• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 03 Шілде, 2021

Nur Otan Еңбек вице-министрін партиялық жауапкершілікке тартады

194 рет
көрсетілді

«Nur Otan»-ның Партиялық бақылау комитетінің кезекті отырысында жұмыспен қамтудың жалған фактілері, жұмыспен қамту орталықтарының есебіндегі айла-шарғылар, бюджеттік несиелерді мақсатсыз пайдалану,  «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламасының орындалу мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Egemen.kz. 

Комитет мүшесі, Мәжіліс депутаты Әлия Әбсеметованың айтуынша, бағдарламаны жүзеге асыру үшін соңғы 4 жылда республикалық бюджеттен шамамен 600 млрд. теңге бөлінген. Алайда бағдарламаның нысаналы индикаторлары бір-біріне ұқсап қана қоймай, көбінесе бір-бірін айна қатесіз қайталайды. Бұл, әрине, қазына қаржысын босқа шашу.

Сонымен қатар, Комитет мүшелері азаматтарды жұмысқа тек қағаз жүзінде қабылдау фактілерін анықтады. 2019 жылы 118,8 мың азаматтың жұмыспен жалған қамтылғаны белгілі болды. Бұл тұрақты жұмысқа орналасқандардың жалпы санының 31%-ын құрайды.

«Мәселен, жұмыс берушілер өз қызметкерлерін жұмыстан шығарып, оларды жұмыспен қамту орталықтары арқылы әлеуметтік жұмыс орындарына қайта жұмысқа алады. Нәтижесінде адамдар бұрынғыдай жұмысын істей береді, бірақ мемлекет олардың табысының 35%-н субсидиялайды. Осылайша, жұмыс беруші өзінен жауапкершілік пен шығындарды алып тастайды», деді Әлия Әбсеметова.

Nur Otan баспасөз қызметі жаппай кәсіпкерлікті дамытуда да жағдай мәз емес екенін жазады. Партиялық бақылау комитетінің ақпараты бойынша, прокуратура органдары 1,3 млрд. теңге несие негізсіз берілген 341 фактіні, соммасы 555,3 млн. теңгені құрайтын бюджеттік несие мақсатсыз пайдаланылған 180 фактіні анықтады.

«Кәсіпкерлердің басым бөлігі бюджеттік несие алғаннан кейін бірден өз қызметін тоқтатады. Сонымен қатар, тиісті бақылаудың болмауы салдарынан адамдар бюджеттік несие есебінен басқа банктердегі қарыздарын жауып, үй мен көлік сатып алады», дейді Ә.Әбсеметова.

«Еңбек» бағдарламасы аясындағы жастар тәжірибесінің тиімділігі де мардымсыз. Мамандық бойынша бюджет есебінен оқытылғандардың 25%-ы ғана жұмысқа орналасады.

Комитет төрағасы, Мәжіліс депутаты Артур Платоновтың айтуынша, жұмыспен қамту сияқты маңызды салада жауапсыздық пен бюрократизм фактілерінің санына жете алмайсың.

«Осы салаға жауапты орталық және жергілікті билік органдарының лауазымды тұлғалары көбіне көрсеткіштердің соңына түсіп, нақты ахуалдың өздері әдемілеп «бояған» есептерден айырмашылығы көп екенін байқамайды», деді Артур Платонов.

Өз кезегінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов соңғы 4 жылда «Еңбек» бағдарламасы аясында тұрақты жұмысқа 1,4 млн. астам адам орналастырылғанын, бейресми жұмыспен қамтылғандар саны 400 мың адамға қысқарғанын, ал жұмыссыздық деңгейі 4,9% деңгейінде сақталғанын хабарлады. Сондай-ақ, министр мемлекеттік бағдарламаны жетілдіру бойынша ведомство атқарып жатқан шаралар туралы айтып берді.

«Жұмыспен қамтудың жалған фактілерімен күресу үшін осы жылдың мамыр айынан бастап жұмыссыз ретінде тіркелу, бюджеттік несие алуға өтінім беру және өзге де қызметтер электрондық еңбек биржасы арқылы онлайн форматта көрсетіледі. Ал азаматтардың еңбек мобильділігіне ықпал ету үшін көшуге берілетін субсидия мөлшері 35-тен 70 АЕК-ке дейін ұлғайтылды»,  деді министр.

Отырыс қорытындысы бойынша Партиялық бақылау комитеті Еңбек министрлігі мен Ұлттық экономика министрлігінің «Еңбек» бағдарламасын жүзеге асыру бөлігіндегі жұмысын қанағаттанарлықсыз деп тануға қаулы етті. Еңбек вице-министрі Ержан Біржановты «ескерту» түріндегі партиялық жауапкершілікке, сондай-ақ Қарағанды және Түркістан облыстарындағы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларының басшылары Әсем Жүніспекова мен Әсия Темірбаеваға «ескертпе» түріндегі партиялық жаза қолдану ұсынылды.

Бұдан басқа, Комитет Еңбек және Ұлттық экономика министрліктеріне жұмыспен қамту бағдарламасын бағалау әдістемесін әзірлеуді және бекітуді, оны сарапшылық және ғылыми ортада талқылауды, сондай-ақ, жыл сайын бағдарламаны жүзеге асыру нәтижелерінің ашық қолжетімді көздерде жариялануын қамтамасыз етуді ұсынды.