• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Білім 08 Шілде, 2021

Президент тапсырмасымен әлеуметтік осал топтарға квота бөлінді

608 рет
көрсетілді

Білім және ғылым министрлігі 2021-2022 оқу жылына білім гранттарын бөлу кезінде халықтың әлеуметтік осал топтарына квоталар бөлді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Енді көпбалалы немесе толық емес отбасылардан шыққан балалар, сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардағы талапкерлердің грант алу мүмкіндігі жоғарылай түсті.

«Білім және ғылым министрлігі Президенттің тапсырмасы бойынша халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балалардың мемлекет есебінен білім алуына мүмкіндіктің көбірек болуы үшін жұмыс жүргізді. Кәмелетке толмаған төрт және одан көп бала тәрбиелеп отырған отбасылардағы балалар үшін гранттардың жалпы санының 5%-ы, кемінде үш жыл толық емес отбасы мәртебесі бар отбасылардан шыққан балаларға – 1%, І, ІІ топтағы мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардан шыққан түлектерге білім беру гранттарының 1%-ы көзделген. Бұл ретте олардың ҰБТ нәтижелері шекті балға сәйкес келуі тиіс», деп хабарлады Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев.

Сонымен қатар квота шеңберіндегі гранттар жетім балалар мен этникалық диаспора өкілдері үшін де бөлінген.

Осылайша, азаматтардың әлеуметтік осал санаттарындағы талапкерлер білім беру гранттарын беру кезінде басымдыққа ие болады. Мәселен, егер педагогика мамандықтарына 8 мыңға жуық білім гранты бөлінсе, оның ішінде 1 063 грант халықтың әлеуметтік осал топтарындағы азаматтар үшін көзделген.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік білім гранттарын бөлу жүйесінде ауқымды әлеуметтік құрамды қарастыру керектігін және талапкердің академиялық жетістіктеріне ғана емес, сондай-ақ оның әлеуметтік-экономикалық мәртебесіне де назар аударуды тапсырғанын айта кеткен жөн.