• RUB:
    5.49
  • USD:
    477.14
  • EUR:
    521.28
Басты сайтқа өту
Тарих 12 Шілде, 2021

Мұқановтың жазу машинкасы

657 рет
көрсетілді

Алматыдағы С.Мұқанов музей-үйінің мемо­риалдық бөлімінде, жазушының жұмыс каби­нетінде, келушілердің назарын аударатын ерекше экспонат жазушының Cоntinental Cosmos атты жазу машинкасы тұр.

1960 жылы сатып алынған. Материалы: металл. Жасалу тех­­никасы: зауыттық. Көлемі: ұзын­­дығы – 27 см., ені – 28 см., биіктігі – 9 см. Қазақша, орысша қаріптермен жабдықталған. Бұл машинкамен жазушының еңбектерін жеке хатшысы Майра Жансаева басқан. 1979 жылы жазу машинкасын музейге М.Жансаеваның жұбайы С.Жансаев табыстаған. Жансаева Майра Дінмұхаметқызы 1909 жылы Қызылжар қаласында дүниеге келген. Ақын, аудармашы, С.Мұқановтың машинисткасы болған. 1915 жылдан 1918 жылға дейін молдадан оқып хат танып, Петропавл қаласындағы қазақ мектебін 1942 жылы біті­ріп шықты. 1934 жылдан Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет бас­пасында редактор болып істей жүріп, cол кезде жазған өлеңдері облыстық, республикалық газет-журналдарда, ұжымдық жи­­нақтарда жарияланған. Ал­ғаш­қы жыр топтамасы 1949 жы­лы «Жастар дауысы» атты рес­пуб­­ликалық жас ақындардың жинағында жарияланған. 1951 жылы «Ана жүрегінен» атты жеке өлеңдер жинағы жарық көрген. М.Жансаева татар жазушысы Г.Башировтың «Намыс» романын (1952), т.б. татар жазушыларының шығармаларын қазақ тіліне аударып, «Татар әңгімелері» (1954) деген атпен жеке кітап болып басылған. 1948 жылдан бастап жазушы, академик С.Мұқановтың жеке машинисткасы болып, 25 жыл жұмыс атқарған. С.Мұқанов, негізінен, төте жазумен жазған, жазу машинкасын өзі пайдалана білмеген. М.Жансаеваға ес­кертулерді қолымен жазып қал­дырып отырған. 1948 жылдан бері М.Жансаеваның қолынан С.Мұқановтың «Саяхаттар», «Сыр­дария» (1948), «Туған жер­дің тыңында» (1955), «Тыңда тұн­ған байлық» (1957), «Қашқар қызы» (1958), «Алыптың адымдары» (1959), «Өсу жолдарымыз» (1960), «Замандас туралы аңыз» (1961), «Жарқын жұлдыздар» (1964), «Сәкен Сейфуллин» (1964), «Өмір мектебі» авто­био­графиялық трилогиясы (1949–1964), «Халық мұрасы» (1974) қазақтың ұлы ағартушы-ғалымы Ш. Уәлихановтың өмірі мен шы­ғар­машылығына арналған «Ақ­қан жұлдыз» романы (1967–1970, аяқталмаған) осы жазу ма­шин­касында басылған. Майра Жан­саеваның жазушыға жазған жеті хаты «Мұқановтың хатханасы – Письмотека Муканова» хаттар жинағында (2018, Құрас­тыр­ған, жауапты редакторы Ә.Қайыр­беков) жарық көрді. Музей қо­рында Майраның бірнеше фото­суреті сақталған.

 

Анар КӨШЕРБАЕВА,

С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешенінің кіші ғылыми қызметкері