Жаһанда соғыссыз өткен 26-ақ күн бар деп жүрміз ғой. Оның өзі күмәнді. Сол жиырма алты күніңізде қарулы қақтығыстар болмаса болмаған да шығар, алайда «ақпарат майданын» ешкім ауыздықтай алған жоқ.
Оқ орнына сөз атылған мылтықсыз майдан әлі де жүріп жатыр. Бүгінде сол майданның шебінде, керек десеңіз ұлттық қауіпсіздіктің шекарасында тұрған «әскери бөлімшелердің» – ақпарат құралдарының саны елімізде төрт жарым мыңнан асып отыр. Олардың қаруы – қалам, жауынгері – журналист.
Қоғамның тыныс-тіршілігін, тамырын тап басып айту үшін де табандылық керек. Табандылық болмаған жерде талап та болмайды. Талап болмайтын болса, ақиқат та айтылмайды. Сол табандылықты адамзат баласы алдымен журналистің өзінен, содан кейін барып оның айтқан әрбір сөзінен іздейді. «Дәрігер адамды емдесе, мал дәрігері бүкіл адамзатты емдейтіні» секілді, ақпарат құралдары қоғамды рухани қораштықтан, әділетсіздіктен тазартады. Бұрын солай болған, бүгін де солай, ертең де солай бола бермек. Журналистің міндеті – шындық іздеп шырылдау, ақиқат іздеп аласұру.
«Ақпарат кімнің қолында болса, әлем соның уысында». Алайда аттандап алға ұмтылғанның бәрін ар-ұжданның, ақиқаттың ауыр жүгін арқалап жүр дегенге ауыз бармайды. «Тіл – тас жарады, тас жармаса, бас жарады». Ең алдымен, бұқаралық ақпарат құралдары – билік пен бұқара арасындағы алтын көпір. Ұлт ұстазы Ахаң (Ахмет Байтұрсынұлы) бір сөзінде «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген еді. «Көз» көріп, «құлақ» естіп, «тіл» сөйлеп тұр. Оған құлақ асатын билік те бар. Бұл үрдіс Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасына» орай тіпті күшейе түскендей.
Мәселен, 2019 жылы «Egemen Qazaqstan» газетінде «Елу жыл бұрынғы ескі паром елді қашанғы әуреге түсіреді?» деген тақырыппен тұрғындардың жанайқайы жазылған мақала жарық көрген еді. Президент баспасөз бетінде жарық көрген осы мәселені өз бақылауына алып, сол жылы 19 қыркүйекте Twitter-дегі жеке парақшасында «Egemen Qazaqstan» газеті ШҚО Күршім ауданының 20 мыңнан астам тұрғынын толғандырған өзекті мәселені көтерді. Халық 50 жыл бұрын салынған ескі пароммен қатынап жүр. Үкіметке ШҚО әкімдігімен бірге Бұқтырма суқоймасына көпір салу үшін қаржы бөлу мәселесін қарастыруды тапсырамын», деп нақты тапсырма жүктеді.
Биыл 27 мамырда Мемлекет басшысының қабылдауында болған Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Президентке ең алдымен осы Бұқтырма суқоймасы арқылы өтетін көпірдің құрылысы бойынша берілген тапсырманың орындалуы жөнінде баяндады. Осылайша, күні кеше Қазақстандағы ең ұзын көпірдің құрылысы басталды. Келешекте Күршім мен Көкпекті аудандарын жалғайтын қос жолақты көпірдің жалпы ұзындығы 1,3 шақырымнан асады деп жоспарлануда. Мердігер компания құрылыс жұмыстарын 2024 жылға дейін аяқтауы тиіс.
Бұл – баспасөз бетінде көтеріліп, Мемлекет басшысының назарына алынған жалғыз мәселе емес. Сол 2019 жылы «Egemen Qazaqstan» газетінде Қызылорда облысының Арал ауданында қарасты Сексеуіл кентіндегі білім ошағына қатысты тағы бір өзекті мақала жарық көрді. Осы мәселені де Қасым-Жомарт Кемелұлы өз бақылауына алып, 2019 жылы 11 желтоқсанда Twitter-де «Egemen Qazaqstan» газетіндегі «Темір жолды жағалап топ бала жүр» атты мақаладан Сексеуіл кентінде 360 бала күнделікті мектепке бару үшін 13 рельсті кесіп өтетінін оқыдым. Бұл – өте өзекті мәселе. Оны шешу үшін Үкімет нақты шаралар қабылдауы қажет», деп бұған жауапты құзырлы органдардың алдына маңызды міндет қойды.
Мемлекет басшысының тапсырмасы жерде қалмағанын осы өңірдің тұрғындары жақсы біледі. Кешікпей Сексеуіл кентінде 300 балаға арналған мектеп құрылысы қолға алынып, жаңа мектеп бой көтерді. Мектептен бөлек, осы өңірде тозығы жеткен аурухананың бары да ескеріліп, оның да құрылысы қолға алынды. Міне, билік пен халық арасындағы алтын көпір осындай болуы тиіс. Есесіне, игілігін – ел көреді. Күрмеуі шешілмеген күрделі мәселелердің түйіні тарқап жатса, бұқараның бұйымтайын бұқпантайламай бүкпесіз жеткізетін табанының бүрі, жүрегінің түгі бар журналистердің еңбегінің жемісі бұл.
Француз жазушысы Оноре де Бальзактың сөзімен айтсақ, бүгін сол «төртінші биліктің» төл мейрамы. Журналистер қауымының кәсіби мерекесі. Алғашында БАҚ өкілдері бұл атаулы датаны «Түркістан уәлаяты» газетінің алғашқы саны жарық көрген 10 мамырда мерекелеп келген еді. Кейін кәсіби мереке БАҚ туралы қазақстандық алғашқы заң шыққан 1997 жылғы 28 маусымға ауыстырылды. 2011 жылы қазанда Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі кәсіби және басқа да мерекелер тізімінің жаңа редакциясын мақұлдап, 28 маусым Байланыс және ақпарат құралдары қызметкерлері күні болып бекітілген болатын. Ал 2019 жылы 24 маусымда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-де «Үкіметке арнайы қаулымен Қазақстан журналистерінің кәсіби мерекесін бекіту жөнінде тапсырма бердім. Бұл БАҚ-тың қоғамдағы маңызды рөлін айқындайтын әділ шешім болмақ», деп журналистердің кәсіби мерекесі тағы бір айқындалды.
Биылғы БАҚ қызметкерлері кәсіби мерекесі ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында аталып өтіп жатыр. Осы жылдар аралығында отандық журналистердің қатары қалыңдады, ақпарат құралдарының саны көбейді. «Ел Тәуелсіздігінің 30 жылы ішінде мемлекетімізбен бірге – отандық медиа саласы да жаңару, даму кезеңінен өтті. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары елімізде тек 407 ақпарат құралы соның ішінде 2 телеарна ғана болса, қазір олардың саны төрт жарым мыңнан асады», дейді Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева. Ведомство басшысының айтуынша, жалпы ел аумағында бүгінде 181 телеарна, 79 радио, 790 ақпараттық агенттік бар екен. Бар болсын, көп болсын дейік. Ақпарат құралы көп болса ең алдымен – елге сеп. Қоғамдық бақылаудың қуаты артады, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қалыптастыру үдерісі жеделдейді деген сөз.
Айтпақшы, журналистің «арқалағаны – алтын, жегені – жантақ» (Шерхан Мұртаза). Жантақ жедік екен деп жаңалықтан жаңылып, ақпараттан қағылып, жанталаспай жүрген журналист бар ма осы? Жоқ. Мемлекет басшысы айтқандай, журналистер «ұлт мүддесін бәрінен биік қойып, ел қамы үшін қалам тартып жүр». Қалам мұқалмасын, сөз сүрінбесін!