• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қаржы 29 Маусым, 2021

Тағы бір банк лицензиясынан айырылды

261 рет
көрсетілді

Бұл жолы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Capital Bank Kazakhstan банкін лизенциясынан айыру туралы шешім қабылдады.

Capital Bank Kazakhstan акционерлік қоғамын банк және өзге де операцияларды, бағалы қағаздар нарығында қызметті жүргізуге берілген лицензия­дан айыру туралы шешім осы жылдың 24 маусымында қабылданған. Бұған бірнеше себеп негіз болып отыр. Атап айтқанда, банк пруденциялық нормативтерді және басқа да сақталуы тиіс өзге де норма мен лимитті жүйелі түрде бұзып келген. Яғни мұндай жағдай бір жылдың ішінде үш реттен артық қайталанған. Бұдан бөлек, банктің ірі қатысушысы уәкілетті органның қосымша капиталдандыру жөніндегі талаптарын орындамаған. Сондай-ақ қаржы институты төлемге қабілетсіз банк санатына жатқызылған. Лицензиядан айырылған күнгі жағдай бойынша банк активтерінің мөлшері 38,5 млрд теңгені, несие қоржыны 33,9 млрд теңгені құрады. Оның ішінде 30,4 млрд теңге немесе банктің несие қоржынының 89,8 пайызы – мерзімі 90 күннен асқан жұмыс істемейтін кредиттер. Банктің өтімді активтерінің мөлшері 149 млн теңгені құрайды. Бұл ретте орындалмаған клиенттік төлемдердің көлемі 15 млрд теңгеден асады.Пруденциялық нормативтерді орындамауына байланысты Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банкке қатысты 29 қадағалап ден қою шарасын қабылдап, 67 әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама жасаған.«2020 жылы банк акционері банктің қаржылық жағдайын жақсарту жөніндегі іс-шаралар жоспарын ұсынды. Көрсетілген жоспарды орындау шеңберінде агенттіктің қатаң бақылауымен банк 2020 және 2021 жылдары депозиторлар алдындағы 31 млрд теңге сомасындағы міндеттемелерін төмендетті. Жоспарды іске асыру шеңберінде әлеуметтік тұрғыдан маңызды мекемелер (мектептер мен ауруханалар) алдындағы міндеттемелер толығымен және квазимемлекеттік сектор алдындағы міндеттемелердің айтарлықтай бөлігі де өтелді. Алайда банк пен оның акционері қабылдаған шаралар банктің қаржылық жағдайын тұрақтандыра алмады. Банк пруденциялық нормативтерді бұзуды жалғастыруда және клиент­тер алдындағы төлемдер мен аударымдар бойынша міндеттемелерін орындамайды» деп хабарлады агенттік. Банк салымшыларының, жеке тұлғалардың 99 пайызының депозиттері Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының кепілдігімен толық көлемде өтеледі.Агенттік төрағасының 2021 жылғы 24 мау­сым­­дағы бұйрығымен уақытша әкімшілік тағай­ындалды. Банктің барлық басқару органдарының өкілеттіктері уақытша әкімшілікке ауысты. Уақытша әкімшілік банктің тарату комиссиясы тағайындалғанға дейін әрекет ететін болады.Осылайша, 25 маусымнан бастап Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, клиенттердің және банктің өзінің банк шоттары бойынша барлық операция тоқтатылды. Агенттік заңнамада белгіленген тәртіппен банктің қызметін мәжбүрлеп тоқтату (тарату) туралы өтінішпен сотқа жүгінеді.