Елімізде ауыл әкімдерін тұрғындардың тікелей сайлау мәселесі бұрыннан көтеріліп келеді. Халық бұған әбден дайын деп айтуға болады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауында қоғамдық пікір сауалдамалары ауыл әкімдерінің сайлау арқылы қызметке келуіне қатысты сұраныстың артқанын көрсетіп отырғандығын, енді бұл мәселені кейінге қалдыруға болмайтынын және 2021 жылы ауыл әкімдерін тікелей сайлауды өткізуге болатындығын айтты.
Осыған байланысты сайлау туралы заңнамаға жуырда енгізілген өзгерістерге сәйкес енді ауыл, кент, аудандық маңызы бар қала және ауылдық округ әкімдерін тұрғындар тікелей сайлайтын болды. Олардың саны еліміз бойынша – 2 345. Қазақстанда халықтың 40%-дан астамы ауылдық жерде тұратынын ескерсек, бұл сайлаудың орны ерекше. Биыл өкілеттілігі аяқталатын 836 әкім сайланады. Осы әкімдерді сайлауға 1 млн 250 мыңнан аастам адам қатысады.
25 шілдеге жоспарланған жергілікті сайлау науқанының назар аударатын бірнеше қызықты жағы бар.
Біріншіден, әкімдерді сайлаудың кезең-кезеңмен өтуі. Бірінші болып өкілеттілігі аяқталатын әкімдер сайланады. Содан кейін біртіндеп өкілеттіліктері аяқталуына байланысты келер жылдарда қалғандарын халық таңдайды. Белгілі бір ауылдарда эксперимент үшін өткізілген сайлауларды есептемегенде, бұл деңгейде өткізілетін алғашқы тікелей сайлау болғандықтан, кемшіліктер білінсе, оларды алдағы кезде реттеп отыруға мүмкіндік туады.
Екіншіден, ауыл әкімдігіне кандидаттарды ұсынудың жаңа тәртібі. Бұрын үміткерлерді аудан әкімі ұсынатын. Мәслихаттардың мардымсыз мәртебесін ескере отырып, бұл іс жүзінде тағайындау болғанын мойындауымыз керек. Ал енді кандидаттарды ұсынудың бірнеше жолы бар. Талаптарға сәйкес келетін үміткерлер өзін өзі ұсына алады немесе оларды партия ұсынады. Өзін өзі ұсынатындар қолдаушылар қолын жинауы қажет. Ал партияларды ауылға жақындатудың қадамы – осы ауыл әкімдерінің сайлауы. Ауылдағы әкім сайлауына партиялар үміткерді алыстан емес, осы ауылдан іздейтіні анық. Бұл партиялар ауылдардағы беделді тұлғаларға арқа сүйейді деген сөз. Тіркелген партиялар ауылда тұратын 40 пайыз электоратпен қоян-қолтық жұмыс істеу мүмкіндігін қолдан шығармайды деп ойлаймын.
Аудан әкімдерінің жергілікті халықпен кеңесе отырып, үміткер ұсынуының бір-ақ жолы қалдырылды: ол сайлауда балама болмаған жағдайда.
Үшіншіден, географиялық детерминизм. Бұл – саяси үрдістерге географиялық факторлардың әсері. Оңтүстіктегі тұрғындары көп және тығыз орналасқан ауыл мен жартылай бос солтүстіктегі ауылдың жағдайы әртүрлі екенін білеміз. Еліміздегі әрбір ауылдың өзіндік ерекшеліктері бар. Ол – экономикалық дамудың түрлі деңгейі, орталыққа алыс немесе жақын орналасуы, халық құрамы, сан түрлі менталитет және т.б. көптеген фактор. Француз ғалымы Монтескье айтқан географиялық детерминизм алдымызда тұрған сайлау науқа- нына ықпалы болады деп айтуға болады.
Төртіншіден, сайлау бюллетеніне «Барлығына қарсымын» деген бағанның енгізілуі. Мемлекет басшысының бастамасымен енгізілген сайлау заңнамасындағы бұл өзгеріс азаматтардың сайлау құқығын кеңейтуге бағытталған. «Барлығына қарсымын» деген таңдаудың болуы әр қоғамда кездесетін наразы пікірді ескереді. Егер тұрғын шынымен лайықты үміткер жоқ деп тапса, сайлауды жоққа шығармай, өз еркін білдіруге мүмкіндігі болады. Бұл сайлаудың легитимділігін жоғарылатып, ел ішіндегі наразы көңіл күйді бәсеңсітуге мүмкіндік береді деп ойлаймын.
Бесіншіден, жергілікті сайлауалды технологиялар. Әкім боламын деген үміткер сайлаушының назарын аударатын бағдарлама әзірлеп, мүмкіндігінше PR жасауға тырысатыны белгілі. Партиялар ұсынған кандидаттар кең көлемдегі ақпараттық қолдауға иек артатыны сөзсіз. Дегенмен де үміткерлер ақпа- раттық технологиялардың мүмкіндіктерімен бірге, жергілікті тұрғындармен tet-a-tet кездесулердің мүмкіндіктерін кеңінен қолданады деп ойлаймын. Халықтың таңдауына бетпе-бет кездесулердің тікелей әсері болмақ. Әрине, карантиндік талаптарды ескере отырып. Жалпы, ауыл әкімі сайлауында үміткерді халық көп жағдайда жақсы білетіндіктен, жеңіске шешуші ықпал ететін фактор – саяси жарнама емес, оның халық алдындағы беделі мен осыған дейін қол жеткізген табыстары деп болжам жасауға болады.
Әкімдерді тікелей сайлаудың артықшылықтары қандай? Бұл үрдістің бірнеше артықшылықтарын атап өтуге болады:
Біріншіден, сайланатын әкімдердің халық алдындағы жауапкершілігі артатын болады. Халық сенім білдіріп сайлағандықтан, әкім жоғарыда тұрған билік органдарына емес, енді жергілікті тұрғындарға тәуелді болады. Яғни халықтың жергілікті билікті қалыптастыруға ықпалы күшейеді. Ал әкім халықтың қолдауына ие болғандықтан, оның билігі ендігі кезекте легитимді болады. Халықтың көпшілігі дауыс беріп сайлағандықтан, «Бұл қайдан келген әкім?» деген сұрақ қойылмайтын болады. Әкімнің қызметіне бағаны сайлау арқылы тұрғындар беретіндіктен, алдағы уақытта әкімдердің қызметі жанданып, мұның өзі ауылдың жағдайын жақсартуға септігін тигізбек.
Екіншіден, тұрғындардың сайлау мәдениеті одан әрі көтеріле түседі. Халық өзі тікелей дауыс беретіндіктен, жергілікті басқару үдерісіне қатысу белсенділігі артатын болады деп ойлаймын. Біз бұған дейін ауыл әкімін мемлекеттік биліктің атқарушы тармағының өкілі деп қарастырып келсек, енді жергілікті өзін өзі басқарудың өкілі, яғни халықтың өкілі деп қарастыратын боламыз. Қазір Президент тапсырмасымен әзірленіп жатқан «2030 жылға дейінгі Жергілікті өзін өзін басқаруды дамыту тұжырымдамасының» жобасына сәйкес 2024 жылға қарай аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін сайлау жоспарланып отыр. Сол кезде ауыл әкімдерін сайлау тәжірибесі өте қажет болады.
Елдос ЖҰМАҒҰЛОВ,
саясаттанушы