Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және еліміздің астанасы Нұр-Сұлтан қаласының туған күніне орай, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы мен қалалық архив мекемесі бірлесіп «Тарих таңдаған елорда» атты көрме ұйымдастырды.
Аталмыш көрме XIX ғасырдан бастап қазіргі күнге дейінгі елорданың тарихын баяндайтын архивтік құжаттар мен сирек кітаптардан құралған екен. Атап айтатын болсақ, Ұлттық орталықтың қорында сақтаулы «Известия» газетінің 1918-1921 жылдар аралығында жарық көрген әр санында бірінші дүниежүзілік соғыс кезеңіндегі қазақ елінің жағдайы және 1921-1922 жылдары аралығында еліміздің кейбір облыстарын қамтыған ашаршылықты баян ететін тақырыптар бар.
Сондай-ақ көрермен көрме сөресінен Нұр-Сұлтан қаласы мемлекеттік архивінің қорында сақтаулы құжаттарды тамашалай алады. Бұлардың арасынан Ақмоланың алғаш әскери бекініс ретінде салынуын, қалыптасуын кезең-кезеңімен сипаттайтын фото-архивтік құжаттар көпшілік назарын аударды. «Көрме шілде айының соңына дейін жалғасады», дейді ұйымдастырушылар.