• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Медицина 08 Шілде, 2021

Nur Otan-да медицина қызметкерлерінің құқықтарын қорғау шаралары қаралды

210 рет
көрсетілді

Өңірлердегі денсаулық сақтау нысандары құрылысының сапасы және медицина қызметкерлерінің құқықтарын қорғау шаралары «Nur Otan» партиясы жанындағы Ұлт денсаулығы мәселелері жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің отырысында талқыланды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі Данай Смағұловтың айтуынша, бүгінде «Nur Otan»-ның сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасы аясында Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында екі ғылыми-инновациялық көпбейінді аурухананың құрылысы басталды. Аймақтарда 5 жыл ішінде 20 заманауи медициналық орталық ашу жоспарланып отыр. Сонымен қатар барлық елді мекендерді фельдшерлік-акушерлік және дәрігерлік амбулаториялармен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде.

Осы орайда, партия кеңесі құрылыстың сапасы мен мерзімін сақтау және салынып жатқан нысандарды техникалық жабдықтау мәселелеріне салалық ведомство қызметкерлерінің назарын аударды.

«Жүргізілген мониторинг қорытындысынан «Дәру» Ұлттық оңалту орталығының құрылыс кестесі сақталмағанын көріп отырмыз. Ал жеке медициналық ұйымдар мен клиникаларда талаптардың бірыңғай тұжырымдамасының болмауына байланысты халыққа алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету бойынша «Үйдегі дәрігер» жобасына қатысу үшін қиындықтар туындады», деді елордалық кеңес төрайымы Динара Оразалина.

Партияның баспасөз қызметі хабарлағандай, отырыс барысында Кеңес мүшелері медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру тетіктерін жетілдіруді және облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың Қоғамдық денсаулық сақтау басқармалары жанындағы пациенттердің құқықтарын қорғау жөніндегі тәуелсіз омбудсмен лауазымын енгізуді ұсынды.

Денсаулық сақтау министрлігінің Ғылым және адами ресурстар департаментінің директоры Гүлназ Таңатарованың айтуынша, ведомство медицина қызметкерлерінің мәртебесін арттыруға, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға, еңбек жағдайларын жақсартуға бағытталған заң жобасын әзірлеген.  

Атап айтқанда, «кінәсіз» жүйесі бар қолданыстағы сақтандыру компаниялары арқылы (сотқа дейін өтемақы төлеу) медициналық қызметкерлердің кәсіби жауапкершілігін сақтандыруды кезең-кезеңімен енгізу жоспарланған, онда жұмыс беруші сақтандырушы болады. Сондай-ақ емдеудің «трафареттік» тәсілі алынып тасталып, пациенттермен арадағы дауды реттеумен айналысатын медиация қызметі енгізіледі.

Отырыс қорытындысы бойынша Кеңес бірқатар ұсынымдар әзірледі. Олардың қатарында медициналық құқық бұзушылықтар жөніндегі норманы Әкімшілік кодекске ауыстыра отырып, Қылмыстық кодекстің 317-бабын қайта қарау, медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін ерікті сақтандырудың тиімді тетіктерін пысықтау ұсынысы да бар.