Өткен сенбіде велоспортшылар арасындағы жылдың ең маңызды жарысы – «Тур де Франс» велобәйгесінің жалауы желбіреді. 18 шілдеге дейін Франция тас жолдарында жалғасатын додаға қазақстандық-канадалық Astana-Premier Tech велокомандасының өкілдері де қатысып жатыр.
118 жылдық тарихы бар айтулы турнирде талай мықты велошабандоздардың өнер көрсеткені тарихтан белгілі. Биыл да бұл жарыстан әлемнің ең мықты деген спортшылары тыс қалған жоқ. Атап айтар болсақ, осы доданың былтырғы жеңімпазы, сондай-ақ таулы кезең мен жастар арасындағы бәсекеде де үздік шыққан словениялық Тадей Погачар мен 2019 және 2020 жылдарғы «Испания Вуэльтасында» топ жарған оның отандасы Примож Роглич, осы жарыстың 2018 жылғы жеңімпазы британиялық Герайнт Томас, «Тур де Франс» бәсекесінің төрт дүркін (2013, 2015, 2016, 2017) жеңімпазы, «Испания Вуэльтасы» (2017) мен «Джиро д’Италия» (2018) додасында бір мәртеден дара шыққан тағы бір британиялық Крис Фрум, 2019 жылғы «Джиро д’Италия» додасының бас жүлдесін олжалаған эквадорлық Ричард Карапас, сондай-ақ Саймон Йейтс (Ұлыбритания), Ричи Порт (Аустралия), Эстебан Чавес (Колумбия), былтыр «Астана» сапында жасындай жарқылдаған колумбиялық Мигель Анхель Лопес секілді атақты велошабандоздар мен тағы басқа спортшылар осы жарыстың көрігін қыздыруда.
Аталған жарысқа қазақстандық-канадалық Astana-Premier Tech велокомандасынан Алекс Аранбуру (Испания), Стефан Де Бод (ОАР), Дмитрий Груздев (Қазақстан), Алексей Луценко (Қазақстан), Йон Исагирре (Испания), Омар Фраиле (Испания), Якоб Фульсанг (Дания), Уго Уль (Канада) секілді спортшылар қатысып, бас жүлде үшін сынға түседі. Әрине жанкүйерлер де, клуб басшылығы да бұл құраммен жарыстың көшін бастау оңай емес екенін жақсы түсінеді. Сондықтан команда биыл жалпы турда емес, жекелей кезеңдерде жеңіске жетуді көздейді.
– Биыл «Тур де Франста» біз жеке кезеңдерге назар аударамыз. Қазірдің өзінде кезең жеңімпаздары – Алексей Луценко, Йон Исагирре және Испанияның жаңа чемпионы Омар Фраиле бар мықты және жігерлі спортшылармен Францияға келдік. Сонымен қатар бізде екі монументалды классикалық жарыстың жеңімпазы Якоб Фульсанг, тәжірибелі Дмитрий Груздев, көшбасшы маман Уго Уль және екі дебютант – Алекс Аранбуру мен Стефан Де Бод бар. Команда өте мықты және біз жігіттерге кезеңдерде жеңіс үшін күресуге еркіндік беруді жоспарлап отырмыз. Гранд-турда, әсіресе «Тур де Франста» жеңіске жету оңай шаруа емес. Бірақ мен былтырғыдай жетістікке жететінімізге сенімдімін және Astana-Premier Tech жейдесі алда бірнеше рет жарқырайтын болады, – деді команданың спорт менеджері Дмитрий Фофонов.
Брест пен Ландерно қалаларын жалғаған турнирдің алғашқы кезеңінде Жулиан Алафилипп (Deceuninck-Quick Step) жеңімпаз атанды. 197,8 шақырымға созылған қашықтықты франциялық велошабандоз 4 сағат 39 минут 05 секундта бағындырды. Алафилипптен 8 секундқа қалып қойған аустралиялық Майкл Мэттьюс (BikeExchange) екінші орынға табан тіресе, үздік үштікті Примож Роглич (Jumbo-Visma) түйіндеді.
Astana-Premier Tech командасынан бірінші кезеңде ең үздік нәтижеге отандасымыз Алексей Луценко қол жеткізді. Мәре сызығын 14-ші болып кескен Луценко жеңімпаздан 8 секундқа қалып қойды. Сонымен қатар қалың топпен бірге келген «Астананың» тағы екі өкілі – Якоб Фульсанг пен Алекс Аранбуру 21 және 23-орындарға жайғасты.
182,9 шақырымға созылған екінші кезеңде 2020 жылдың қорытындысы бойынша жылдың ең үздік велокомандасы атанған Бельгияның Alpecin-Fenix клубында өнер көрсететін Матье ван дер Пул мәре сызығын бірінші болып кесті. Нидерланд велошабандозы Перрос-Гирек және Мюр-де-Бретань қалаларын жалғаған жарыс жолын 4 сағат 18 минут 30 секундта жүріп өтті. Жеңімпаздан 6 секундқа қалып қойған словениялық спортшылар – Тадей Погачар (UAE Team Emirates) мен Примож Роглич (Jumbo-Visma) екінші және үшінші орындарды өзара бөлісті. «Астана» сапынан бұл кезеңде тағы да Алексей Луценко үздік болды. Ол мәреге Тадей Погачар бастаған топпен бірге келіп, жалпы есепте 16-шы болды.
Екі кезеңнің қорытындысы бойынша жалпы есепте Матье ван дер Пул көш бастады. Оны франциялық велошабандоз Жюлиан Алафилипп (Deceuninck-Quick Step) пен былтырғы жеңімпаз Тадей Погачар өкшелеп келеді.