Биыл Жамбыл өңірінде мал азығының қымбатшылығы әрі тапшылығы күрделі мәселеге айналып отыр. Алайда, аталған мәселе бойынша бүгінде тиісті жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі кезде Сарысу ауданында төрт түліктің саны артып, нәтижесінде өңір тұрғындарының да әлеуеті де көтерілді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қыстың қамын жазда ойлаған сарысулық шаруалар бұл күнде қауырт тіршілікке кірісіп кеткен.
Аудан әкімі Марат Сұлтанғалиевтің агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бағытталған жоспарының бірінші сатысы да мал шаруашылығына арналған. Осы орайда, мал азығын дайындау, сапалы жем-шөптің берік қорын жасау - басты міндет болып отыр. Аудан басшысы қысқы мал азығының дайындығын тексеріп, шаруа қожалықтарын аралады. Шаруа қожалықтарының басшыларымен кездескен ол жұмыс барысын әр апта сайын зерделеп шығуда. Бүгінде ауылдағы тұрғындар қора-қопсысын жөндеп, шатырларын бүтіндеп, мал азығын дайындауға кіріскен.
Бізге мал азығын дайындау бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде аудан әкімі Марат Сұлтанғалиев айтып берді.
«Жаздың аптап ыстығы өсімдік атаулыға оңай тиіп тұрған жоқ. Осы орайда Сарысу ауданы бойынша шөп дайындау барысына тоқталсақ, жалпы шөп шабуға бекітілген алқап көлемі 34415 гектарды құрайды. Оның ішінде 29370 гектар шабындық алқап және 5045 гектар көпжылдық шөптер, яғни жоңышқа. Бүгінгі күні 5045 гектар көпжылдық шөптер алқабы толық шабылды, ал табиғи шабындық алқаптың 8020 гектары орылды. Дайындалған шөп көлемі 44528 тонна. Жұмыстың орындалуы 44.0 пайыз. Бұдан бөлек, Шу бойынан 7100 гектар табиғи қамыс шөбі, сай- салалар мен өзен арналары орылады. «Қыстың қамын жаз ойла» дегендей, бүгінде жаппай қыстық мал азығын дайындау жұмыстары ауданымызда қарқынды жүргізілуде», деді ол.