Орталық Азия аумағындағы теңдессіз пилоттық жоба қаланың Алматы ауданында іске аса бастады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Жаңа кеңсенің жалпы ауданы 156 шаршы метр. Тәулік бойы жұмыс істейтін полиция қызметкерлеріне жайлы жағдай жасалған. Уақытша тынығуы үшін демалыс бөлмелері, оның ішінде киім ауыстыру жәшіктері, жуыну кабинасы мен ас бөлме де бар. Тұрмыстық жанжал кезінде ата-анасын еш алаңсыз күтуге арналған балалар бөлмесі де қарастырылған.
«Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Әсет Исекешевтің тапсырмасы бойынша Мақсұт Нәрікбаев атындағы Қазақ гуманитарлық заң университеті ІІМ-мен бірге сервистік полиция пилоттық жобасына қатысып жатыр. Учаскелік және патрульдік полиция қызметкерлері жоғарғы оқу орнында кикілжің психологиясы, эмоциялық интеллект, құжаттарды ресімдеу, коммуникация және құқықтық талдау бойынша біліктілік арттырды», деп мәлімдеді М. Нәрікбаев атындағы ҚАЗГЗУ Басқарма төрағасы Талғат Нәрікбаев.
«Сервистік полицияның пайдасы бізге өте көп тиіп жатыр. Нәрікбаев атындағы КазГЮУ университетінде білім алдық. Иә, көңілімізден шығып жатыр, қазіргі таңда қағаз жұмыстары біршама азайды. Электронды вариант деген өте ыңғайлы болды», дейді Алматы аудандық Полиция басқармасының №4 учаскелік полиция қызметкері Қуаныш Бәкебаев.