• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Саясат 30 Маусым, 2021

Басты назарда – бала қауіпсіздігі

1342 рет
көрсетілді

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында елдегі санитарлық-эпидемиялық жағдай, білім беру нысандарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері қаралды. Халықты вакциналау барысы мен қазіргі жағдай туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев, Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов, Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Тұрымов баяндады.

Өткен аптада вакциналау қарқыны 1,6 есеге артты

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың айтуынша, әлемде КВИ-дің 182 млн-нан астам жағдайы тіркелген. Қазақстанда 29 маусымдағы жағдай бо­йынша COVID – 19-ға оң нәтижемен 421 121 жағдай және 56 942 КВИ науқас тіркелді. Қазақстан Республикасы 26 маусымнан бастап – «қызыл аймақта». Министр­дің айтуынша, соңғы аптада ко­ронавирус инфекциясымен сырқатта­ну­шылықтың 39%-ға өскені байқалады.Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында эпидемиялық жағдайдың нашарлауына байланысты қосымша шектеу шаралары енгізілді, олар халық көп жинала­тын орындардың қызметін шектеуге ба­ғытталған. Сауда-ойын-сауық орталық­тарының, сауда үйлерінің жұмысына сенбі және жексенбі күндері тыйым салына отырып, жұмыс күндері сағат 17:00-ге дейін шектеледі (осы объектілерде COVID-19-ға қарсы жаппай вакциналау пункттерінің орналасуына қарамастан); қоғамдық тамақтану объектілерінің (мейрамханалар, дәмханалар, барлар, асханалар) жұмысына сенбі және жексенбі күндері тыйым салына отырып, үй-жай ішінде сағат 07.00-20.00 аралығында және ашық ауада сағат 07.00-22.00 аралығында (Ashyq жобасына қатысатын объектілерді қоспағанда); жабық азық-түлік емес базарлардың жұ­мы­сына сенбі және жексенбі күндері ты­йым салына отырып, сағат 20.00-ге дейін жұмыс режімі шектелді (осы объектілерде COVID-19-ға қарсы жаппай вакцинация­лау пункттерінің орналастырылуына қа­рамастан); 100-ден астам адамның ашық ауада бұқаралық іс-шараларды өткізуіне тыйым салынды. А.Цой атап өткендей, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды облыстарында атал­ған өңірлердің эпидемиялық тәуе­келі жоғары аймаққа немесе «қызыл аймаққа» көшуіне байланысты қосымша шектеу шаралары қабылданды. Халықты вакциналау жалғасуда, шамамен 5,2 млн доза вакцина пайдаланылды, оның ішінде 1-компонентпен 3 246 795 адам егілді, бұл тиісті халықтың 32,8%-ын құрайды. Екінші компонентпен 1 954 372 адам қамтылды. «Бүгінгі күні егу пункттерінде вакцина дозалары жеткілікті: шамамен бірінші компоненттің 800 мың дозасы және екінші компоненттің 1,4 млн дозасы бар. Вакцина жеткізіліп жатыр. Өткен аптада вакциналау қарқынының 1,6 есе, өткен аптада 254 мыңнан 405 мыңға дейін өскенін атап өткен жөн», деді ведомство басшысы. Вакциналаудың тиімділігіне талдау жүргізілді, елімізде вакцинацияланғандар санының сәуір-маусым айлары аралығында 1,3 млн адамнан 3,2 млн адамға дейін өсуімен сырқаттанушылықтың 2 есеге төмендегіні байқалады. «Осыған байланысты, Дельта штамының пайда болуын және аталған штамға қарсы вакциналардың тиімділігін зерделеудің жалғасып жатқанын ескере отырып, вакциналау елдегі эпидемиялық жағдайға жағымды әсер ететінін айта кеткен дұрыс», деді А.Цой.

Вакциналау қарқынын күшейтуді тапсырды

Мәселені Үкімет басшысы Асқар Ма­мин қорытындылады. Оның айтуын­ша, Қазақстандағы санитарлық-эпиде­миялық жағдай өзгеруде. COVID-19-бен сырқаттану деңгейі өсіп келеді. Ал­маты қаласында және басқа өңірлерде коронавирустың дельта штамының өсуі байқалады. Вирустың репродуктивтік индексі 1,2-ге дейін өсті, инфекциялық тө­сек орындар 27%, реанимациялық төсектер 24% толы. Коронавирустың таралу қарқыны бойынша «қызыл аймаққа» Нұр-Сұлтан қаласымен қатар Алматы қаласы, Атырау, Батыс Қазақстан және Қарағанды облыстары кірді. «Сары аймақта» – 5 өңір: Шымкент қаласы, Ақмола, Ақтөбе, Қостанай және Маңғыстау облыстары. Қалған 7 өңір – «жасыл аймақта». Бүгінгі таңда 3,3 млн-ға жуық адам бірінші компонентті, 2 млн-ға жуық адам екінші компонентті алды. Премьер-Ми­нистр «қызыл аймақтағы» барлық өңір­де шектеу шаралары қолданылып, мониторингтік топтардың жұмысы күшейтіліп, резервтік инфекциялық төсек орындардың дайындығы, дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдардың жеткі­лі­ктілігі қамтамасыз етілуі тиіс екенін атап өтті. «Әкімдер, әсіресе, Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарында вак­циналау қарқынын күшейтуі қажет. Еңбек ұжымдарында, қызмет көрсету және білім беру салаларында міндетті вакциналауды енгізу қажет екені анық байқалып отыр», деді А.Мамин.

Жасөспірімдер арасындағы қысым көрсетушілікке жол берілмейді

Үкімет отырысында білім беру нысан­дарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері қаралды. Бұл жөнінде Білім және ғылым министрі Асхат Аймағам­бетов, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев, Түр­кістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев, Алматы облысының әкімі Амандық Бата­лов баяндама жасады.Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов атап өткендей, қауіпсіздікті одан әрі қамтамасыз ету мақсатында министрліктің алдында жедел шешуді талап ететін міндеттер тұр. Олар – барлық бейнебақылау камерасын бекітілген талаптар мен стандарттарға сәйкестендіру; қала мектептерін арнайы күзетпен қамтамасыз ету; білім беру ұйымдарын «дабыл түймелерімен» 100% қамтамасыз ету; педагогтерге және оқушыларға төтен­ше жағдайлар мен террористік қауіп төнген жағдайда қабылданатын шара­лар мен алгоритмдерді әзірлеу және енгізу; психологиялық қызметтердің рөлі мен жалпы тәрбие жұмысын күшейту. Білім беру нысандарын бейнебақылау жүйелерімен қамтамасыз етуге келетін болсақ, қазіргі уақытта мектептер 100% бейнебақылау жүйелерімен қамтамасыз етілген, олардың 55%-ы стандарттарға сәйкес келеді. Екіншіден, білім беру ұйымдарында «дабыл түймелерін» орнату жұмыстары жүзеге асырылып жатыр. Бүгінгі таңда олардың саны – 648 (9,3%). Проблеманы шешу үшін жергілікті бюджеттен 980 млн теңге сомасында қаражат көзделген. Мамандандырылған күзет қызметі қала мектептерінің 38% (680) енгізілген. Осы мақсаттарға жергілікті атқарушы органдардан 828 млн теңге бөлінді. Сондай-ақ БҒМ басшысының мәліметінше, балалардың қауіпсіздігі мектеп пен үй арасында тегін тасымалдау­ды ұйымдастыру арқылы да қамтамасыз етіледі. «Республикада 21 мыңнан астам оқушы тасымалдау ұйымдастыруды қажет етеді. Олар үшін 758 автокөлік жұмыс істейді. Соңғы үш жылда автобус паркі 203 бірлікке жаңартылды. Бүгінгі таңда автокөлік сатып алу қажеттілігі 515 бірлікті құрайды», деді А.Аймағамбетов. Сонымен қатар 7652 педагог-психолог күн сайын қиын өмірлік жағдайға тап болған балаларға қолдау көрсетеді. 2019 жылдан бастап психолог-педагог мамандардың жалақысы көбейді. Ұлттық тестілеуден сәтті өткен жағдайда оларға базалық лауазымдық жалақының 30%-дан 50%-ға дейін қосымша ақы төленеді. «Оқушыларды психологиялық қолдаудың тиімділігін арттыру үшін педагог-психологтардың санын арттыру жоспарлануда. Министрлік үлгілік штаттар мен лауазымдар тізбесіне өзге­ріс­тер енгізіп жатыр. Осылайша, педа­гог-психологтердің жүктемесі білім алу­шылардың санына байланысты белгі­ленеді», деді А.Аймағамбетов. Сонымен қатар министрлік психо­ло­гиялық қызметтерге бірыңғай талаптар мен кәмелетке толмағандар арасында буллингтің, кибербуллингтің (кәмелет жасына толмағандар арасындағы бір-біріне қысым көрсетушілік) алдын алу қағидаларын әзірлеуде. Сондай-ақ мектеп пен ата-аналардың өзара іс-қимылының жаңа форматын енгізу жоспарланып отыр. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловтың мәліметінше, бүгінгі таңда мектеп автобус­тарына қажеттілік 515 автобусты құрайды. Балаларды, оның ішінде тірек-қимыл функциялары бұзылған жеткіншектерді тасымалдауды ұйымдастыру кезінде барынша қауіпсіздікті қамтамасыз ету қажеттілігін ескере отырып, жабдықталған көлік құралдарына қойылатын техни­калық талаптар айқындалды: төрт нүк­телі қауіпсіздік белдігі бар балаларға ар­налған орындықтар; балаларды салонда қалдырып кетпеудің алдын алу жүйесі; апаттық жағдайда салонның арт­қы жағында бір рет басу арқылы ашып шығуы; санитарлық-эпидемиологиялық қон­дыр­ғымен; жүйелер мен агрегаттар торап­тарының қауіпсіздігін интеллектуалды автоматты тексеру және т.б. Мектептерді автобустармен қамта­ма­сыз ету үшін «QazTechna» ЖШС (Саран қ.), «DaewooBusKazakhstan» ЖШС (Семей қ.), «HyundaiTransAuto» ЖШС (Алматы қ.) секілді отандық кәсіпорындар тартылуда. «Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы автобустарды лизингке сатып алу үшін биыл 22 млрд теңге көзделген. Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдардың бюджетіне жүктемені төмендету үшін автобустарды лизингтік қаржыландыру шарттарына аванстық төлемді 15% пайыздан 0% пайызға дейін төмендету бөлігінде өзгерістер енгізілді», деді Б. Атамқұлов. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғым­бае­в­тың айтуынша, қазіргі таңда еліміз­де террористік тұрғыдан осал санатына жатқызылған 8,8 мыңнан астам білім беру нысаны бар. Олардың саны осы жылдың сәуір айында Үкіметтің тиісті қаулысының қабылдануымен 2,3 мыңға артты. Қазандағы қайғылы оқиға­ларды ескере отырып, өткен айда Қазақ­станның оқу орындарында барлық жалпы білім беретін мектептерге жоспар­дан тыс тексеру жүргізілді, бірқатар кем­ші­ліктер анықталды. Мектептер 100% бейне­ба­қылау камераларымен қамтамасыз етілген. Бірақ оның жартысына жуығы стандартқа сәйкес келмейді. Жұмыс істемейтін, тоққа қосылмаған және дұрыс орнатылмаған камералар бар. Осындай кемшіліктер Қарағанды облысында көп тіркелген. 505 мектептің 84%-ында тиісті бейнекамера орнатылмаған. Түркістан облысындағы 889 мектептің 69,7%-ында бейнекамералар техникалық параметрге сай емес. «Мектепке кіретін және шығатын есікте, әр қабатта, аулада камералар тұруы керек. Одан бөлек Жедел басқару орталығына камералардың біразы қосылмаған. Еліміз бойынша тек 1085 мектеп қосылған. Бұндай проблемалар Шымкент, Алматы, Жамбыл және Батыс Қазақстан облыстарында бар», деді ҚР ІІМ басшысы. Оның айтуынша, жергілікті жерлерде мектептерді шұғыл дыбыстық және сигналдық хабарлау жүйелерімен жаб­дықтау мәселелері де толық шешіл­меген. Олар әр үшінші мектепте ғана бар. Мұндай жүйелер қауіпті немесе дағдарыстық жағдайлар туындаған кезде, балаларды эвакуациялау немесе ішкі бөлмелерге бөгде адамдардың кіруіне тосқауыл қою үшін дереу дабыл беру қажет болған кезде керек. Алматы, Павлодар және Батыс Қазақстан облыстарындағы мектептер сигнал беру жүйелерімен жабдықталмаған. «Барлық жерде «дабыл түймелерін» енгізу қажет. Олар белгілі бір жерде болуы керек. Бұл кез келген қауіп-қатер немесе төтенше жағдайлар туындаған кезде күзет ұйымдарының орталықтандырылған бақылау пульттеріне жедел дабыл сигналын беруге мүмкіндік береді. Алайда мұндай «дабыл түймелері» мектептердің 9,3%-ында ғана бар», деді ол. Мектептерді турникеттермен және қолжетімділікті бақылау және басқару жүйелерімен жарақтандыруда проблемалар бар. Олармен мектептердің тек 4% және 5% ғана жабдықталған. Мұндай жүйелер негізгі кіру топтарына орнатылуы керек. Олар мектеп ғимараттарына арнайы электронды карталар арқылы кіруге, сондай-ақ баланың мектепке кіруі және шығуы туралы ата-аналарды СМС арқылы хабардар етуге мүмкіндік береді. Қазір мұндай жүйелер Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларының бірқатар мектептерінде жұмыс істеп тұр.

Білім беру нысандарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырды

Мәселені Үкімет басшысы Асқар Мамин қорытындылады. Оның айтуынша, ел мектептеріне тексеріс жүргізу барысында терроризмге қарсы қауіпсіздікті бұзу фактілері анықталды. Оқу орындарын мамандандырылған күзетпен қамтамасыз ету, турникеттер, «дабыл түймелері» мен камералар орнату жұмыстары жеткі­лік­сіз деңгейде ұйымдастырылған. Кәсі­би күзетпен қамтамасыз етілген мектеп­тердің ең көбі Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыс­тарында. Шығыс Қазақстан облысында мектептердегі барлық бейнебақылау каме­ралары белгіленген талаптарға толық сәйкес келеді. «Білім беру объек­ті­лерінде қолайлы әрі қауіпсіз орта қалып­тастыру – басым міндеттердің бірі. Оқу орындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмысын айтарлықтай жандандыру қажет. Жергілікті жерлерде балаларға қа­тысты және балалар арасында құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша салааралық үйлестіруді күшейту талап етіледі», деді А. Мамин. Үкімет басшысы өңірлердің әкім­дік­теріне жаңа оқу жылының басталуына дейін білім беру ұйымдарын материалдық-техникалық қауіпсіздік құралдарымен: ішкі істер органдарының жедел басқару орталығына шығатын бейнебақылау жүйелерімен, мамандандырылған күзет­пен, турникеттермен және «дабыл түйме­лерімен» қамтамасыз етуді тапсырды. Білім министрлігіне мүдделі мемле­кеттік органдармен бірлесіп, осы жылғы 10 шілдеге дейін білім беру ұйымдарында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі жол картасын бекіту міндеттелді. Білім, мәдениет, денсаулық сақтау, ішкі істер министрліктеріне биылғы 20 шілдеге дейін террористік тұрғыдан осал ведомстволық объектілердің терроризмге қарсы қорғалуын ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулықты бекіту тапсырылды. Білім, ішкі істер, төтенше жағдайлар министрліктеріне және өңірлердің әкім­діктеріне биылғы шілде айының соңына дейін төтенше жағдайлар туындаған кезде персонал мен оқушылардың іс-қимыл алгоритмін бекіту, одан әрі оқу орындарында терроризмге қарсы оқу-жаттығуларды тұрақты негізде өткізу жүктелді. Премьер-Министр әкімдіктерге девиантты мінез-құлықты балалармен жүргізілетін жұмыста мектеп психологтері мен кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлар жұмысын үйлестіруді күшейтуді тапсырды.