қаласында тіркелді. 49 жастағы әйел өзінің балаларын жұмысқа орналастырамын деп алданып қалған. 45 жастағы ер адам оның 400 мың теңге ақшасын аудартып, қайтармаған. Қазіргі уақытта күдіктіге қатысты ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.

Қазіргі уақытта азаматтардан интернет-алаяқтыққа байланысты шағым-арыздарының көбейіп кетуі қылмыстың бұл түрінің қатты белең алып бара жатқандығын аңғартады. Мәселен, өткен жылы облыс аумағында интернет-алаяқтық бойынша бес ай ішінде 300-ге жуық факті тіркелсе, биыл жыл басынан 400-тен астам факті тіркелген.