Халыққа әлеуметтік-еңбек мәселелері бойынша кеңес беру қызметін енді 1414 байланыс орталығы жүзеге асырады. Бұған дейін ақпарат алу үшін 1411 қысқа нөміріне қоңырау шалу қажет болатын, деп хабарлайды Egemen.kz.
Енді зейнетақы мен жәрдемақыларды, атаулы әлеуметтік көмекті ресімдеу, әлеуметтік қызметтер порталының жұмысы, еңбек қатынастары және халықты жұмыспен қамту мәселелері бойынша қажетті ақпарат алу үшін абоненттер 5-қосымша нөмірін баса отырып, 1414 бірыңғай байланыс орталығына жүгіне алады.
«1414 техникалық платформасына көшу «жоғалып кететін» қоңыраулардың үлесін азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар біз бұрын 1411 желісінің жұмысына кеткен шығындарды да оңтайландырамыз. Қазір біз көп арналы жүйені пайдаланып отырғанымыздың арқасында, тек аудио қоңырауларды ғана емес, мәтіндік хабарларды да қабылдау мүмкіндігі артты. Қазақстандықтар @kenes1414bot телеграмм ботының «Зейнетақымен қамсыздандыру» бөлімінде операторға әлеуметтік-еңбек саласы мәселелері бойынша хабарлама жіберіп, сол жерден жауап ала алады. Ал 1411 нөмірі енді жұмыс істемейді», деді «Азаматтарға арналған үкімет» басқарма төрағасының бірінші орынбасары Сүйеніш Әбділдин.
Әлеуметтік-еңбек саласы мәселелері бойынша 1414 бірыңғай байланыс орталығынан дүйсенбіден жұмаға дейін сағат 9.00-ден 18.30-ға дейін және сенбі күні сағат 9.00-ден 13.00-ге дейін кеңес алуға болады. Қоңырау шалу тегін.