Еліміздің мұнай өңдеудегі негізгі үлесін Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған жобалары құрап отыр. Былтыр үш жоба 53,8 млн тонна мұнай, 44 млрд текше метр газ өндірген. «Үш алыптың» биылғы жоспары былтырғы жылмен деңгейлес. Казір кен орындарында өндірісті одан әрі кеңейту жобалары жүзеге асырылуда.
Мәселен, Теңізде құны 45,2 млрд долларды құрайтын кеңейту жобасы қолға алынды. Ол 2023 жылы аяқталмақ. Жоба өндірісті жылына 12 млн тоннаға арттыруға мүмкіндік береді. Жобадағы қазақстандық қамту – 36 пайыз, оны 52 пайызға дейін арттыру қарастырылуда.– Осы жылы Қашағанда құны 860 млн доллар, ал қуаты 1 млрд текше метр шикі газды шығаруға қауқарлы газ өңдеу зауытының құрылысы басталды. Жоба 2041 жылға дейін мұнай өндіруді 8 млн тоннадан 10 млн тоннаға дейін ұлғайтуға жол ашады. 2020 жылдың желтоқсаныңда Қарашығанаққа қатысты ірі инвестициялық жобаны іске асыру туралы инвестициялық шешім қабылданды. Ол шикі газды кері айдаудың қосымша 5-ші компрессорын енгізіп, сұйық көмірсутектерді өндіру деңгейін жылына 10, 11 млн тонна шегінде қолдауға бағытталған. Жобаның бюджеті – 970 млн доллар. Аяқталатын мерзімі – 2025 жыл, – деді халық алдында есеп берген Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев. Министр Қарашығанақ бойынша көпжылдық келіссөздер аяқталғанын атап өтті. Соның нәтижесінде былтыр халықаралық консорциум мемлекетке 1,3 млрд доллар төлеп, өндірілетін өнімді бөлу әдістемесіне өзгерістер енгізді. Бұл келісімшарттың қолданылу мерзімі аяқталғанша шамамен 600 млн доллар табыс әкелмек.Жалпы, пандемия кезінде мұнайға деген сұраныс пен ұсыныстың теңгерімі бұзылғаны белгілі. Сондықтан Қазақстан әу бастағы жоспарды қысқартуға мәжбүр болды. Соның нәтижесінде 2020 жылы мұнай мен конденсат өндіру көлемі 85,7 млн тоннаны құрады. Қолданыстағы шектеулерді ескере отырып жасалған биылғы болжам – 85,3 млн тонна. Өткен жылғы мұнай экспорты 68,6 млн тоннаға тең. Ал 2021 жылғы жоспар – 67,5 млн тонна. Былтыр мұнай өңдеу көлемі 15,8 млн тоннаны құрады. Биылғы меже бұдан сәл-пәл жоғары – 17 млн тонна. Сондай-ақ өткен жылы 11,5 млн тонна мұнай өнімдері өндірілді. Осы жылы аталған көрсеткіш 12,4 млн тоннаны құрайды деп күтілуде. Министрдің айтуынша, пандемия мұнай өнімдері нарығын қатты әлсіреткен. Сондықтан министрлік нарықты қолдауға ықпал ететін шаралар қабылдауға мәжбүр болды. Былтыр елімізде 55,1 млрд текше метр газ өндірілді. Биыл меже бұдан сәл төмен. Министрдің айтуынша, мұнай өндіруді төмендету газға да әсер етеді. Сондықтан болжамдарға аздаған түзетулер еніпті. – Өткен жылы тауарлық газ өндірісі 30,5 млрд текше метрді құрады. Биылғы жоспар да осы шамада. Ал газ экспортының көлемі 10,7 млрд текше метрге тең. Осы жылғы меже де осы көлемде болып отыр. Былтыр 3,2 млн тонна сұйытылған газ өндірілді, жоспар да осыдан асқан жоқ. 2021 жылдың соңына қарай сұйытылған мұнай газы электронды сауда алаңдары арқылы өткізуге толық көшіріледі. Бұл осы саланың ашықтығы мен бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етеді, сондай-ақ бизнес үшін әкімшілік кедергілерді азайту мақсатында «Газ желісі ұйымдарын» аккредиттеу институты жойылатын болады, – деді Энергетика министрі. Н.Ноғаевтың мәліметінше, 2020 жылы 51 газдандыру жобасын іске асыру үшін 38,5 млрд теңге бөлінген. 19 жобаны аяқтаудың нәтижесінде елді газдандыру деңгейі 53,07 пайызды құрап, 9,84 млн адам газға қол жеткізді. Халықты газдандыру үлесі осы жылдың соңына қарай 53,8 пайызды құрайды деп күтілуде немесе қосымша 140 мың адам газдың игілігін көрмек.– Былтыр мұнай-газ-химия өнеркәсібі саласында 360 мың тонна өнім шығарылды. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда 6 есе көп. 2020 жылы мұнай-газ-химия өнімдері өндірісінің өсуі 2019 жылмен салыстырғанда 155 пайызға артты. Оның 80 пайызы экспортталды. Осы жылдың сәуір айында Францияның Air Liquide Eastern S.A. компаниясы «ҚазМұнайГазбен» бірлесіп, Атырау облысында құны 16 млн долларға тең техникалық газ өндіру зауытын іске қосты. Бүгінгі таңда Атырау облысында полипропилен, Шымкентте метил-трет-бутил эфир және ұнтақ полипропилен шығаратын екі зауыт салынып жатыр. Полипропилен өндіру зауыты іске қосылғаннан кейін бірінші кезекте 11 түрлі өнім шығарылып, кейіннен оның саны 64 түрлі өнімге дейін кеңейтілетін болады, – деді Нұрлан Ноғаев. Министрдің баяндауынша, Қазақстанда электр энергиясын өндіретін 181 станса бар. Былтыр электр энергиясын өндіру секторына тартылған инвестиция көлемі 82 млрд теңгеден асқан. 2020 жылы электр энергиясын өндіру көлемі 108 млрд кВт/сағатты құрады. Бұл ретте 107,3 млрд кВт/сағат электр энергиясы тұтынылған. Биыл 109 млрд кВт/сағат электр энергиясын өндіру жоспарланған. Республикалық бюджеттің есебінен 31,4 млрд теңгеге 24 жоба жүзеге асырылуда. Оның алтауы аяқталды. 6 жобаның іске асырылуы шамамен 120 мың адамды сенімді және үздіксіз электрмен жабдықтауға, 18,1 мың адамды және 10 әлеуметтік нысанды жылумен жабдықтауға мүмкіндік берді. Құрылыс кезеңінде 902 жұмыс орны құрылды.– 2020 жылы біз «Жасыл экономика» тұжырымдамасы шеңберінде міндеттемелерді орындап, елдің жалпы энергия теңгеріміндегі жаңартылатын энергия көздерінің үлесін 3 пайызға дейін жеткіздік. Соңғы 5 жылда жаңартылатын энергия көздері нысандарының белгіленген қуаты 7 есе, яғни 2015 жылғы 240 МВт-тан 2020 жылы 1635 МВт-қа дейін өсті. 2020 жылдың қорытындысы бойынша республикада 115 нысан жұмыс істейді. Жаңартылатын энергетика нысандары өндіретін электр энергиясының көлемі 3,2 млрд кВт/сағатты құрады. Секторға шамамен 1,5 млрд доллар инвестиция тартылып, 1 310 тұрақты жұмыс орны құрылды. 2021 жылы жалпы қуаты 381,1 МВт болатын 23 жобаны іске асырып, шамамен 370 млн доллар инвестиция тарту күтілуде. Биылғы жоспар – шамамен 3,5 млрд кВт/сағат жаңартылатын энергия көздерін өндіру, – деді министр. Қазақстан табиғи уранның әлемдік нарығында көшбасшы екені белгілі. Бүгінде біздің ел әлемдік уранның 42 пайызын өндіріп отыр. 2020 жылы 19 586 тонна уран өндірілген. – Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы Үкіметтері арасындағы ядролық оқ-дәрілерді кәдеге жарату кезіндегі өзара есеп айырысулар туралы келісім шеңберіндегі мәселе реттелді. Атом энергиясын пайдалану саласындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілік мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Осылайша, елде ядролық залал үшін азаматтық жауапкершілік туралы Вена Конвенциясы шеңберінде халықаралық міндеттемелер іске асырылатын болады. Сондай-ақ биыл бұрынғы Семей сынақ полигонын кешенді экологиялық тексеруді аяқтау жоспарлануда. Зерттеу нәтижесінде бұрынғы сынақ алаңының бүкіл аумағының радиоэкологиялық жағдайы анықталады. «Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы» Қазақстан Республикасының Заңын қабылдау жоспарлануда, – деді Н.Ноғаев. Бүгінгі таңда Қазақстан табиғи уранды өндіруге және жеткізуге ғана емес, сондай-ақ қосылған құны жоғары, қайта өңделетін уран өнімін өндіруге әрі өткізуге де мүдделі. Мәселен, уранды қайта өңдеу бойынша Үлбі металлургия зауытының базасында уран диоксидінің ұнтақтары өнімі, отын таблеткалары шығарылады және аршылуы қиын ураны бар материалдар өңделеді. Бұдан бөлек, «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы аталған кәсіпорынның базасында дайын ядролық отын шығаратын зауыт салу жобасын іске асыруда.