• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Спорт 28 Маусым, 2021

Жәнібектің жарқын жеңісі

360 рет
көрсетілді

Қазақ елінде таң арайлап атқан тұста АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында кәсіпқой бокстан үлкен жарыс өтті. Айтулы додада орта салмақта күш сынасып жүрген еліміздің маңдайалды былғары қолғап шеберлерінің бірі Жәнібек Әлімханұлы да өнер көрсетті.

Бұл жолы Жәнібек әлем­­нің экс-чемпионы Роб Брант­пен жұдырықтасты. Ма­ңызды бәсекеге қанда­сымыз тың­ғы­лықты даярланды. Себебі, 30 жастағы АҚШ-тың Миннесота шта­тының тумасы осалдар санатынан емес. Кәсіпқой бокс­­тағы өз карьерасын 2012 жы­лы бастаған ол сол кезден бері 28 мәрте ринг­­ке көтеріліп, 26 рет өзінің мық­тылығын мойын­датты. 18 қарсыласын ол ұрып жықты. Бранттың жұ­дырығының жойқын еке­нін сезінгендер арасында колумбиялық Данисио Ми­ранда, америкалық Декарло Перес пен Крис Фицпатрик, жапониялық Рёта Му­рата, ресейлік Хасан Бай­сан­гу­ров, украиналық Ви­талий Ко­­пыленко және тағы басқа танымал боксшылар бар. Сәтсіз өткен екі жек­пе-жегі жайында айтсақ, «Браво» деген бүркеншік есімді иеленген сақа спорт­шының алғашында гер­маниялық Юрген Бре­мерге әлі жетпеді. Брант неміс боксшысынан осыдан төрт жыл бұрын Шверин қаласында ұпай санымен ұтылды. 2019 жылдың жазында ол Рёта Муратамен қайта қолғап түйістірді. Бұл жолы жапон жігіті амери­калықты екін­ші раундта ұрып жықты. Сол бәсекеде «Браво» WBA нұсқасы бойынша орта сал­мақтағы әлем чемпионы атағынан айырылды. Міне, Жәнібекке осындай сақа спорт­­шымен жұдырықтасуға тура келді. Лас-Вегастағы жекпе-жек­ті Жәнібек Әлімханұлы өте сауатты өткізді. «Қазақ стилін» күллі әлемге танытамын деп құлшынып жүрген өреніміз асықпай-аптықпай жүріп-ақ көздеген мақсатына қол жеткізді. Бәсеке барысында оның жойқын соққылары қарсыласына жиі дарыды. Содан секем алып қалса ке­рек, Бранттың тарапынан жасалған бірде-бір есте қа­ларлық шабуылды көре алмадық. Уақыт өткен сайын ұпай санын еселеген қан­дасымыз алтыншы раундта Робты қатты есеңгіретіп тастады. Одан кейін де Әлім­ханұлының басымдығы анық байқалды. Бәсеке дәл осындай «сценариймен» өрби беретін болса, сау-тамтығы қал­майтынын жіті түсінген АҚШ боксшысы сегізінші раунд­тан кейін жекпе-жекті жал­ғастырудан бас тартты. Сөйтіп, кезінде әуесқойлар арасында әлем және құр­лық чемпионы, Азия ойында­ры­ның жеңімпазы атанып, Рио Олим­пиадасында ширек финалға дейін жеткен 28 жастағы Жәнібек Әлім­ханұлы кәсіпқой ринг­тегі 10 жеңісіне қол жет­кізді. Сол кездесулердің алтауын мер­зімінен бұрын аяқ­тады. Кеше өткен жарыста оның өнеріне сүйісінген АҚШ-тың әйгілі менеджері Эгис Климас «Жә­ні­­бектің жұдырықтасу мә­­нері керемет. Нағыз Qa­zaq Style деп айтуға тұрар­лық. Осыдан бірер күн бұ­рын бапкері Бадди Мак­гирт­пен сөйлескенімде, ол өз шә­кір­тінің үлкен додаларға дайын екенін айтқан еді. Сол сөз­дің растығына менің де көзім жетті», – деп ағынан жа­рылды.