• RUB:
    5.49
  • USD:
    477.14
  • EUR:
    521.28
Басты сайтқа өту
Өнер 08 Шілде, 2021

Домбырашылар дүбірі

647 рет
көрсетілді

Орал қаласында күйші-композитор Сей­тек Ораза­лы­ұлының туғанына 160 жыл толуына орай республикалық «Күй құдіреті» домбырашылар байқауы қоры­тын­дыланды.

«Бұл байқаудың мақсаты – Сейтек Оразалы­ұлының есімін ұлықтап, төкпе күй мұра­ла­рын кеңінен насихаттау, өскелең ұрпақ­тың орын­даушылық бағдарламасына Сейтек­тің күйлерін енгізу, республикамыздағы домбырашылардың кәсіби деңгейін шыңдау, өнер әлемінде жас дом­бы­рашылардың есімін ашу», дейді байқауды ұйым­дастырушы, Батыс Қазақстан облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры Мәулет Жұбатов.

Байқауға кең-байтақ Қазақстанның әр өңі­рінен және Батыс Қазақстан облысының аудандары мен Орал қаласынан 18-45 жас аралығындағы 17 күйші қатысты.

Өнер байқауына республикаға танымал мәде­ниет қайраткерлері, кәсіби күйшілер қазылық етті. Қазылар алқасының төрағасы – Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген мәдениет қызмет­кері, «Парасат» орденінің иегері, Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармония әртісі, күйші Ермек Қазиев болса, алқа құ­ра­мында Қазақстан Республикасы мәдениет са­ла­сының үздігі, Нұр-Сұлтан қаласындағы «Тәуел­сіздік сарайының» директоры Қуанышбек Мұханғалиев, Қазақстан Республикасы мәдениет қайраткері, Нұрмұхан Жантөрин атындағы Аты­рау облыстық филармония әртісі Құттыгерей Дүй­сеев, Қазақ­стан Республикасы мәдениет сала­сының үздігі, Құр­манғазы атындағы саз кол­лед­жінің директоры, күйші Нұржан Сер­теков, Қазақ­стан Республикасы мәдениет сала­сы­ның үздігі, Құрманғазы атындағы Орал саз кол­лед­жі­нің оқытушысы, күйші Ербол Ғұбайдул­линдер бар.

Екі күнге созылған күй додасында домбырашылар байқау шартына сай өнер көрсетті. Бап пен бақ жарысқан, шын мәнінде өнер озған, күй өне­рінің туы көкте желбіреген тамаша тартыс болды.

«Елорда күні қарсаңында, Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығымен, күйшілік дәстүр мектептері қалыптасқан, күй атасы Құрманғазы мен күй анасы Дина бастаған дүлдүл күйшілер мекен еткен Бөкей Ордасының 220 жылдығымен тұспа-тұс келген бүгінгі Сейтек Оразалыұлы бабамыздың 160 жылдығына арналған «Күй құдіреті» респуб­ликалық домбырашылар байқауы Ақжайық өңірін рухани серпілтті. Жылдың соңына дейін күй мерекесі Дина Нұрпейісованың 160 жылдық мерейтойы аясындағы шаралармен жалғаса-­ ды», деп құттықтады Батыс Қазақстан облысы әкімі­нің орынбасары Бақытжан Нарымбетов.

Сонымен, қазылар алқасы Сейтек байқауы­ның бас жүлдесіне Батыс Қазақстан облысы Шың­­ғырлау ауданынан келген өнерпаз Азамат Қалиевті лайық деп тапты. Оған 500 мың теңге бәйге берілді.

Байқаудың бірінші орын жүлдесін аты­раулық Қайрат Жұмағалиев, екі екінші орынды – алматылық Әйгерім Неталиева мен талды­қор­ғандық Бота Дүнгенбаева иеленді.

Үш үшінші орын Қызылорда қаласынан кел­ген Бауыржан Сейдәліге, оралдық Әлібек Қуаны­шалиевке, алматылық Темірхан Бейбітке бұйырды.

Байқау жеңімпаздары мен қатысушыларына бағалы сыйлықтар, марапаттар табыс етілді.

 

Батыс Қазақстан облысы