• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Экология 02 Шілде, 2021

Қалдықтар да кәдеге асады

672 рет
көрсетілді

Қыбын тапса, күнделікті тастайтын тұрмыстық қатты қалдықтарды да кәдеге жаратып, одан пайдалы заттар жасауға болады. Әлемде жыл сайын 2 млрд түрмыстық қалдық шығарылса, Қазақстанда шамамен 5 млн тонна қоқыс тасталады екен. Эколог-мамандардың пікірінше, жылына шығарылатын қоқысты қайта өңдеу арқылы 500 мың тоннаға жуық қағаз бен картон, 300 мың тонна шыны, 200 мың тонна металл, 500 мың тонна пластмасса алуға болады екен. Дүние жүзі мемлекеттері қатты қалдықтардан қайталама шикізат өңдеуге ерекше мән беріп отырғаны сондықтан.

Шет мемлекеттерде қоқыс­тарды бөлек-бөлек жинайтын үрдіс бар.  Арнайы контейнерлерге  жеке-жеке жинақталған шыны, органика, пластик бұйымдарды өңдеуге жіберуге де ыңғайлы. Ал Қазақстан аумағында қоқыс­тарды бөлек жинақтау – әлі дұрыс жолға қойылмаған. Барлық дерлік қалдықтар қоқыс үйінділеріне көміледі. Соның өзінде де мамандар тұрмыстық қалдықтарды көмуге арналған полигондардың көпшілігі санитариялық талаптарға сәйкес келе бермейтінін айтып, дабыл қағуда. Сарапшылардың пікірінше, елорданың тұрмыстық қатты қалдықтар полигоны ғана тиісті талаптармен жұмыс істейді екен. 2015 жылы бас шаһар тұрмыстық қалдықтарды басқарудың бірыңғай жүйесін жасауға ден қоя бастаған. Бұл дегеніміз қоқыстарды жинау мен өңдеудің заманауи тәсілдері деген сөз. Яғни қала билігі осы саладағы жаңа әдістерді енгізуді қолға алды. Соның бір көрінісі – қоқыстарды бөлек-бөлек жинау үрдісі.  Оның алғашқысы электр үнемдегіш жарықшамдарды арнайы сарғыш контейнерлерге тастаудан басталған еді. Соның нәтижесінде, миллиондаған диодты шам кәдеге жаратылған екен. Содан кейін қоқыстарды құрамына қарай бөлек жинақтау үрдісін тәжірибеге енгізді.

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі­нің ресми сай­тындағы мәліметке сүйенсек, күн сайын қала аума­ғынан 900-1 мың тонна қат­ты тұрмыстық қалдық шыға­­рылады. Елорда аумағы 24 учас­кеге бөлінген, онда 15 мың­нан астам контейнері бар 5091 алаң ұйымдастырылған. Қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау және тасымалдау бойынша кешенді жұмыстарды елорда­лық қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқар­масының қолдауы­мен Clean City NC ЖШС жүзеге асырады, делін­ген хабарламада.

Елордада 2018 жылдан бастап екі фракция – «дымқыл» (тамақ қалдықтары) және «құрғақ» (қағаз, пластик, шыны, металл) қалдықтар болып бөлек жинау жүйесі енгізіл­ді.

Ресми ақпарат бойынша, сары контейнерлерде сұрыпталған қалдықтарды ақ түсті қоқыс тасушы шығарады. Қоқыс алаңның айналасындағы екі метр радиуста іріктеледі.

Ал жасыл және металл кон­тейнерлердегі қалдықтарды қызғылт-сары қоқыс тасушы шығарады.

«Қоқысты шығару күн сайын сағат 06:00-ден 22:00-ге дейін екі ауысымда жүр­гізі­леді. Жағымсыз иістердің таралуын болдырмау, кеміргіштердің, жәндіктердің пайда болуының алдын алу, эко­логиялық қауіп­сіздік нормаларын бұзбау және адам денсаулығы үшін контей­нерлерді қауіпсіз дезинфекциялау құралдарымен жуу және өңдеу тұрақты жүргізіледі.

Қала аумағында пайда бол­­­ған барлық қалдық қоқыс өң­деу кеше­ніне шығарылады. Оның аумағында қалдықтарды қабылдауға арналған екі желі жұмыс істейді. Кешенде қалдықтар сұрыпталады, брикеттеледі және өңделеді. Қайта өңдеуге жатпайтын брикеттелген ҚТҚ кейіннен көму үшін полигонға шығарылады», дейді әкімдік сайтында.

Айтпақшы, жарамсыз болып қалған аудио-бейне құрылғылар да қалай болса солай шашылып жатпайтын болған. Қаланың бірнеше сауда орындарында істен шыққан электрондық құралдарды тастауға арналған арнайы жәшіктер бар.

Әлбетте, қоқыстарды бөлек-бөлек сұрып­тап тастау – ақылға қонымды-ақ жүйе. Бірақ мұндай тиімді тәсілдің дұрыс жүзеге асуы тұрғындарға тікелей байланысты. Таза­лық мәдениеттiлiктiң өлшемі десек те, тұрмыс­тық қалдықтарды бөлек-бөлек тастау былай тұрсын, қоқысын таяқ тастам жерде тұрған жәшікке тастауға ерінетіндер бар. Кежегесі кері тартқандар ұрланып, қоқысын лифтінің ішінде, кіреберістерге, аулаға қалдырып кетеді. Міне, кейбір адамдардың ішкі мәде­ниетінің деңгейі. Ол ол ма, қоқысты жол жие­гіне тастап кететіндер, көлік терезесінен темекі тұқылын лақтырып не болмаса артымда адам қарап тұр-ау демей, түкірініп-қақырынып жататындар – соның көрінісі. Сондықтан алдымен адамдардың санасы тазару керек. Сонда айналамыз да тазарып, қоршаған ортаның кіршіксіз тазалығы көңіл-күйімізге де оң әсер еткен болар еді. Әйтпесе қоқыстың қанша жәшігін орнатсақ та мәдени өреміз төмен болса, олардың бәрі бекер болмақ.