330 қазақстандық шетелдік жетекші жоғары оқу орындарына ұсынылды. Олар Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен жасалған үкіметаралық келісім шеңберінде Мажарстан, Польша, Қытай, Украина, Словакия, Әзірбайжан және Вьетнам университеттерінде тегін оқи алады, деп жазады Egemen.kz.
ҚР БҒМ баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қазақстанға Орталық Азия елдері арасында ең көп 250 білім грантын Мажарстан бөліп отыр. Қытай – 47, Польша – 11, Украина – 10, Словакия – 3, Әзірбайжан – 8, Вьетнам – 1 грант ұсынған. Гранттар бакалавриат, магистратура, докторантура және резидентура бағдарламалары бойынша бөлінеді.
«Әңгімелесу барысында әрбір үміткерге мамандық таңдауға деген ынтасы мен жігері, теориялық білімі мен оқудағы немесе таңдаған мамандығы саласындағы жетістіктерінің деңгейін анықтау үшін сұрақтар қойылды. Сондай-ақ біз ойлау логикасының деңгейін, сөйлеу сапасын, кез келген жағдайдағы мәселелерді шешу бойынша үміткерлердің жеке қасиеттері мен дағдыларын бағаладық. Білім беру грантын тағайындау туралы түпкілікті шешімді қабылдаушы тарап қабылдайды», деді ҚР БҒМ Халықаралық бағдарламалар орталығының президенті Айнұр Кәрібозова.
Үміткерлерді депутаттар, сарапшылар, инженерлік-техникалық, медициналық, гуманитарлық және жаратылыстану ғылымдарының докторларынан құралған тәуелсіз комиссия іріктеді. Тәуелсіз сараптама комиссиясы негізгі және резервтік тізімге шет тілін білу деңгейі, білімі туралы құжаттың орташа балы және әңгімелесудің орташа бағасының жиынтығы бойынша ең жоғары ұпай жинаған үміткерлерді енгізді.