Қайдан білгенбіз?! Осы уақытқа дейін еліміздегі ең биік сарқырама Жоңғар Алатауындағы Бұрхан бұлақ, Алтайдағы Көккөл екен деп жүрсек, одан да биігі бар екен ғой. Көнекөздер айтпақшы, Өр Алтайдың бүккен сыры көп. Әнеугүні тау кезбе фотограф Евгений Домашев тікұшақпен Мұзтауға қарай ұшып бара жатып, жақпар тасты шыңнан құлай аққан биік сарқыраманы суретке тартыпты.
Евгений Домашев Алтайдың тұмса табиғатын фотоға түсірумен ондаған жылдан бері айналысады. Мұзтауға дейінгі жолдың соқпағын бес саусағындай біледі. Жо-жоқ, Алтай – жұмбақ. Әр барған сайын таңғалдырады, әр барған сайын өзіне ғашық етеді. Бес саусағындай біледі дегенім, жалғандау. Шығыстың бұл пұшпағындағы тылсым мекендерді Рерихтердің өзі толықтай аша алмады-ау деймін. Әйтпесе Е.Домашев түсірген сарқыраманы тарихи жазбалардан көзіміз шалар еді ғой. Мүмкін кейін пайда болды ма?– Мұзтауды тікұшақпен бетке алдық. Зеңгір көкте емес, тау-таудың арасымен ұштық. Әр сәтті суретке тартуға тырыстым. Бір кезде қарсы алдымыздағы биіктен құлай аққан сарқыраманы көзім шалды. Алтайдың қойын-қолатын қанша араласам да, бұл көріністі бірінші рет көрдім. Ғажап! Кейін 50 000 масштабтағы рельефті картадан судың құлау биіктігін есептесем, 292 метр екен. Ойлаңыз, 300 метрге таяу, – деп таңғалады фотограф Евгений Домашев. Фотографтың айтқан сарқырамасы сонау Мұзтаудың мұздықтарынан басталып, Ақбұлқақ өзеніне құятын көрінеді. Нақты ақпарат айту үшін адам аяғы баспаған бұл маңға зерттеушілер ат ізін салуы керек шығар. Ең бастысы, үлкен жаңалық ашылды. Ендігі кезекте арнайы мамандар назар аударып, зерттеуі керек.
Шығыс Қазақстан облысы