Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі несие мен микронесиелерге қатысты сыйақының шекті мөлшерлемелерін бекітіп берді. Енді кепілсіз банктік қарыздар бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің (ЖТСМ) шекті мәні 56 пайыз деңгейінде сақталып, кепілді банктік қарыздар бойынша ЖТСМ-нің шекті мәні 56-дан 40 пайызға дейін төмендетілмек.
Агенттік ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша ЖТСМ-нің шекті мәнін 56-дан 25-ке азайтып, микрокредиттер (кепілді және кепілсіз) бойынша ЖТСМ-нің шекті мәні 56 пайыз деңгейінде сақтаған. Ал 45 күнге дейінгі мерзімге 50 АЕК-ке дейінгі сомаға берілетін кепілді микрокредиттер бойынша номиналды сыйақы мөлшерлемесінің шекті мәні 30-дан 20 пайызға дейін төмендетіліпті. Әрине, бұл деректер несие алуға ынталы азаматтар үшін қажет-ақ. Дегенмен несие алу бар да, оны дер уақытында қайтару бар. Дер кезінде төленбей қалған несие салдарынан кей азаматтар қайтадан банкке беттей алмай қалып жатады. Яғни оның несие тарихына қара таңба басылып, екінші қайтара несие рәсімдеу мүмкіндігі жойылады. Осыған орай Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі өтелмеген проблемалық берешектің салдарынан теріс кредиттік тарихы бар және оны қайта құрылымдауды қажет ететін қарыз алушы-жеке тұлғаларды оңалту тетігін енгізіп отыр.Аталған тетік қарыз алушыға кредиттік бюролар жүйесінде «оңалтылды» мәртебесін беруді көздейді. Ондай мәртебені алу үшін қандай да бір құжат талап етілмейді. Рәсімді несие бюросы жүргізеді. Оңалту тетігінде қарыз алушының санатына байланысты «оңалтылды» мәртебесін алу үшін 3 бағыт көзделген. Оның алғашқысы кредит бойынша «оңалтылды» мәртебесі мерзімі өткен берешек өтелгеннен кейін 12 ай өткен соң және 30 күннен астам мерзімін өткізу болмаған жағдайда тағайындалмақ. Қазіргі кезде осы бағыт аясында 1,4 млн адам «оңалтылды» мәртебесін алыпты. Екінші бағыт бойынша банктер және микроқаржы ұйымдары мерзімі өткен берешекті ішінара өтеген қарыз алушылардың төлем қабілетін бағалай отырып несиені өтеудің барынша ыңғайлы кестесімен қоса оңалту жоспарын жасайды. Мұндай несие бойынша да «оңалтылды» мәртебесі берешектің барлық сомасы өтелгеннен кейін 12 ай өткен соң және 30 күннен астам мерзімін өткізу болмаған кезде ғана тағайындалады. Ал егер қарыз алушы оңалту жоспарын орындамаған болса онда оңалту рәсіміне өтінішті тек 5 жылдан соң ғана бере алады. Үшінші бағытқа сәйкес несие алғаннан бері бірде-бір мәрте қарызын өтемеген адамдарға қарыз алушылардың проблемалық берешегін реттеудің сотқа дейінгі тәртібі қолданылады. Бірінші несие бюросының мәлімдеуінше, 2021 жылдың 1 сәуірінде тұтынушылық несие бойынша орташа займ сомасы 438 мың теңге болған. Бір жыл ішіндегі өсім 3,8 пайызды құраған. Елдегі экономикалық белсенді халық саны шамамен 9 млн-ға жуықтаса, соның 1,8 млн-да несие жоқ. Жалпы, ел тұрғындарының тұтынушылық несие бойынша қарыз 7,31 трлн теңгеге жеткен. 2020 жылмен салыстырғанда 17,6 пайызға өсіпті. Бұл соманың 92 пайызы банктерде рәсімделсе, қалған бөлігін азаматтар микроқаржы ұйымдары мен сол сияқты кішігірім компанияларда рәсімдеген. Екінші деңгейлі банктер арасында жиынтық қарыз портфелінің өсімі бойынша Kaspi көш басында (бір тоқсанда +95 млрд теңге). Одан кейінгі орындарда «Сбербанк» (+52 млрд теңге) пен «Альфа Банк» (+40 млрд теңге) тұр.