1 шілдеде Astana Finance Days аясында әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту форумы басталды. Форумның ашылуы Дүниежүзілік экономикалық форумның акселераторына арналған «Closing the Gender Gap» сессиясымен ерекшеленді, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Closing the Gender Gap» акселераторы әйелдердің жетекші лауазымдарға көтерілуіне жақсы мүмкіндіктер құруға және тез дамып келе жатқан секторларға қайта жұмысқа орналасу мақсатында оқыту арқылы жұмыс күшінің қатысуын арттыруға бағытталған. Ынтымақтастық моделі болашақ ұрпақтар үшін гендерлік теңдікті жеделдету мақсатында мемлекеттік және жеке сектор басшыларын біріктіреді. Қазақстан Орталық Азия елдерініңарасында акселераторға қосылған ең алғашқы мемлекет болды. Қазақстанның мемлекеттік органдары, Дүниежүзілік экономикалық форум (ДЭФ) және «Астана халықаралық қаржы орталығы» (АХҚО) ниет хатына қол қойды.
Сессияға ДЭФ пен Қазақстан өкілдері қатысты, оның ішінде Анар Омарова - АХҚО Басқарушысының аға кеңесшісі; Саадия Захиди - Дүниежүзілік экономикалық форумның басқарушы директоры; Доктор Рания А. Аль-Машат - Египет Араб Республикасының Халықаралық ынтымақтастық министрі; Лаззат Рамазанова - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы. Сессия барысында АХҚО ДЭФ-на ұлттық деңгейдегі бастаманы құрғаны үшін, әртүрлі елдердегі гендерлік тепе-теңдікті сақтауға және әйелдердің біліміне, дамуына және кәсіби өсуіне қосқан үлесі үшін, сондай-ақ, әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін жақсарту тәжірибелерін енгізгені үшін Арнайы марапатын табыс етті.
Саадия Захиди, Дүниежүзілік экономикалық форумның басқарушы директоры: «Дүниежүзілік экономикалық форум атынан мен АХҚО-ның Арнайы марапатына ие болғанымыз үшін шын жүректен алғысымызды білдіргім келеді. Гендерлік теңдікке қол жеткізу жұмыс орнында, білім беру жүйесінде және үй шаруашылығында өте маңызды міндет болып қала береді, және біз осы мақсатқа жетуге ұмтыламыз. Бұл қиындықтарды шешу қиын болғанымен, үкімет пен бизнес көшбасшылары арасындағы ынтымақтастық арқылы біз жүйелі және тұрақты прогреске қол жеткізе аламыз. Біз Қазақстандағы акселераторды іске қосу арқылы экономикалық саладағы гендерлік алшақтықты жою жолындағы серіктестігімізді асыға күтеміз».
АХҚО үйлестіруші рөлінде жеке және квазимемлекеттік компанияларды акселератор бағдарламасына қосылуға шақырды. Айта кетсек, бұл жеке және мемлекеттік секторлардың бірлескен ірі жобаларының бірі: акселераторға қатысуға 50-ден астам компания шақырылды.
Лаззат Рамазанова, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы: «Біздің гендерлік теңдікке қол жеткізу және әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейту жөніндегі көзқарасымыз «Closing the Gender Gap» акселераторының мақсаттарына толық сәйкес келеді. Мен жеке сектордағы компанияларды осындай жаһандық бастамаға қатысуға, осы мәселені жақсарту бойынша өз пікірлерімен бөлісуге, сондай-ақ Қазақстанда және бүкіл әлемде гендерлік теңдікке қол жеткізуге үлес қосуға шақырамын».
Анар Омарова, АХҚО Басқарушысының аға кеңесшісі: «АХҚО акселераторға әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында белсенді шаралар қабылдау үшін мемлекеттік-жекеменшік ынтымақтастықты дамытуға жауапты ұлттық үйлестіруші ретінде қосылды. Бұдан әрі қарай біз квазимемлекеттік және жеке секторлармен бірге жергілікті деңгейде терең талдау мен бағалауды жүргізетін боламыз, және әр түрлі саладағы және деңгейдегі әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында негізгі міндеттер мен көрсеткіштері бар іс-шаралар жоспарын дайындаймыз».
Д-р Рания А. Аль-Машат, Египет Араб Республикасының Халықаралық ынтымақтастық министрі: «Мысырдың «Closing the Gender Gap» акселераторына қосылуы Мысыр үкіметінің гендерлік күн тәртібін іске асыруға және мысырлық әйелдерге мүмкіндіктерін кеңейту үшін қажетті саясат пен құрылымдық реформаларды жүргізуге деген саяси ерік-жігері мен экономикалық міндеттемелерін көрсетеді. Әйелдердің экономикаға қатысуы макродеңгейде шешуші мәнге ие болды. Халықаралық Валюта қорының бағалауы бойынша, әйелдердің Египет экономикасына тең интеграциясы оның ЖІӨ-не тікелей әсер етіп, оны шамамен 34 пайызға арттырады. Осылайша, акселератордың іс-шаралар жоспарында мемлекеттік және жеке секторлардың әрбір қатысушысы үшін жергілікті деңгейде мәселені түсінуді арттыру, қажеттіліктерге негізделген іске асыру жоспарын жасау және олардың орындалуын ынталандыру секілді тапсырмалар белгіленген».