1-3 шілде аралығында Түркияның астанасы Анкара қаласында қазақ халқының киелі де қасиетті музыкалық аспабы күніне орай «Ұлттық домбыра күні фестивалі» өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы Елшілігінің ұйымдастыруымен жүзеге асқан іс-шара 2021 жылдың 1-3 шілде аралығында Анкараның ең көрікті жерлері - тарихи Эстергон қамалы, Анкара қамалы, Түркістан ғимараты, Түркия Респубиликасының Президент әкімшілігі кітапханасы және Түрік тарихи мұражайында өтті.
Ұлттық Домбыра күні фестиваліне қазақ, түрік, татар, ноғай, жапон халықтарының өкілдерінен тұратын 50-ден астам өнерпаз 4 ай бойы дайындалған қазақтың күйлерін бір мезетте орындап, анкаралықтарды ғажап күйге бөледі.
Ұлттық домбыра күніне орай мұндай ауқымды шара шетелде алғаш рет ұйымдастырылып отыр.
2 шілдеде басталған Ұлттық домбыра күні фестивалі Түркия Республикасының Президент әкімшілігінің Ұлттық Кітапханасында салтанатты концертпен ашылды.
Түркия Президенттік әкімшілігі Ұлттық кітапханасында өткен концертке Елші Абзал Сапарбекұлы және Түркия Президенттік әкімшілігінің Ұлттық кітапханасының басшысы Айхан Туглу, Түркиядағы Қарғызстан, Албания, Иран және Мажарстан елдерінің елшілері, дипломаттары, депутаттар, түрік елінде білім алып жатқан студенттер мен БАҚ өкілдері қатысты.
Концертте домбырашылармен қатар, Қазақстан және Түркияның өнер майталмандары, атап өтер болсақ, Қазақстанның мәдениет қайраткері Эльмира Шендуран, Қазақстан және Моңғолияның еңбек сіңірген әртісі Меруеш Башай, Түркияда қазақтың қасиетті құралын дәріптеп жүрген Шәмшігүл Жүсіпова мен Седат Солакоглу, Түркі дүниесі оркестрінің музыканты, белгілі композитор Ирфан Гүрдал, Мая Исмаилова сияқты көрікті өнер иелері да қазақ халық әндерін көрермендерге паш етті.
3 шілдеде Ұлттық домбыра күні фестиваль шеңберінде Анкараның ең үлкен «Түрік тарихи мұражайында» фестивальдің аяқталуына орай салтаннатты концерттік бағдарлама өтті.
Концерттік бағдарламаға Елші Абзал Сапарбекұлы, Этимесгут ауданы әкімі Энвер Димерел, Тарихи түрік мұражайы директоры Ахмет Йылдырым, Етимесгут ауданы әкімі орынбасары Алладин Сонат, депутаттар, мәдени орталық жетекшілері мен зиялы қауым және жергілікті БАҚ өкілдері қатысты.
Елші Абзал Сапарбекұлы өз сөзінде «Домбыра қазақтың ұлттық аспабы ғана емес, халық мұрасы. Қазақ қашанда домбыраны қадір тұтып, төрге іліп, бағалаған. Киелі аспаптың құрметіне 2018 жылы Елбасының жарлығымен Ұлттық домбыра күні бекітілді. Сонау көне тарихтың күмбірін бүгінгі күнге жеткізген киелі де қасиетті Домбырамызды өркениетті заманға сай жаңғырта білсек, келешек жастарға ұлттық тәрбие беретін өнеге бастауы, әрі рухани қазынасы болары шындық», деп домбыра күнінің маңыздылығына тоқталды.
Сондай-ақ, Елші Абзал Сапарбекұлы осындай ауқымды шараның шетелде алғаш рет Түркияда өтіп жатқанын атай келе, ұйымдастырушылар мен қолдау көрсеткен бауырлас түрік халқына алғысын білдірді.
Өз кезегінде Елші Абзал Сапарбекұлы шараға келген барша қонақтарды «Ұлттық домбыра» күнімен құттықтап, ұлттық өнерді жалғастыру мен қасиетті домбыраны серік еткен өнерпаздарға ізгі тілегін білдіре келе, оларды алғыс хатпен марапаттады.