Қазақтың музыка өнерін зерттеген көрнекті ғалым Ахмет Жұбановтың музыка зерттеу ісін жалғастырушы, музыкалық-эстетикалық тәрбие мен педагогикалық психология саласында жоғары оқу орындары мен мектеп оқушыларына арнап оқу-әдістемелік құралдарын жазған өнертанушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Пернебек Момынұлы ұлттық музыка тарихында әлі де зерттелмеген тұлғаларымыздың бар екенін айтады. 90 жастың төріне шыққан ғалым әңгімесінде өнертану ғылымын дамыту жайындағы ойларымен бөлісті.
– Пернебек Момынұлы, кезінде атақты Ахмет Жұбановтың өзі Сізді «қайсар бала» деп атапты. Семейдегі музыка училищесінің басшылығына ұстазыңыздың ұсынысымен барған екенсіз. Жас маман үшін жауапты істі алып жүру оңайға соқпаған болар...
– Әрине, өмірлік әрі кәсіби тәжірибесіз маманға білдей бір оқу орнын басқару оңай емес. Осы тұста басшылыққа қалай келгенім жайында аз-кем айта кетейін. Ұстазым Ахмет Жұбанов сол кездегі Мәдениет министрі Әмір Қанафиннің қабылдауында болып, жауапты іске менің кандидатурамды ұсыныпты. Семейде жаңадан ашылып, пионерлер үйінде орналасқан училищенің бар-жоғы отыз шақты студенті мен 8-9 мұғалімі ғана бар екен. Басшылыққа келгеннен кейін өзіме артылған сенімді ақтау үшін көп ізденуге, оқуға тура келді. Пианино, скрипка, ән класына қосымша сол жылдары қобыз, домбыра, баян класы ашылды. Алматыға арнайы келіп, белгілі шебер Қамбар Қасымовтың жалтыраған дүниелерінің арасынан он екі домбыра, жеті қобызды таңдап алып, училищеміздің оқу-әдістемелік қорын толықтырдық. Ал училищені жабу туралы обкомның шешімі шыққан кезеңде Орталық комитетке хат жазып жүріп, жабылудан аман алып қалдық. Бұл да ұжымның бірлескен күш-жігерінің, ұлттық өнерімізге жанашырлығының нәтижесі. Осылайша бірте-бірте ысылып, оқу орнын дамыту үшін тәжірибе жинақтадым. Cемейге келерде белгілі қылқобызшы Дәулет Мықтыбаевтың қызы Тамарамен отау көтердім. Осы жылдарда өзіме тапсырылған істі абыроймен атқаруыма отбасымның үлкен септігі тиді. Гүлмайра, Сәуле есімді қыздарым дүниеге келіп, екі үлкен міндетті жауапкершілікпен қатар алып жүруіме тура келді.
– Өмірдерегіңізде музыкалық аспаптарға бала кезден үйірсек болғандығыңыз айтылады. Ән айту да отбасынан дарыған екен. Болашағыңызды өнермен байланыстыруыңызға отбасындағы тәрбие әсер етті ме?
– Әкем өмірден ерте кетті. Домбыра шертісі ерекше еді. Ол кез еміс-еміс есімде болғанмен, әкемнің орны ойсырап тұрды. Ән мен жырдың ажары – анам Рысжан шаңқобыздың шебері болатын. Бұл да қанмен келген қасиет шығар. Күнде кешкісін ауылдың қыз-келіншектері жиылып ән салып жататын думанға толы кештерде айтылған халық әндері әлі күнге жадымда жаңғырып тұрады. Өзімнен үлкен ағам да музыкалық аспаптарда ойнайтын. Болашағымды заң саласымен байланыстырған ағам мені өнер саласына барады деп болжамаса керек-ті. Құлағымның құрышы әнмен қанған мені әкем қайтқаннан кейін алты баланы бірдей асырау мүмкіндігі болмағандықтан, анам Балықты ауылындағы мектеп-интернатқа оқуға берді. Мектеп директоры Сейіткәрім Нұрматов білімділігі мен қарапайымдылығы үйлесіп тұратын тамаша жан еді. Алғырлығыма қараған болуы керек, өзіне көмекші етіп алды. Осылайша 8-сыныптан бастап жауапты істі мойныма жүктеп алдым. Мектептегі хор үйірмесіне тұрақты қатысып жүрдім. Бірде хорды басқаратын оқытушымыздың аккордеонына қызығып, ойнап көруге сұрап алдым. Бұл аспаптан хабарым бар екенін көргенде таңдана басын шайқап, сенде үлкен қабілет бар, қайткен күнде консерваторияға оқуға түсуің керек деді. Консерватория дегенді алғаш естуім. Содан арман қуып, үлкен оқу орнына келдім. Емтиханды атақты Ахмет Жұбановтың өзі қабылдауы мен үшін күтпеген жайт болды. Осылайша ұстаз алдында жақсы нәтиже көрсетіп, қобыз класына қабылдандым. Бірақ ірілеу келген дене бітімімді ескерсе керек, Ахмет Жұбанов «Құрманбек Жандарбектің інісін қобызға отырғызып қойғанымыз жарамас, Болат Сарыбаевтың класына барсын», деп тапсырма берді. Осы жылдарда Фатима Балғаева, Құбыш Мұхитов, Хабидолла Тастановтай дарынды ұстаздардан тәлім алдым. Екі жыл кіші, үш жыл бас қобызды үйреніп, мұғалім-солист, халық аспаптарының ұйымдастырушысы деген мамандық алып шықтым.
– Ал ғылымға қалай келдіңіз, оқулық жазу ісіне қай кезден ден қойдыңыз?
– Музыка зерттеушiсі, композитор, қайраткер, академик Ахмет Жұбановтың халықтың ән-күй, композиторлық пен өнер, мәдениет қайраткерлерiнiң өмiрi мен шығармашылығына арналған зерттеулері қазақтың музыка мәдениетi ғылымындағы құнды еңбектер саналады. Академиктің тапсырмасымен композитор-педагог, жадымызда ұлттық музыкамызды жинақтаушы, этнограф, көптеген музыкалық, оқулық басылымдарының авторы ретінде қалған Латиф Хамиди ағайымыз барлық студентке бірінші курстан бастап қазақ музыка тарихынан реферат жазғызатын. Ізденеміз, оқимыз, осылайша бес жылда он шақты реферат қорғаппын. Ғылымға бір табан жақындай түскендігімнің себебі осында жатыр. А.Жұбанов пен Б.Сарыбаевтай ұстаздарымыз жол бастаушымыз бола білді. Семейде жүргенімде де бұл бағыттағы жұмыстарым газет беттерінде қазақ музыка өнері майталмандарының шығармашылығына арналған мақалалармен жалғасын тапты. Қатар оқыған елу-алпыс баланың ішінен ғылымға бет бұрғаны мен ғана екенмін.
– Қылқобыз скрипканың атасы екендігін дәлелдеп көптеген мақала жаздыңыз. Осы күнге дейін қазақтың ән, күй, би өнерін зерттейтін ғылыми институт керектігі жайында да үнемі мәселе көтеріп келесіз. Бұл ұсынысыңызды құптағандар, қолдағандар болды ма?
– Елімізде ән, би, музыка дүниесін зерттеу ісі кенжелеп қалғаны жасырын емес. Әдебиеттану, тарихтану, тілтану бағытында зерттеу ісі жолға қойылғанмен, ғылыми-зерттеу бағытында өнертану институты жоқ. Әлі күнге ұлттық музыкалық аспаптар тарихын ғылыми деңгейге көтере алмай отырғанымыз елдігімізге сын. Бұл жай ғана аспаптану институты емес, ол қазақтың ән-би, тіптен сурет салу өнерінің тарихын зерттеумен тығыз байланысты. Бүгінде қазақтың домбырасы мен қобызы әлемдік деңгейде тұр. Дүние жүзінің өнертанушылары скрипканың атасы қылқобыз екенін әлдеқашан мойындаған. Елімізде бұл аспаптарды жасайтын жекелеген шеберлер көп болғанмен, олардың ғылыми-зерттеу мүмкіншілігі жоқ. Кезінде консерватория жанындағы ғылыми-зерттеу зертханасына композитор, еліміздің өнер қайраткері Бақытжан Байқадамов бес-алты жылдай жетекшілік етіп, мұнда бала қобыз бен бала домбыраның жасалғанын білеміз. Міне, осынау игі іс аяқсыз қалды. Осы істі қайта жолға қойып, республикалық деңгейге көтере білсек, халқымыздың музыкалық эстетикалық дүниесіне бір табан жақындаған болар едік. Бүгінде дамыған елдердің экономикалық өрістеуінің бастауы руханиятымен сабақтасып жатқаны анық. Мәдениетін дәріптеу арқылы ұрпақ тәрбиесіне көп көңіл бөлуде. Мынау көрші жатқан әзербайжан, сонымен бірге өзбек ағайындарымызда алпыс жылға жуық тарихы бар аспаптар фабрикасы бар. Қазақтың ұлттық музыка аспаптарын жасайтын кәсіби өндірістің жоқтығы қынжылтады. Ал елімізде жүзеге асып жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында тарих тасасында қалған құндылықтарымызды шығарудың маңызы зор.
– Ал қазақ музыка тарихының бүгінгі зерттелу барысы қандай?
– Бүгінде Біржан сал, Ақан серінің ар жағында айтылмай қалған тұлғаларымыз өте көп. Олардың тарихын, шығармашылығын зерттеу мәселесі күн тәртібінде тұр. Көмескі қалған тарих бетін ашу нәтижесінде соңғы жылдары бұрын-соңды естіп білмеген батырлардың есімі атала бастады. Осы орайда Сегіз серіні атап өткен болар едім. Сегіз қырлы бір сырлы тұлға батырлығымен қоса, ұлттық музыкамызға да мол мұрасын қалдырып кетті. Бүгінде халық әні ретінде орындалып жүрген «Гуһартас» пен «Алқоңыр» – Сегіз серінің әні. Бұл тенор дауыста шырқалатын әндер. Сегіз сері «Дайдидауды» қосқанда отыз шақты әннің авторы. Батыр өз заманында екі жүзге жуық сарбаз ұстап, Исатаймен бірге соғысқан. Тарихи деректерде Махамбет пен Исатайдың есімі аталғанмен, Сегіз сері тасада қалып қояды. Ол – көп қудалауға ұшыраған батыр. Халық дарындары шығарған әндер мен күйлердi зерттеу, оларды бiр жүйеге келтiрiп, нотаға түсiрудің болашақ жастар үшiн тарихи әрі мәдени маңызы зор.
– Сіздің бастауыш, кейіннен жоғары сыныпқа жазған ән сабағына арналған оқулықтарыңызбен бірнеше буын өсті. Кәсіби оқу орындарында ұлттық музыка тарихына қатысты жазған еңбектеріңіз әлі күнге кәдеге жарап жүр. Жас ғалымдарға қандай кеңес беріп келесіз?
– Қазақтың музыка тарихын Ғафура Бейсеновадан оқыдым. Дегенмен бұл пән жиырма бес сағаттай ғана оқытылып келді. Ал орыстың және дамыған елдердің музыка тарихын бірінші курстан бастап екі жылға жуық оқып келдік. Қазақ сольфелджиосы, қазақ музыка теориясын орыс тілінде меңгердік дегенмен, осы жылдарда Ахмет Жұбановтың «Музыка әліппесі», Затаевичтің «Қазақтың 1000 әні» еңбектерінің жарық көруі ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған ауқымды қадам болды. А.Жұбановтың кейіннен жарық көрген «Құрманғазы», «Ғасырлар пернесі», «Қазақстан халық композиторлары», «Замана бұлбұлдары» теңдессіз еңбектерге айналды. Ұлттық музыка тарихын зерттеуге көп көңіл бөлгендігім ғылымдағы ізденістерімнің бастамасындай болды. Кейіннен бұл еңбектерім «Музыкалы-эстетикалық тәрбие», «Қазақ музыкасының қысқаша тарихы», «Қазақ музыкасының қысқаша тарихына» арналған 3 томдық оқулық-монография болып жарыққа шықты. Бұл еңбегім жоғары сынып оқушылары мен студент жастарға, өнерсүйер қауымға арналған. Үш томдық оқулық-монографияда барлығы 200-ден астам өнер қайраткерлері, сахна саңлақтары, музыка зерттеушілерінің өмірі мен шығармашылығына талдау жасалып, музыкалық эстетикалық тәрбиенің тарихы мен өркендеу жолдары қамтылған болатын. «Қазақ операсының даму жолдары», «Музыканы тыңдай және түсіне білу», «Оқушылар мен жастарға эстетикалық тәрбие беру», «Музыка әлеміне саяхат» атты еңбектерімнің кәдеге жарап жатқаны әрине қуантады. Кезінде қазақ тілінде жазған ғылыми жұмысымды орыс тіліне аударып қорғауыма тура келді. Белгілі ғалым Ибадулла Сембаевтың қолдауының арқасында Мәскеудегі методика ғылыми-зерттеу институтының ғылыми проректоры Евгений Квятковскиймен таныстым. Ол кісі үшінші класқа арналған кітабымды көріп, кандидаттық, ал екіншісіне докторлық диссертациялық жұмыс деп баға берді. Осылайша музыкалық мектептер, колледждер, жоғары оқу орындарында, мұғалімдер де пайдаланып келген «Бастауыш сыныптың музыкалық эстетикалық тәрбиесі» тақырыбынан диссертация қорғадым. Бүгінде бұл еңбек жас ұрпақты тәрбиелеуде ұлттық сипаты тұрғысынан құнды. Еңбектерімде халқымыздың тарихи және рухани қазынасын, ұлттық мәдениеті мен әдет-ғұрпы, салт-дәстүрлерi жан-жақты насихатталады.
– Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық мектеп-интернатты басқарған жылдарда өркениетті елдер тарихымен танысып, көп тәжірибе жинап қайттыңыз. Осы сапарлар барысынан көңіліңізге не түйдіңіз?
– Мен өзіме сеніп тапсырылған міндетті абыроймен атқарғаннан кейін өтініш айтып, Семейден Алматыға, П.Чайковский атындағы музыкалық училищеге мұғалім болып оралдым. Одан кейін Білім министрлігінің республикалық музыкалық-эстетикалық ғылыми-әдістемелік кабинетіне меңгерушілікке бекітіліп, музыка мектептеріне қазақ, орыс тілдерінде қазақ әндерін оқытудың бағдарламасын енгіздім. Кейіннен министр Кенжеғали Айманов, Шиап Сағындықовтың қолқалауымен Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық мектеп-интернатқа директорлыққа келдім. Бұл жауапты орынға келуге жүрексіндім. Олай деп отырғаным, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Түркістан Өзбеков ағамыз осы мектепті басқарды. Расын айтқанда, әскери тәртіптегі адам басқарған мектепті басқарамын деп бірден шешім қабылдай алмадым. Дегенмен, барыс-келіс сапарлар мен зерттеулерім арқылы шетелдіктер тамсанып, қызығатындай тарихымыз бен мәдениетіміздің тереңде жатқандығына көзім жетті. Италия, Ұлыбритания, Шотландия, Югославия сапарларында бұл елдерде Құрманғазы, Ақан сері, Динадай тума таланттарының жоқтығына, Біржан мен Күләшті ешбір елден таба алмайтындығымызға, екі ішекті аспаппен әлемдік музыка жасаған Құрманғазы, Дина мен Әміренің ұрпағы ретінде мақтануымыз керектігін сезіндім. Ал біздің музыкалық мұрамыз әлі түпкілікті зерттелмей жатқан сала екен. Десек те, елімізде дұрыс бағыт ала алмай, шөгіп кеткен қаншама дарындыларымыз болды. Кезекті сапарлар барысында клевесин, күйсандықта Нұрғисаның, Шәмші, Әсет, Әбләхаттың әндерін орындап, қазақ музыкасын әуелетіп қайттық. Студенттермен, оқушылармен кездесуімізде Верди, Паганини шығармаларын жатқа айтып, туған елінің музыкасы тарихын жатқа білетіндігіне таңғалдық. Шетел сапарынан осындай әсермен оралғандықтан, оқулық жазуға отырдым. Өйткені адамға ой салатын да, жандандырып, өз қатарынан артық дүние білуге шабыттандыратын да рухани байлық. Шетелдерде назарымызды аударған басты жайт, өркениетті елдер музыкаға, эстетикаға бала жастан, отбасынан баулитындығы. Олар балабақша, мектеп табалдырығын музыкалық аспаппен бірге аттайды. Осы орайда жапон халқынан үлгі алатын мына мысалды айта кетейін. Жапондықтар балаларын балабақшаға маталлофонмен апарады. Мектептерде бес күн бойы бір-бір сағаттан музыка мен сурет сабағы 12-сыныпқа дейін оқытылады. Бұл пәндерді Чехословакия, Венгрия, Болгария, Балтық жағалауы елдері аптасына үш сағат, ал Ресей мен посткеңестік елдерде аптасына 1-1,5 сағат оқытып келді. Жастайынан отбасынан рухани байып өскен баланың өнерге, эстетикалық тәрбиеге сусындап өсетіні ғылыммен дәлелденген. Тіптен Жапонияда бала құрсағында жатқанда анасының күніне кем дегенде екі-үш минут ән салуы тәрбиенің бір бөлшегі іспетті. Рухани байлық – әр халықтың жетістігі. Жапондықтардың әлемдегі алдыңғы қатарлы ел болуының да негізі осында жатса керек. Сонау бір жылдарда Шымкентте колледж ашып, бастауыш сынып мұғалімдерін оқытуды жолға қойған едім. Жапон тәжірибесіне негіздей отырып, балаларды музыка, суреттен сабақ беруге баулыдым. Студенттер бірінші курстан қалаған мектебінде тәжірибеден өтеді. Педагогика, музыкалық эстетикаға баулу үшін «Елім-ай», Ыбырай Алтынсариннің «Кел, балалар, оқылық» және Абайдың «Көзімнің қарасы» философиясына негізделген бағдарлама жасалды. Онда баланың бастауыш сыныптан бастап ән мен күйді қабылдау түйсігін тереңдету көзделді. Сол жылдарда колледжде сегіз жүзден астам түлек тәрбиеленген екен. Өкінішке қарай, бұл тәжірибені республикаға тарату ісі аяқсыз қалып қойды.
– Бүгінде музыка сабақтарының өз деңгейінде өтпейтіндігіне қатысты сын аз емес, тіптен ән сабағын оқытудың қажеті жоқ деген пікірлер айтылып қалады. Ал дарынды балаларды оқыту ісіне қаншалықты көңіл бөлініп келеді?
– Өнер академиялары дарынды балаларды ғылымға әкелу жағынан артта келеді. А.Жұбанов атындағы мектепте директор болған жылдарда ауыл-ауылдарға шығып, талантты балаларды іріктеп алуды дәстүрге айналдырған едік. Талантты балаларды таныту мақсатында жыл сайын дәстүрлі конкурстар өткізу жалғасып келеді дегенімізбен, осы тәжірибені әрі қарай кең көлемде жалғастырудың маңызы зор. Дегенмен де саланың дамуы кадрға байланысты екендігін айта кеткен жөн. Әдебиеттен де, тарихтан да төл оқулықтарымыз баршылық дегенмен, музыка тарихына келгенде көңіліміз құлазиды. Бастауыш екі сынып оқулығын мен жазсам, Өмірбек Байділдаев бесінші, жетінші сыныпқа арнап оқулық жазды. Айта кететін басты мәселе, бүгінде музыканы оқытатын мұғалімдердің көпшілігінің деңгейі төмен. Ән айтқызумен шектеліп, ұлттық музыкамыздың тарихы мен құдіретін дәріптей алмауда. Осылайша дүбара жастар тәрбиеленуде. Қазір Динаның немесе Құрманғазының күйлерін немесе Роза Бағланованың әндерін білетіндер кемде-кем. Бұл – отбасындағы тәрбиенің кемшілігі. Осы үрдіс әлі күнге жалғасып келеді. Осыны дұрыс жолға қоймай, қоғамның өсіп-өнуі бекер. Бүгінде саланы мықтап меңгерген қазақ тілді лекторлар жоқтың қасы. Осы орайда орыс тілінде қазақ музыкасын зерттеп жүрген музыкатанушы, профессор Юрий Аравиннің еңбегін бағалауымыз керек. Балабақша, мектептерде, жоғары оқу орындарында сабақ беретіндердің дені әйелдер екені – ескере кететін маңызды мәселе. Ал шетелдерде оқытушылардың басым көпшілігі – ер адамдар. Үйде ананың, оқу орындарында әйел мамандардың тәрбиесін алған балаларымыздың болашағына алаңдауымыз керек. Әйелдердің қоғамдағы шаруасы жеткілікті. Ал медицина мен білім саласында еңбекақы мардымсыз. Ондай жағдайда бұл салаға ер адамдардың келуі екіталай. Осы орайда Президентіміздің сала мамандарының жалақысын көтеру тұрғысындағы тапсырмасында үлкен саяси мән жатқандығын айта кеткен абзал. Сонымен бірге алдағы уақытта мектеп директорларын ер азаматтардан дайындау ісіне көңіл бөлінуі қажет. Көптеген ер адамдардың өз деңгейінде қоғам дамуына үлес қоса алмай жүргендігі көп мәселенің өз деңгейінде шешілмей отырғандығымен байланысты.
– Бүгінде көптеген шәкірттеріңіз еліміздің мәдениеті мен өнерінің дамуына үлес қосып жүр. Олармен шығармашылық байланысыңыз қалай?
– Еліміздің мәдениеті мен өнерінің дамуына зор үлес қосқан шәкірттерім қатарында М.Ешекеев, А.Райымқұлова, А.Мұхамедиұлы, Б.Нүсіпжанова, Р.Рымбаева, М.Жүнісова, Т.Забирова, А.Жорабаева, С.Майғазиев, тағы басқаларды атап өткен болар едім. Бүгінде еңбектеріммен ғаламтор арқылы танысып, кейде Нью-Йорк, Токиодан хабарласып жататындар бар. Шетелде жүрсе де ұлттық өнерді ұмытпай, Біржанның, Құрманғазы мен Күләштің күйлері мен әндерін тыңдайтын жастардың бар екені қуантады. Бұл да бір ғаламтордың пайдалы жағы. Қазақ әніне сұраныс барда ұлттық өнеріміз өлмейді. Ал оның болашағы ұлттық музыка тарихымен тығыз байланысты.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»