Осы жылы XIX ғасырдың басында Еділ мен Жайық өзендерінің аралығында құрылған Бөкей Ордасына 220 жыл толды. Сөз жоқ, Қазақ мемлекеттілігінің тарихында Бөкей Ордасының алатын орны орасан зор. Осы уақытқа дейін бұл саяси бірлестіктің құрылуының негізгі екі себебі айтылып келді. Біріншісі – XVIII ғасырдың соңғы жылдарында Кіші жүзде әлеуметтік-экономикалық және саяси жағдайдың мейлінше шиеленісуі болса, екіншісі – патша өкіметінің Қазақстанды отарлау саясаты.
Қазақстанға алғашқы нарықтық қатынас белгілері осы хандық арқылы енгені сөзсіз. Қазақтың ішінен тұңғыш еуропаша сауат алған Жәңгірдің ұсынысымен ұйымдастырылған алғашқы музей, архив, орыс-қазақ мектебі, жәрмеңкелер XIX ғасырдың II жартысында бүкіл Қазақстанда ашылуына ықпал жасады. Жәңгір мектебінен білім алған кейбір қазақтар кейін бүкіл Ресейге танымал тұлғаларға айналды. Сонымен қатар Бөкей Ордасындағы әлеуметтік-экономикалық жағдайдың шиеленісуі Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған халық-азаттық көтерілістің шығуына себеп болды. Бұл көтеріліс хандықтың іргесін шайқалтып, ақыры оның ыдырауына әкеп соқты.
Бөкей Ордасы құрылуының әлеуметтік-экономикалық және саяси себептері туралы көптеген зерттеулер ғылыми ортаға белгілі. Алайда соңғы жылдарда сол Бөкей хандығы құрылуының сыртқы факторларының да бар екені туралы айтылуда. Біз қолда бар деректер негізінде осы мәселе жөнінде сөз қозғамақпыз.
Тарихтан белгілі Кіші жүздегі хандық кеңестің төрағасы Бөкей сұлтан 1799 жылы Астрахань казак полкінің командирі полковник Поповқа Еділ мен Жайық өзендері аралығында, 1771 жылға дейін қалмақтар жайлаған жерге қоныстануға рұқсатын алу үшін хат жазған. Бұған түрткі болған 1771 жылы «Шаңды жорық» кезінде қалмақтар бұрынғы жоңғар жеріне қайтып көшкенде, қазақтар орта жолда оларға соққы берді. Сол жылдың жазында Балқаш көлінің жағасында 100 мыңға жуық қазақ сарбаздары бас қосқаны да белгілі...
Кейін Ертістің сол жағында көшіп-қонып жүрген қазақтар 1788 бен 1798 жылдары Ресейден Ертістің оң жағына көшуге рұқсат алған. Осыны біліп отырған Бөкей де әрекет жасады. Попов Астраханның әскери губернаторы Кноррингке хат жіберіп, ал Кнорринг Бөкей сұлтанның бұл өтінішін І Павел патшаға жолдаған. Ресей императоры І Павел 1801 жылы 11-(24) наурызда Бөкей сұлтанның басқаруында Еділ-Жайық өзендері аралығында Ішкі немесе Бөкей Ордасын құру туралы жарлыққа қол қойған.
Өкінішке қарай, сол күні түнде І Павел қастандықпен өлтірілген. 11(24) наурыз күнгі Петербургтегі оқиғаның, яғни Ішкі Орданы құру туралы жарлыққа қол қойылуы мен императордың өлтірілуі арасында байланыс бар ма деген сұраққа тарихшылар «бар» деп жауап беруде.
Енді осы мәселелерді ашып көрсетуге ниеттенсек, 1801 жылғы қаңтар айында Францияның Бірінші Консулы Наполеон Бонопарт пен Ресей императоры І-Павел арасында құпия келісімге қол қойылғаны тарихтан белгілі. Бұл келісім, шын мәнінде, Франция мен Ресей арасында Англияға қарсы әскери одақ құрылған болатын. Әскери одақ мемлекеттік құпия болғандықтан оның мазмұны 40 жылдан кейін ғана белгілі бола бастады. Бұл құпия келісім бойынша Франция мен Ресей Англияның отары Үндістанға әскери жорық жасайтын болды. Осы жерде Франция тарихын зерттеушілердің пікірлеріне құлақ түрсек, Ресей тарихшысы, академик Тарле «Дипломатия тарихы» деген кітапта орысша былай деп жазады: «Чтобы окончательно рассорить Павла с англичанами, Наполеон предложил царю стать великим магистром Ордена Мальтийских рыцарей и «подарил» ему остров Мальту... Павел относился сочувственно к такому союзу, так как лелеял план нашествия франко-русской соединенной армий на Индию. Он уже распорядился о выступлений казачьих частей численностью в 24 тыс. человек в Среднию Азию для разведки путей в Индию...».
Осындай жағдайда Англияның Петербургтегі елшісі Ч.Уитворт британдық дипломаттардың көмегімен орыс патшасының көзін жою жоспарын жасап, Ольга Александровна Жеребцова деген әйелдің көмегімен, оның ағасы граф Платон Зубовпен, Никита Панинмен және басқалармен құпия байланыс орнатады. «Дүниежүзі тарихы» деп аталатын көптомдықтың авторлары да академик Тарленің пікірін қолдайды. Олар былай деп жазады: «Поэтому внешнеполитические мероприятия усилили нарасставшее среди дворян недовольство и послужили толчком к организаций дворцового заговора. В нем участвовали видные сановники и столичное офицерство: о заговоре знал и наследник престола Александр Павлович. Имел связи с заговорщиками и высланный Павлом І из России английский посол в Петербурге Ч.Уитворт. Павел был убит в Михайловском дворце в ночь на 12-е марта 1801 г. Преемником его стал Александр І (1801-1825)». Зерттеуші ғалымдардың пікірінше І Павелдің өлтірілуі мен оның Үндістанға әскери жорық жариялауының арасында байланыс бар.
1990 жылы Мәскеу қаласынан «Цареубийство 11 марта 1801 года. Репринтное воспроизведение издания 1907 года» деп аталатын жинақ басылып шыққан. Жинаққа І Павелге қастандық жасалған кезеңде өмір сүрген адамдардың естеліктері енгізілген. Жинақтан Ресей империясы мен Англия арасындағы дүниежүзін отарлау мақсатындағы өзара бақталастық туралы және 1801 жылғы 11 наурыздан 12 наурызға қараған түндегі император І Павелдің өлтірілуі туралы біраз адамдардың естеліктерін оқуға болады. Солардың ішінде А.Саблуковтың естеліктері көңіл аударарлықтай. Онда мынадай деректер айтылады: «1801 жылдың 12 қаңтарында Дон әскерлерінің атаманы Орловқа Дон казак әскерлерін бастап Үндістанға жорыққа аттануға бұйрық беріледі. Олар 1801 жылдың 18 наурызында Еділ өзенінен өтеді, бірақ осы жерде император І Павелдің қаза тапқаны туралы хабар келіп жетеді».
І Павелдің өлімі мен оның Үндістанға жорыққа ұмтылуы туралы мәселені тарихшы-өлкетанушы, халықаралық «Шыңғыс хан» Академиясының академигі А.Оловинцевтің де еңбектерінен көруге болады. Ол өз мақаласында «Император І Павел Үндістанға жорық жасауды қолға алды. Ол үшін казак әскеріне басшы керек болады. Императордың кеңесшілері оған Дон казагі Платовтың кандидатурасын ұсынады. Көп кешікпей Платов І Павелдің алдына келтіріледі», деп жазады. 1801 жылдың қаңтар айында Платов бастаған Дон казактары Үндістанға жорыққа аттанады. Алайда 23 наурызда оларға Петербургтен қуғыншы келіп жетіп, І Павелдің өлтірілгендігін және оның орнына баласы І Александрдың император болғандығын, оның казактардың Үндістанға жорығын тоқтату туралы бұйрық бергенін жариялайды.
Тағы да бір деректерде Дон казактарынан құралған 40 полк және қалмақ полкі 1801 жылдың наурыз айында Үлкен Ырғыз өзеніне жетеді. Бұл әскер одан әрі Хиуа, Бұқара арқылы Индияға жол тартуы тиіс болатын. Алайда 1801 жылғы 11 наурызда І Павелдің өлтірілуі бұл жоспардың орындалуын тоқтатады. Олар елге қайтып оралады.
Келесі әңгіме Бөкей Ордасының құрылуы және оған Наполеон Бонопарттың қатысы туралы. Жоғарыда көрсетілген кітаптардағы естелік авторлары Бөкей Ордасының құрылуында Наполеон Бонопарттың рөлі болғандығы туралы сөз қозғайды. Тіпті, бұл шындықты Әулие Елена аралында (остров Святой Елены) айдауда болған кезінде Наполеон Бонопарттың өзі де мойындаған деп те айтылады. Олардың пікірінше, Бөкей Ордасын құру – Наполеон Бонопарттың 1801 жылғы Үндістанға жорық жоспарының бір тармағы. Дәлірек айтқанда, Бөкей Ордасы император І Павел мен Францияның Бірінші Консулы Н.Бонопарттың 1801 жылдың қаңтар айында жасаған біріккен континентаралық стратегиялық жоспары негізінде пайда болған. Екі ел басшыларының пікірінше Бөкей Ордасы – Үндістанға жорық жолында Ресей әскерлерін азық-түлікпен қамтамасыз ететін алғашқы стратегиялық база болуы тиіс. Екінші, үшінші базалар Арал теңізі маңайында, Хиуа хандығы жерінде орналасуы керек болатын.
Алайда Үндістанға жорықтың тоқтатылуына байланысты 2-3 базалар құрылмай қалды. Ал І база, яғни Бөкей Ордасы құрылып қана қоймай, 1809-1810 жылдардағы Ресей мен Франция арасындағы Орта Азияға бірлескен экспедициялар ұйымдастыру туралы құпия қол қойылған келісімге орай, І-Александр патшаның жарлығымен 1812 жылы Ресей құрамындағы хандық мемлекет болып қалыптасты.
Бұл жердегі тағы бір қызық жағдайды атап кетсек, Наполеон Бонопарт Бөкей хандығын құруға себеп туғызса, кейін Бөкей Ордасынан шыққан қазақ сарбаздары Ресей әскерлерінің қатарында Париж үшін шайқасқа белсене қатысып, ерліктерін көрсеткені тарихи парадокс.
Ресей империясы үшін Бөкей Ордасы құрылуының экономикалық және саяси тұрғыдан қажеттілігі соңғы 200 жылдан астам уақыт ішінде тарихта жан-жақты жазылып та, айтылып та келеді. Дейтұрғанмен Франция императоры Наполеонның 1801-1810 жылдардағы Орта Азия мен Үндістанға жорық жасау барысында стратегиялық база ретінде Бөкей Ордасын құру туралы идеясы – әлі күнге дейін тиісті дәрежеде зерттеле қойған жоқ.
Бөкей Ордасы құрылуындағы сыртқы факторлар туралы сөз қозғаған кезде тарихшы Б.Аспандияров туралы айтпай кетуге болмайды. Ол 1947 жылы «Бөкей ордасының құрылуы мен жойылуы» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғаған. Өкінішке қарай, ғалымның бұл диссертациясы бекітілмей қалған. Оның себептерінің бірі 1950 жылғы «Правда» газетінде жарияланған «За марксистско-ленинское освещение вопросов истории Казахстана» деген мақаланың әсері еді десек, артық айтқандық болмайды. Осы мақала негізінде Қазақстандағы біраз тарихшылар, әдебиетшілер және басқалар қуғынға ұшырады, сотталып, жер аударылды. Ал Б.Аспандияров ҚазКСР Ғылым Академиясына қарасты Тарих, этнография және археология институтынан жұмыстан шығарылды.
2007 жылы Б.Аспандияровтың «Образование Букеевской Орды и ее ликвидация» атты кітабы Алматы қаласында басылып шықты. Біздің пікірімізше, бұл еңбекпен танысқан тарихшының Бөкей Ордасының құрылу себептері туралы мәселенің әлі де жан-жақты зерттеуді қажет ететіндігіне көзі жеткендей болады.
Қорыта келе, Үндістанға бірлескен әскери жорық жасау туралы орыс-француз келісіміне сәйкес Наполеон Бонопарттың идеясымен Еділ-Жайық өзендерінің аралығында әскерлердің жолында стратегиялық база ретінде Бөкей Ордасы құрылды. Бұдан шығатын қорытынды: 1801 жылы қаңтар айында «Үндістанға жорық» атты екі жақты келісімге қол қойылмаса, онда әскерлердің тынығуы мен оларды азық-түлікпен қамтамасыз ету бағытында құрылуға тиісті Бөкей Ордасының дүниеге келуі де неғайбіл болатын.
Тағы бір қызығы – Наполеон мен Павел патшаның жоспары жүзеге асты:1815 жылға дейін Бөкей Орда қазақтары 47,2 мың жылқыны майданға өткізді. Үндістанға жорық жасауға көмектеспесе де, Парижді алуға бұйыртты!!!
Мінеки, Еділ-Жайық өзендерінің аралығында Ресей империясы мен отар ел Қазақстан арасындағы буферлік мемлекет – Бөкей Ордасы құрылуындағы басты сыртқы фактор осындай. Бөкей Ордасы құрылуының 220 жылдығына орай біз өз пікірімізді жариялай отырып, осы мемлекеттің құрылуындағы сыртқы факторды кеңінен ашып көрсету мақсатында Ресей, Франция және басқа да мемлекеттердегі архивтік деректермен толығырақ танысу қажеттігі туралы айтқымыз келеді. Тіпті Үндістанға бірлескен жорық барысында стратегиялық база ретінде құруды ұсынған Наполеон Бонопартқа, сол базаны құрушы Бөкей ханға кезінде Бөкей Ордасының орталығы болған Бөкейорда аулында мемориалдық тақта қойса да артық болмайды деген пікірдеміз.
Бұл мәселені тереңірек зерттеп, болашақта шығатын «Қазақстан тарихы» атты 7 томдық еңбекке қосу абзал. Сондықтан ғалымдардың назарын осы секілді тақырыптарға аударған жөн...
* * *
...Ал көшiп барған қазақтардың қоныстанған аумағы 70 мың шаршы шақырым шамасында болды, Iшкi Орда батысында Астрахань, солтүстiгi мен шығысында Саратов және Орынбор губернияларымен шектестi, оңтүстiгi мен оңтүстiк-шығысында Каспий теңiзi мен Жайық шекара шебiне барып тiрелдi. Әкiмшiлiк тұрғысынан алғанда Iшкi Орда Орынбор шекара комиссиясына бағынышты болды. 1801 жылы Жайықтың оң жағасына 5 мыңға жуық отбасы көшiп барды. Олардың басым көпшiлiгi таяуда ғана болып өткен көтерiлiске қатысқандар едi. Сырым Датұлы қазақтардың Жайықтың оң жағалауына қоныс аударуына қатты қолдау көрсеттi. Ол тiптi халық арасында атақонысқа көшу жөнiнде ықпалды үгiт жүргiздi.
Кейін Жәңгір хан өзiнiң қол астындағы халықтың сауатын ашу, Еуропа мәдениетi мен бiлiмiн енгiзу, өлкеде ислам дiнiн дамыту саласында қыруар жұмыс атқарды. 1835 жылы Жәңгiр ханның тiкелей нұсқауы бойынша мешiт ашылды, қазақ ауылдарындағы молдалардың санын арттырды. Олар хатшылық және рухани ұстаз мiндеттерiн қоса атқарды. Осы жөнінде Ресейдiң бегілі зерттеушi ғалымы А.Алекторовтың айтуына қарағанда, «хан бiрде-бiр рет намазын қаза қылмаған, жұма сайын сұлтандармен бiрге мешiтке барып тұрған, рамазан айындағы ораза кезiнде онда таң атқанша болып жүрген». Тіпті ол өз қаражатына дiни кiтаптар басып шығартты. Ал 1841 жылы ханның өз бастамасымен алғашқы зайырлы мектеп ашылды, онда орыс, араб, парсы тiлдерi, сонымен қатар математика, география,тарих, дiнтану пәндерi де оқытылды. Ол мектептiң бүкiл шығынын өз қаржысының есебiнен өтеген, қазақ балаларының Ресейдiң мықты оқу орындарында оқуын жақтап қана қойған жоқ, сонымен қатар балаларды Санкт-Петербургте, Мәскеуде, Астраханда, Саратовта, Қазанда және Орынборда оқытуға жеке өзi көп күш-жiгер жұмсағаны тарихтан белгілі. Мәселен, өзiнiң қол астындағы халықтың дарынды балаларын оқыту үшiн Орынбордағы Неплюев кадет корпусынан 10 орын берiлуiне қол жеткiзген, Бөкей Ордасына барып оқығандардың бiрқатары кейiнiрек көрнектi инженерлер, орманшылар, әскери қызметшiлер, ғалымдар ретiнде даңққа бөлендi... Жәңгiр хан барлық жерде iс қағаздарын жүргiзу тәртiбiн енгiздi, жеке өзiнiң архив қызметiн құрды, денсаулық сақтау саласында хан жұқпалы ауруларға қарсы егу практикасын енгiздi. Ханның күш-жiгер жұмсауы арқасында Iшкi Ордада аурухана және дәрiхана ашылды, ол бiрiншi болып Iшкi Орданың топонимикалық және географиялық картасын жасап, қару-жарақ палатасын ашу жөнiнде де бастама көтердi. Онда сирек кездесетiн қару-жарақ түрлерi, соның iшiнде орыс патшаларының қазақ хандары мен сұлтандарына сыйға тартқан мылтықтары мен қылыштары да болды, қымбат бағалы, әшекейлi ер-тұрмандар, ат әбзелдерi, жүгендер, сауыттар, дулығалар, қалқандар сақталды. Қару-жарақ палатасында Жәңгiр хан өзi бас болып, экскурсиялар өткiзiп тұрды, тiптi Хан ордасы жанындағы мектептiң оқушыларынан өзi емтихан қабылдап та жүрдi. Белгiлi зерттеушi М.С. Бабажанов ханның енгiзген жаңалықтары туралы былай деп жазды: «Петербург, Орынбор, Мәскеу, Астрахань және Саратов қалаларына барған сапарларында хан өзiмен бiрге бiраз адамды жанына ертiп жүрдi. Ондағы мақсаты – өзге елдiң жетiстiктерiн қазақтарға өз көздерiмен көрсету. Хан Ордаға ағаш шеберлерiн, алтын-күмiс зергерлерiн, темiр ұсталарын шақыртып, қазақ балаларын шәкiрттiкке бердi». Хан мерекелерде Ордада отшашулар ұйымдастырды, хайуанаттар бағын шақырды. Ол үйiне бильярд орнатты. Ордада iшiмдiк iшуге үзiлдi-кесiлдi тыйым салды. Бөкей Ордасының билеушiсi көшпелi қазақтардың отырықшылық өмiр салтына көшуiн қолдап, көтермелеп отырды, шөп шабуды үйреттi. Мал тұқымын асылдандыру iсiне де белсене араласты: осы мақсатпен Кавказдан және орыс зауыттарынан асыл тұқымды жылқылар алдырды. Олардың бiрқатарын төңiрегiндегiлерге сыйға тартты. Ресейдiң еуропалық бөлiгiнен ауыл шаруашылық құрал-саймандарын көптеп жеткiзуге нұсқау бердi. Жәңгiр ағаш отырғызу iсiне көп көңiл бөлдi: оның тiкелей нұсқауы бойынша 50 мың гектар жерге ағаш отырғызылып, көгалдандырылды. Сөйтiп, бiр кездегi құм басқан шөл дала гүлденген алқапқа айналды... Аталған шаралардың арқасында Ордада қылмыс жасау деген атымен болған жоқ. Мәселен, 1889 жылы Бөкей Ордасында бiрде-бiр iрi қылмыс оқиғасы тiркелмеген. Бәрінен де қымбаты – осы өңірде ресми түрде Қазақ хандығы 1845 жылға дейін өмір сүрді...
Зиябек ҚАБЫЛДИНОВ,
ҰҒА корреспондент-мүшесі, профессор,
Аманкелді Шамғонов,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті қауымдастырылған профессоры