• RUB:
    5.49
  • USD:
    477.14
  • EUR:
    521.28
Басты сайтқа өту
Саясат 12 Шілде, 2021

Парламент депутаттары – өңірлерде

186 рет
көрсетілді

Сенатор Сергей Ершов Қарағанды облысындағы сапарын ұшқыштар құрамын даярлау жөніндегі авиациялық оқу орталығына барудан бастады, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.

Депутат онда әскери бөлімдердің қызметімен танысып, әскерилерге өткен сессия барысында Сенат қабылдаған заң жобалары туралы айтып берді. Ол бірқатар заң әскери қызметшілердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсартуға бағытталғанын атап өтті.

Сергей Ершов сонымен қатар артил­лериялық бригада қыз­мет­керле­рімен, сондай-ақ Приозерск қала­­сындағы өрт сөндіру және ава­риялық-құтқару жұмыстары қызметінің қыз­меткерлерімен әңгімелесті.

«Бұл бөлімше барлық заманауи талаптарға толық сәйкес келеді. Қызмет жылдам жүзетін құтқару катерлерімен, сүңгуір және суда құтқару жабдықтары мен құралдардың жаңа үлгілерімен жабдықталған», деп атап өтті Сергей Ершов.

Сенатордың мәслихат депутаттарымен және аймақ басшылығымен кездесуі барысында ынтымақтастықты күшейту және бірлескен жұмысты үдетудің маңызы туралы сөз болды.

 

* * *

Мәжіліс депутаттары Жәмилә Нұр­манбетова, Елдос Абақанов, Динара Зәкиева елордадағы бірқатар әлеуметтік нысанда болды, деп хабарлады төменгі Палатаның баспасөз қызметі.

 «№1 көпбейінді қалалық балалар ауруханасы» аясында құрылған Қазақстан Республикасы Тұңғыш Пре­зиденті Қорының «Қамқорлық» сауықтыру орталығында Парламент өкіл­дері ерекше қажеттілігі бар балаларды қолдау мәселелерінің қалай шешіліп жатқанына көз жеткізді. Аталған орталық мамандары әрбір бала үшін оның ауруының ерекшелігін ескере отырып, жеке бағ­дарлама дайындайды. Балалармен неврологтер, дефектологтер, психологтер жұмыс істейді. Балалардың денсаулық жағдайын қалпына келтіру үшін заманауи технологиялар пайдаланылады. Өткен жылдың желтоқсан айында құрылған орталықта қазірдің өзінде 300-дей бала сауықтырудан өтті. Ал жалпы жыл бо­йына 600-дей баланың ем қабылдау мүмкіндігі бар.

Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени да­му комитетінің төрағасы Жәмилә Нұр­манбетованың айтуынша, Қазақ­станда тұрақты сауықтыруды қажет ете­тін 90 мыңнан астам бала бар. Ел­басының бастамасымен осындай орталықтар бүкіл республика бойынша құрылуда. Бұл – Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасындағы негізгі басымдықтардың бірі. Елімізде ин­клюзивті қоғамды дамыту үшін депутаттар бірқатар заң жобасы бойынша белсенді жұмыс атқаруда.

Сондай-ақ депутаттар 1200 орынды мектеп құрылысының жұмыс барысымен танысып, Нұр-Сұлтан қаласындағы бірқатар спорт-сауықтыру кешенінде болды.

Павлодар облысына сапар барысында Мәжіліс депутаттары, Nur Otan партиясы фракциясының мүшелері Айгүл Нұркина, Анатолий Бойчин және Вера Ким Екібастұз қаласында «RWA Wheelset» ЖШС кәсіпорнының жұмысшыларымен кездесті. Зауыттың технологиялық мүмкіндіктерін, сондай-ақ өндірлетін өнімге сұранысты ескере отырып, депутаттар жалақыны көтеру және жастар әлеуетін тиімді пайдалану мәселелеріне баса назар аударды. Айгүл Нұркинаның айтуынша, өндіріс орнында жас мамандардың кәсіби өсіп-жетілуі үшін барлық жағдай жасалған.

Мәжіліс депутаттары, Nur Otan фрак­циясының мүшелері Альберт Рау, Самат Акишев, Әлия Сапарова және Екатерина Смышляева партияның сайлауалды бағдарламасының орындалу барысымен танысу кезінде Рудный қаласындағы 60 пәтерлі екі тұрғын-үй құ­рылысымен танысты. Бұл үйлер әлеуметтік жағынан аз қамтылған 120 отбасын баспанамен қамтамасыз етеді деп күтілуде. Құрылыс жұмысы би­ылғы жылдың соңында аяқталады деп жоспарланған. Кездесуде депутаттар бірқатар өзекті мәселені талқылады. Әсіресе құрылыс материалдарының қымбаттауы, құрылыс қарқынының баяулығы назар аударарлық. Мәселен, жалға берілетін пәтерге 3 мың адам кезекте тұр, ал осы жылы тек 120 пәтер ғана пайдалануға беріледі. Көптеген мәселе тұрғын үй саясаты туралы тұжы­рымдамада қамтылған. Ол күзде Мәжі­лісте қаралатын болады.

Депутаттар атап өткендей, Рудный қаласында партияның сайлауалды уәделерінің уақытында орындалуына ешқандай кедергі жоқ. Баспана мәселесі жоспарланған уақытта шешімін таппақ.