• RUB:
    5.43
  • USD:
    472.62
  • EUR:
    513.22
Басты сайтқа өту
Өнер 01 Шілде, 2021

Елордада «Шегенің» жеке көрмесі ашылды

196 рет
көрсетілді

1 шілдеде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының көркемсурет галереясында (Бөкейхан көшесі, 1А) Ресей Федерациясы суретшілер Одағының мүшесі Владимир Гвоздевтің «Gvozdev+Shege» жеке көрмесі ашылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Елбасы кітапханасының «Тәуелсіздіктің мәдени коды» жобасы аясында өтіп жатқан көрме  астана күніне арналған.

Владимир Гвоздев 1960 жылы Свердлов облысында дүниеге келген, үш жасында оның отбасы Алматыға қоныс аударған. 1993 жылы Қазақ ұлттық өнер академиясын бітірген.

Суретшінің әкесі, әйгілі суретші Андрей Гвоздев авторға кескіндемеге деген сүйіспеншілікті оятып, білім береді әрі осы әлемді өзінше көруді үйретеді. Бірақ суретшіге өзінің бейнелеу тілін, өзіндік стилін табуға қазақ халық шығармашылығы көмектескен. Сондықтан Владимир Гвоздев өзіне лақап есім ретінде орыс тіліне аударғанда «гвоздь» деген мағынаны беретін қазақша «шеге» деген сөзді таңдап алған.

Шегенің шығармашылығы қазақ мәдениетімен, салт-дәстүрімен тығыз байланысты. Суретші өзі ойлап тапқан  «этносимволизм» стилінде жұмыс істейді.

Көптеген жылдар бұрын кілем кәсібімен айналысқан көрме авторы дәстүрлі қолмен тоқылған кілем тоқу өнерімен танысып, көне символдардың байлығы мен терең мағынасына таңданған. Шебер кілемдерді «оқи алатын» болған. 

Ежелгі қазақтардың тарихын, кілем тоқудың ою-өрнегін, петроглифтердің элементтерін зерделей отырып, көшпенділерде символдық жүйенің дамығанын анықтады: жылан – даналық, бүркіт – еркіндік, тәуелсіздік, ағаш – өмір белгісі. Қазақтың ежелгі таңбалық жүйесі шебер кескіндемесінің негізіне айналды. Суретшінің жұмыстары ежелгі қолөнершілер кілемге салған ақпаратпен ұқсас. Өнертанушылардың пікірінше, Шегенің туындылары – Ұлы дала мәдени негізі белгіленген барлық тілдерде қолжетімді мәтін.

Автордың кескіндемесі – бұл майлы бояумен салынған дәстүрлі қазақы кілемдер, көрпешелер, жастықтар. Мұндай әдіс «кенепке майлы бояумен тоқылғандай» деп айтылады. Негізінен көрменің авторы қылқаламмен емес, мастихинмен жұмыс істейді.

В.Гвоздевтің жұмыстары, Қазақстан, Германия, Ресей, Австралия, АҚШ, Австрия, Ұлыбритания, Швейцария, Голландия, Дания, Франция, Венгрия, Польша, Түркия, Грузиядағы галереяларда және жеке коллекцияларда сақтаулы.