Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай қала әкімі М.Әйтеновтің бастамасымен Шымкентте шахматтан жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионаты өтеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Чемпионатты Шымкент қаласы әкімдігі мен Қазақстандық шахмат федерациясы ұйымдастыруда. «Шымкент – еліміздің шахмат астанасы» брендін қалыптастыру аясында қолға алынған спорттық сайыс алдағы шілде айының 20-30 жұлдызы аралығында өтеді деп жоспарланып отыр.
Іс шараның мақсаты - халықаралық шахмат аренасында Қазақстанның оң имиджін қалыптасыра отырып, Шымкентті зияткерлік шаһарға айналдыру. Сондай-ақ, шахматтан жаңа есімдерді анықтау.
Айта кетейік, шахматтан жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионаты мемлекеттік бюджеттен еш қаржысыз ұйымдастырылады. Жарыс «Black Rock Business» ЖШС-нің демеушілігімен өтеді. Жалпы сайыстың жүлде қоры 2 880 000 теңгені құрайды. Жеңімпаздар әлем және Азия чемпионаттарының жолдамасына ие болмақ. Ал чемпионаттың талап-ережелерімен Қазақстан шахмат федерациясының ресми сайтынан танысуға болады.