Еуропа чемпионатының кезекті жарыс күнінде плей-офф кезеңінің тағы екі ойыны өтті. Будапештте Нидерланд пен Чехия ширек финалдың жолдамасын сарапқа салса, Севильяда Бельгия мен Португалия құрамалары бақ сынады.
Соңғы екі ұжымның плей-офф бәсекесіндегі матчы жанкүйерлер тарапынан үлкен қызығушылық тудырған еді. Өйткені бірі құрамалар арасында ФИФА рейтингінде көш бастап тұрса, екіншісі Еуропаның әзірше ең соңғы чемпионы саналады. Сондықтан екі құраманың да биылғы мақсаты жоғарыдағы атақтарына сай өз мықтылығын дәлелдеу болатын.
Португалия топтық кезеңде ерекше ойынымен жанкүйерлердің көңілінен шықты деп айта алмаймыз. Роналду бастаған ұжым Мажарстанды қиыншылықпен жеңіп, топтан бірінші орынмен шығуды көздеген француздармен тең ойнап, немістерден оңбай жеңіліп, топтық кезеңді үшінші орынмен аяқтады. Португалия осыдан бес жыл бұрын чемпион болған кезде де топтық кезеңдегі үш матчта тең ойнап, үшінші орынмен келесі кезеңге шыққан болатын. Биыл бұл сәйкестік Португалияға сәттілік әкеле алмады.
Дей тұрғанмен, бельгиялықтар да топтық кезеңде мықты ойнады деп айту қиын. Бірақ Роберто Мартинес шәкірттері үш ойында тоғыз ұпай жинап, 100 пайыздық көрсеткішпен келесі кезеңге жолдама алды. Егер байқаған болсаңыздар, Бельгия әр ойында бар күшін жұмсап ойнамайды. Кешегі Португалияға қарсы өткен ойында да олар әлі бар күшімен жұмсауға асықпайтынын көрсетті.
Матч басында Португалия қарсыласты қарсы шабуылда қапы қалдыруды көздегенімен, Диогу Жота өз мүмкіндіктерін тиімді пайдалана алмады. Кейіннен бельгиялықтар позициялық шабуылға көшіп, жанкүйерлерді біраз зеріктіріп алса да, матч соңында жеңіске жетті. Бірінші таймның 42-минутында Торган Азардың алыстан тепкен добы қақпашыға ыңғайсыздық тудырып, доп қақпа төрінен табылды.
Португалия құрамасы матч бойы Бельгия қақпасына 23 мәрте дәл соққы жасағанымен, оның бірде-біреуі қақпа торынан табылмады. Ал матч бойы бір ғана дәл соққы жасаған Мартинес шәкірттері келесі кезеңге шықты. Роналдуды рекордсыз қалдырған Бельгия енді ширек финалда Аустрияны әрең жеңген Италия құрамасымен жолығады.
Топтық кезеңде жинақы ойын көрсетіп, мүмкін болған тоғыз ұпайдың бәрін шашпай-төкпей жинап алған Нидерланд құрамасын футбол мамандары чемпиондықтан үміткер командалардың қатарына қосқан еді. Ал топтық кезеңде 4 ұпаймен үшінші орын алып, қосымша жолдамамен келесі кезеңге шыққан Чехия құрамасы Еуродағы жорығын плей-офф кезеңінде аяқтайды дегендер көп болған-ды. Мамандардың сенімсіздігіне ие болған сол Чехия барлық болжамның күл-талқанын шығарып, Еурода кішігірім сенсация жасады.
Чехияны чемпионат бойы өрге сүйреп келе жатқан Патрик Шик бұл жолы да құрамасын ширек финалға алып шықты. Бірінші таймда құрамалардың күші тең болып, үзіліске де 0:0 есебімен тарқасты. Екінші таймды да екі ұжым тап-тамаша бастаған болатын. Алайда ойынның 55-минутындағы жағдай кездесу суретін 180 градусқа өзгертіп жіберді. Матчты басқарған ресейлік төреші Сергей Карасев ойын тәртібін бұзған Нидерланд құрамасының қорғаушысы Маттейс де Лигтке алғаш сары қағаз көрсеткенімен, кейіннен ВАР жүйесінде отырған видеоассистентінің кеңесінен соң бейнеқайталауды көріп, қағаз түсін қызылға өзгертті. Бұл – осы чемпионаттағы төртінші қызыл қағаз. Бұған дейін Гжегош Крыховяк (Польша), Гарри Уилсон (Уэльс) және Итан Ампаду (Уэльс) секілді футболшылар алаңнан қуылған еді.
Алаңда бір ойыншы кем болғанына қарамастан, Нидерланд футболшылары 10 минуттан аса уақыт шабуылда да, қорғаныста да тәуір ойнап жатқан еді. Бірақ бәрібір ойында бір адам көп болып ойнаған Чехия құрамасы 68-минутта есепті ашты. Гол авторы – Томаш Холеш. Арада көп өтпей шабуылда тынып-тыншымайтын Патрик Шик чемпионаттағы төртінші голын соғып, ойынның нүктесін қойды. Қорытынды есеп – 0:2.
Чехия жартылай финалға шығу үшін ширек финалда Уэльс құрамасын жарыс жолынан шығарып жіберген Дания футболшыларымен кездеседі.